Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Шағын отанның шырқы неден бұзылады?

Шағын отанның шырқы неден бұзылады?

Тағылымды тарихымыздан сыр шертіп, әлем әдебиетінде жылулық пен сыйластықты сезіндіре білген биік шоқтық – махаббат тақырыбы. Ішкі ойдан тәтті сезімге жетіліген мұндай керуеннің қай кезде, қандай жолмен келерін ешбір тұлғаның дәлелдеуге қауқары жетпеген. Махаббат бақытына асық болған «Қыз жібек пен Төлеген», «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» атты дастандардан оқығанымыздай, бұл жалынның арбауы да, өзіне баурап алуы да үлкен тосынсыйларға толы. Өмірде ғашықтық отын жандарып, сүйіп қосылған жандарды көріп, естіген жаннан да құлағдармыз. Дегенмен осы тәтті сезім тағдыр талайына шыдас бере ала ма?
Бұл мөлдір махаббаттың бастауы ғана. Ал адал сезіммен басталған өмірлік сапардағы қазақ халқының даналығы өнегеге толы суреттеумен жалғасын тауып жатады. Өткенге көз жүргізсеңіз, ешқай уақытта ажырасу мәселесінің болмағанына куә бола аламыз. Оған дәлел – «әмеңгерлік» дәстүрі. Жалғыз басты әйел атаулысының қаңыраған күйде күн кешуіне, келте ғұмырда панасыз қалған жетім балалардың жетесіз өспеуіне қиғаш қарсылығын көрсеткен.
Алайда, күйбең тірліктің тізбегі мен алапат тұрмыс-тіршіліктің тарылуымен толғаулы махаббат айнасына дақ түсіріп жүргендерді де көріп, еселі хабардан естуге үйреніп-ақ кеттік. Жас жеткіншекті жетім етіп, есті әйелді жесір қылмақ – саналы ерді сұрықсыз әрекеті.
Иә, некеден кейін де қилы тағдыр бар. Соның ішінде дәл осы ажырасу фактысының көбеюі көптің көңілін күпті етуде. Бұл көрсеткіш тіпті әлем елдерінің көшін бастаған. Статистикалық деректерді зерттеумен айналысатын халықаралық World Population Review сайтының мәліметінше Қазақстанда әрбір төртінші отбасының іргесі ажырайды екен. Себеп неде?
Себеп өте көп. Қазақстандық Қоғамдық даму институтының бас-қарма төрағасының орынбасары Әсем Қайдарова:
– Кәмелет жасқа толмай үйленгендер уақыт өте келе барлығын балалықпен істегенін түсініп, өкінеді. Өйткені осындай некелердің соңы ажырасумен аяқталады. Пси¬хологиялық жағынан әлі жетілмеген бала отбасылық өмірге дайын болмайды, – десе, психолог Ержан Мырзабаевтың айтуынша, өтпелі шақта отбасын құру дұрыс емес. "Жастар отбасылық өмірдің тек сезімнен құралатын дүние емес екенін білмейді. Аштық пен жоқтықта есіктен кіргенде махаббат пен сүйіспеншілік терезеден шығып кетеді. Отбасы екі тараптан құрылғандықтан, жауапкершілік бірдей түседі. Бұл жерде ұлға да, қызға да дұрыс бағыт-бағдар берілмеген. Сондықтан қыздардың білім деңгейін арттырып, ерте жастағы некеден келетін кесапаттар жөнінде, кәмелеттік жасқа жетпей жыныстық қатынасқа түсудің зияны жайында жан-жақты үгіт-насихатты күшейту қажет. Бастапқыда отбасылы болу жайлы ой болмаған жастар амал жоқтан үйленеді. Бұл мәселеге заңды түрде шектеу қою керек. Ерте үйленген күннің өзінде отбасылық өмір өте көп энергия мен көңіл бө¬луді талап етеді. Сол үшін адам өміріндегі базалық қажеттіліктерді шешіп алмай үйленсе, отбасына тиісті көңіл бөле алмайды, – дейді ол.
Ал мына бір себепке қараңыз. Расында қажеттілікке байланысты да осындай қадамға баратынына көз жеткізу қиын емес. Мұның да соңы ерте қиылған некеге келіп тіреледі. Дипломсыз қыздар жұмысқа тұра алмайды. Осыдан кейін жолдасына немесе туысына қаржылай тәуелді болады. Орын алған қиындықты шешу үшін амалсыз келісіп ажырасуға тура келеді. Жастардың баспаналы болуына арналған мемлекеттік бағдарламаға қатысу үшін осы қадамға барады. Мәселен, 2019 жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылғаннан кейін елде ажырасу көрсеткіші күрт көбейген. Осыған байланысты жақында бұл бағдарлама шарттарынан толық емес отбасы санаты алынып тасталып, жетім балалар, 1 және 2-ші топтағы мүгедектігі бар адамдар санаты енгізілді. Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Қабдолдың мәліметінше, «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылған сәттен бастап әкімдіктерде толық емес отбасы санаты бойынша кезекте тұрғандар саны 72%-ға артқан. Бұл басқа кезекте тұрған санаттардан әлдеқайда көп. «Бақытты отбасы» бағдарла¬масы бойынша өтініштердің 50%-дан астамы осы санаттан келіп түсті, оның 35%-ы жеңілдетілген қарыз алды.
Баспана нарығының сарапшысы Ұлан Дәулетқалидың да пікірі осыған анық дәлел бола алады. «Баспана алу үшін жолдасыммен ажырастым» деп әлеуметтік желіде жекеме жазатындар көп. Олар пәтер алу үшін осындай шарасыздыққа барады. Енді «Бақытты отбасы» бағдарламасының шарттарын өзгертсек, шынайы қамқоршысынан айырылған отбасыларға таяқтың екінші ұшы тиіп кетуі мүмкін. Бұған қоса, жылдар бойы баласына бір тиын алимент ала алмай зар болып жүрген жандар қаншама. Сондықтан алдағы уақытта ел үкіметі «Толық емес отбасы» санатын реттейтін дұрыс механизм қарастыруы керек" – дейді.
Бұл ел көлеміндегі көрсеткіштер. Ал аудандағы ахуал қалай?
Аудандық АХАТ бөлімінің дерегінше 2022 жылы 399 неке қиылып, 24 неке бұзу дерегі тіркелсе, былтыр 237 неке қиылып, неке бұзу дерегі 13-ті құраған.
Ал аудандық сотында 2023 жылы неке бұзу туралы 140 талап қою қаралса, оның 88-і қанағаттандырылған. Ал биыл алғашқы 6 айда 55 талап қою қаралып, 35-і қанағаттандырылған.
Жалпы Қазақстан қоғамдық даму институты жүргізген зерттеу нәтижесінде ажырасудың жиі таралған себептері ретінде ерлі-зайыптылардың бірінің опасыздық жасауы, екінші отбасының пайда болуы, туыстарының отбасылық өмірге араласуы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, маскүнемдік, қызғаныш, жұмыссыздық, қаражат және баспана мәселелері аталған. Тұрмыстық зорлық-зомбылық та көп әйел адамның отбасынан кетуін, ажырасу үшін арыз жазуының себебіне айналып отыр.
Расында біз айтып отырған себептер тек бірі ғана. Отбасының ойрандалуына, кіші Отанның ойыншыққа айналуына әкеп соқтырар салдар көп. Бірі тоңып секірген қоғамда тойып секіретіндер де қаншама?! Сондай жағдайдың құрбаны болған шаңырақ, тірі жетім бала мен жесір атанған аналар, істің ақыры тығырыққа тіреген отбасы, масыл еркек пен мен-мен әйел, біреудің қолына қараған балақайлар ортамызда да бар.
Осы мәселе тұрғысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды. Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын» деген болатын. Соның аясында қазақ қоғамын дүр сілкіндірген Салтанаттың қазасынан кейін отбасылық-тұрмыстық қатынастар аясындағы құққа қарсы әрекеттер қылмыстық іс ретінде танылатын болды.
Түйін: Иә, отбасы – шағын мемлекет. Ендеше жастар арасындағы ажырасу көрсеткішін азайтқымыз келсе, ең бірінші жас отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсетуіміз керек. Сонда ғана бақытты отбасы қатары артады. Әдетте, бақытты отбасы дегенде көпшіліктің көз алдына қайратты әке, мейірімді ана, жадыраған балалар келеді. Шынында да адамдардың бір-біріне деген сыйластығы, махаббаты, құрметі мен сүйіспеншілігі болса жетіп жатыр.
О. ЖЕКСЕМБАЙҰЛЫ

Сурет: zhaikpress.kz
13 тамыз 2024 ж. 260 0