Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » КамАЗ-дағы АҚШ елшісі

КамАЗ-дағы АҚШ елшісі

Жүйткіген жеңіл көлікпен жетпейтін жер жоқ. Бүгінде ел мен жерді аралап жүрген біз үшін бұл таңсық дүние емес. Тек сақ болсақ жетіп жатыр. Қазақстан ғана емес, шетел асып барып-келіп жатамыз. Алайда сіз КамАЗ көлігімен шетел асуға болады десе сенесіз бе? Ал біздің бүгінгі айтпағымыз көпшіліктің көңілі сенбейтін жағдайды ақиқатқа айналдырған жан. Ендеше тікелей тақырыпқа көшейік.
Сол уақыттағы АҚШ-тың Ресейдегі елшісі Томас Пикеринг пен Хамидулла Қайырлаповтың кездесуі адам айтса сенгісіз кереметпен аяқталады деп ешкім ойламаған болар. Томас ұшақпен ұшқаннан гөрі, көлікпен саяхаттағанды ұнатады екен. Сол Томас 1995 жылдың жазында Алматы қаласындағы АҚШ-тың елшісі, американдық досы¬на көлікпен келеді. Мәскеуге қайтар жолында ол біздің кейіпкеріміз Хамидулла Қайырлаповты май құю бекетінде кезіктіреді. КамАЗ тізгіндеген Хамидулла май құю бекетіне келген бойда Аралдан бұрын-соңды кезікпеген көлікті көріп, «жолаушы екен» деп жорамалдады. Астындағы қымбат шетелдік көлік оның қарапайым адам емес екендігін байқатып-ақ тұрды. Сөйткенше болмады, көліктен түсіп өзіне қарай беттеген қос шетелдік азамат жанына жақындап, бірі ағылшын тілінде, бірі орысша сәлемдесіп, қолын берді. Орысша тіл қатқан Томастың тілмашы Стивен. Сәлемдескен бойда Стивен орысшалап:
– Мен – Стивен. Мына кісі АҚШ-тың Ресейдегі елшісі Томас Пикеринг. Алматыдан Мәскеуге кетіп барамыз. Бірақ екі көлігіміздің біреуі жүруге жарамай келеді. Осында оны жөндейтін жер бар ма? – деп әңгімесін бастап кетті.
Өзі ауылда туып, ауылдағы қазақы мектептен білім алса да, Хамидулла орысша сауатты болатын. КСРО кезінде ол бармаған жер қалмаған. Мәскеу, Брянск, Омск, Рига, Ферғана, Түрікменстан қалаларын түгелдей арала¬ған ол Карабах пен Қара Балтыны жатқа білетін. Омскге айына бір баратын оның тілге жүйріктігі де анық байқалады. Тіпті бір айлық жалақысын қазақша және орысша газет-журналға жазылуға түгелдей шығындайтын. Аудармашыға:
– Ондай орын Аралдан табылмайды. Бірақ, алдыңызда Ақтөбе қаласы бар. Сол жерден іздеген¬деріңіз дұрыс болар, – деді.
Хамидулланың қысқа ғана қайырған жауабын естіген Стивен елшіге ағыл-шын тілінде жеткізіп еді, елші Стивеннен Ақтөбеге қалай жеткізуге болатынын сұрауды өтінді.
Егемендікке енді қол жеткізгене халықтың жағдайы мәз емес. Тек көлікті алып баруға қауқары жететін, бұрын-соңды алыс сапарға шығып жүрген жалғыз жүк көлігін Хамидулла тізгіндеген. Бұл да Аралдағы кеме жөндеу зауытының теңгерімінде. Осыны ес¬кер¬¬ген Хамидулла екеуін ертіп, сол кездегі зауыт бас¬¬шысы Талап Шалмановқа алып келді. Мән-жай¬ды түсінген Талап Шалманов кейіпкерімізге қарап:
– «Жол азабын жүрген біледі» дейді ғой. Не істейміз. Мен саған жолдама жазып берейін, Ақтөбеге дейін жеткізіп тастаймысың? – дейді. Қашанда көмекке құштар ол да келісе кетті. Осылайша жолдаманы қолына алған Хамидулла бұзылған көлікті КамАЗ-ға тиеп, екіншісін соңына ертіп жолға аттанды. Жанында жүйрік көлік болса да, әр нәрсеге қызығушылықпен қарайтын Томас жанына Стивенді алып КамАЗ-дың ішіне отырады.
Жазық даланың әр бұтасы мен кең даланы, топырақты алқапты қызықтап келе жатқан қос шетелдік қызықтың алда екенін сезбеген еді. Жүк көлігімен қатарласа жолға шыққан жанындағы шетелдік көлік бұлардың алдына түсіп кеткен болатын. Бұл уақыт жол күзеткен бұзақылар мен қарақшылықтан пайда тапқандардың белсенді кезі. Міне, солар жол бойына көлденең тастал¬ған кедергінің барын айтып, елшінің рациясына хабар береді. Мұны естіген кәнігі Хамидулла дереу кейін қайтып, соңынан еріп отыруды тапсыр¬ды. Осылайша серігінің алдына түскен жүк көлігі кедергіні бұзып өтіп, жанындағы екінші авто¬көлік¬тегілерді де тонаушылардан аман алып қалады. Бірақ, қасындағы көліктің дөңгелегі кедергінің кесірінен жарылып, бұл аумақтан ұзап кеткенше сол жарылған дөңгелекпен жүруге тура келді.
Осынау жол машақатын көрген, жүргізушінің шеберлігі мен жүректілігіне тәнті болған амери¬калық екеу «нағыз азамат» деп арқадан қағып, мүмкіндігінше Ақтөбеге емес, тура Мәскеуге жеткізуге қолқа салады.
Жолдаманың уақытына тағы бір қарап, бұған дейін де бірнеше рет барған жеріне жететін уақытты есептей келе, «Кім білсін, мүмкін Мәскеуге соңғы рет баратын шығармын, мұндай мүмкіндік күнде бола бермейді» деп күледі. Осылайша Ресей астанасының төріндегі елшілік үйінен бір-ақ шығады. Хамидуллаға риза болған Томас Пикеринг өзінің телефон нөмірін беріп:
– Аралға жеткен соң амандығыңды білдір. Хабарласып тұр, – деп қонағы етіп сыйлап, шығарып салады.
Хамидулла Қайырлапов долларды да осы сапарында қолға ұстап көрген екен. Елшінің берген 1000 доллар сыйлығына Мәскеуден теледидар алып келген. Сол теледидарды бүгінде балалары әкесінің көзі ретінде әлі күнге дейін қара шаңырақта сақтап келеді.
Хамидулла Қайырлапов жайлы айтар сөз көп. Алайда оның АҚШ елшісін тасымалдауы ешкім қайталай алмайтын жағдай.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
27 тамыз 2024 ж. 2 737 0