Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АҚШ елшісінен алғыс алған аралдық азамат

АҚШ елшісінен алғыс алған аралдық азамат

Ел арасында жұрт естімеген қызық көп. Жақында осындай қызық деректің бірін құлағым шалып қалды. Бір кездері әріптес болған ағалардың бірінен өзінің әкесі жайлы естелік әңгімесін естіп, көңілім елең ете қалды. Журналистік қызығушылығым маза бермей, кейіннен әкесі жайлы кеңінен ақпарат алу үшін қоңырау шалдым. Ағамыз да келісе кетті. Қарапайым ғана шопыр болған азамат шетелдік елшіні Мәскеуге көлігімен жеткізіп салған. Ол ісі бүгінде ұрпағы үшін үлкен мақтаныш. Себебі жеңіл көлік емес, жүк көлігімен жүріп-ақ осындай жағдайға кезігіпті. Сонымен, оқиға былай басталған.
Оңталап ЖОЛДАСОВ

Оқиғаны баяндап берген Нұр Қайырлапов АҚШ-тың Ресейдегі елшісі Томас Пикеринг ұшақпен ұшқаннан гөрі, көлікпен саяхаттағанды ұнатады екен дейді. Сол Томас 1995 жылдың жазында сол кездегі Қазақстанның астанасы Алматы қаласындағы АҚШ-тың елшісі, американдық досы­на көлікпен келеді. Мәскеуге қайтар жолында ол біздің кейіпкеріміз Хамидулла Қайырлаповты май құю бекетінде кезіктіреді. КамАЗ тізгіндеген Хамидулла май құю бекетіне келген бойда Аралдан ешқашан кезікпеген көлікті көріп, «жолаушы екен» деп жорамалдады. Астындағы қымбат шетелдік көлік оның қарапайым адам емес екендігін байқатып-ақ тұрды. Сөйткенше болмады, көліктен түсіп өзіне қарай беттеген қос шетелдік азамат жанына жақындап, бірі ағылшын тілінде, бірі орысша сәлемдесіп, қолын берді. Орысша тіл қатқан Томастың тілмашы Стивен еді. Сәлемдескен бойда Стивен тағы да орыс тілінде:
– Мен – Стивен. Мына кісі АҚШ-тың Ресейдегі елшісі Томас Пикеринг. Алматыдан Мәскеуге кетіп барамыз. Бірақ екі көлігіміздің біреуі істен шығып келеді. Осында оны жөндейтін жер бар ма? – деп әңгімесін бастап кетті.
Өзі ауылда туып, ауылдағы қазақы мектептен білім алса да, Хамидулла орысша сауатты болатын. Тіпті бір айлық жалақысын қазақша және орысша газет-журналға жазылуға түгелдей шығындайтын. Аудармашыға:
– Ондай орын Аралдан табылмайды. Бірақ, алдыңызда Ақтөбе қаласы бар. Сол жерден іздеген­деріңіз дұрыс болар,  – деді.
Хамидулланың қысқа ғана қайырған жауабын естіген Стивен елшіге ағыл­шын тілінде жеткізіп еді, елші Стивеннен Ақтөбеге қалай жеткізуге болатынын сұрауды өтінді.
Тәуелсіздікке қол жеткізгеніне аз ғана уақыт болған халықтың сол жылдардағы жағдайы мәз емес еді. Тек көлікті алып баруға қауқары жететін, бұрын-соңды алыс сапарға шығып жүрген жалғыз жүк көлігін Хамидулла тізгіндеген. Бұл да Аралдағы кеме жөндеу зауытының теңгерімінде. Осыны ес­кер­­ген Хамидулла екеуін ертіп, сол кездегі зауыт бас­­шысы Талап Шалмановқа алып келді. Мән-жай­ды түсінген Талап Шалманов кейіпкерімізге қарап:
– «Жол азабын жүрген біледі» дейді ғой. Не істейміз. Мен саған жолдама жазып берейін, Ақтөбеге дейін жеткізіп тастаймысың? – дейді. Қашанда көмекке құштар ол да келісе кетті. Осылайша жолдаманы қолына алған Хамидулла бұзылған көлікті КамАЗ-ға тиеп, екіншісін соңына ертіп жолға аттанды. Жанында жүйрік көлік болса да, әр нәрсеге қызығушылықпен қарайтын Томас жанына Стивенді алып КамАЗ-дың ішіне отырады.
Жазық даланың әр бұтасы мен кең даланы, топырақты алқапты қызықтап келе жатқан қос шетелдік қызықтың алда екенін сезбеген еді. Жүк көлігімен қатарласа жолға шыққан жанындағы шетелдік көлік бұлардың алдына түсіп кеткен болатын. Бұл уақыт жол күзеткен бұзақылар мен қарақшылықтан пайда тапқандардың белсенді кезі еді. Міне, солар жол бойына көлденең тастал­ған кедергінің барын айтып, елшінің рациясына хабар береді. Мұны естіген кәнігі Хамидулла дереу кейін қайтып, соңынан еріп отыруды тапсыр­ды. Осылайша серігінің алдына түскен жүк көлігі кедергіні бұзып өтіп, жанындағы екінші авто­көлік­тегілерді де тонаушылардан аман алып қалады. Бірақ, қасындағы көліктің дөңгелегі кедергінің кесірінен жарылып, бұл аумақтан ұзап кеткенше сол жарылған дөңгелекпен жүруге тура келді.
Осынау жол машақатын көрген, жүргізушінің шеберлігі мен жүректілігіне тәнті болған амери­калық екеу «нағыз азамат» деп арқадан қағып, мүмкіндігінше Ақтөбеге емес, тура Мәскеуге жеткізуге қолқа салады. Жолдаманың уақытына тағы бір қарап, бұған дейін де бірнеше рет барған жеріне жететін уақытта есептей келе, «Кім білсін, мүмкін Мәскеуге соңғы рет баратын шығармын, мұндай мүмкіндік күнде бола бермейді» деп күледі. Осылайша Ресей астанасының төріндегі елшілік үйінен бір-ақ шығады. Хамидуллаға риза болған Томас Пикеринг өзінің телефон нөмірін беріп:
– Аралға жеткен соң амандығыңды білдір. Хабарласып тұр, – деп қонағы етіп сыйлап, шығарып салады.
Хамидулла Қайырлапов долларды да осы сапарында қолға ұстап көрген екен. Елшінің берген 1000 доллар сыйлығына Мәскеуден теледидар алып келген. Сол теледидар әкесінің көзі іспетті әлі күнге дейін қара шаңырағында сақтаулы тұр.
Мәскеуге барып қайтқан астындағы КамАЗ-ы Хамидулла ағаға 14 жыл жолдасы болған. Әскерден келген күннен көлік тізгіндеген ол 1982 жылы осы кеме жөндеу зауытына ауысып келгеннен КамАЗ-ға отырады. Сол жылдан бастап жабдықтау бөлімінің басшысы болған Марат Сексенбаев:
– Хамидулла менімен көп жыл жұмыстас болды. Кеме жасау үлкен жұмыс. Зауытта 1800 адам жұмыс істеді. Солардың барлығы бірдей еңбекқор жан еді. Десе де Хамидулланың еңбекқорлығын ерекше айтар едім. Кеме жасау үшін жабдықты әр қаладан алдырамыз. Жұмыс тоқтап қалмау үшін барлығы сақадай сай болу керек. Өйткені жоспарды орындау – міндет. Міне, сол жабдықты тасымалдау үшін Хамидулла Қазақстанның қалала­рын қоспағанда, Кеңес Одағы құрамындағы он бес мемлекеттің барлығында болды. Оның көлікті жүргізу шеберлігі жайлы бір естелік айта кетейін. Екеуміз кеме моторын алып келу үшін Шымкентке бардық.  Затты тиеп алып, жолға шыққалы тұрғанда Шымкент вокзалынан жүрдек пойыз жүргелі тұрған. Пойызға отырмай КамАЗ-бен қайттым. Бірақ жол бойына қорқумен болдым. Жүк көлігін осынша жылдам жүргізуге де болады ма деп отырғанымда, Аралға жүрдек пойыздан бұрын жеттік. Ол кездегі жолдың сапасын білетіндер арғы жағын түсіне берер, – деп күле еске алды. Марат аға өз сөзінде кейіпкердің қазақы қасиетіне де тоқтала кетті.
– Бірде адал қызметі мен тынымсыз еңбегі үшін үй алуға көмек жасадым. Тіпті жыл сайынғы еңбек демалысын да сұрамайтын азаматқа жаса­ған қызмет құрметпен тең ғой. Үйдің бұрынғы иесі орыс әйел болатын. Ауласы жайқалған жеміс аға­шы еді. Жүзімінің дәмі таңдайдан кетпейтін. Сол үйді Хамидулла сатып алғаннан соң іссапарға кет­тім. Келген бойда үйіне келгенде жеміс ағашын тап­пай қалдым. Барлығын шауып, орнына киіз үй тігіп қойыпты. Ал түйе жүзімді алаңсыз жеп тұрды. Орыс­тан қалған үйді қазақтың киіз үйімен-ақ қазақы­ландырып тастағаны таңғалдырды, – дейді ол.
Бұл қызметтес азаматтың естелігі ғана. Ағамызды өзгеден артық  танитын, азаматынан қалған теледидарды жәдігердей сақтап келе жатқан жұбайы Гүлбаршын Жәдігерова анамыз тіпті қызық деректермен әңгіме тарқатты. «Алғашында біз Арал кеңшарында тұрдық» деп бастаған анамыздың сөзінен көлік жүргізуді жетік меңгерген жанның оқиғаларымен таныс болдым.
Қыс қашан да мінезімен келмейді ме?! Сондай күндердің бірінде Хамидулла сапарлатып өзге ауылға аттанады. Қалың қар мен қатты аяздан қиналған Сазды малшылары көмек сұрайды. Малдың жем-шөбі мен адамның азық-түлігі тау­сылып, Шижағадан көмек жіберу қажет болады. Сол үшін арнайы екі К-700 жүк көлігінің біріне азық-түлік, біріне мал азығы тиеледі. Саздыға бет алған екеуі де ауылдан шыға омбы қардың құрсауынан жүре алмай кеш бата ауылға қайтып оралады. Осы кезде ЗиЛ айдаған Хамидулла да ауылда екен. Тым болмаса адамды сақтайық деп азық-түлікті жеткізуді Хамидуллаға тапсырады. Затты тиеген ол астындағы ЗиЛ-мен жолға шығып кетеді. Көп ұзамай Саздыдан «аман-есен жетті» деген хабар келіпті.
Кеңшардың көлігін жүргізіп жүрген шағындағы мына бір оқиға көзін көргендердің аузында әлі айтылып жүр. Кеңшар гаражында ГАЗ-53 жүк көлігі жөндеуге қойылады. Машинаның дыбысына қарап бұзылған жерін жаңылмай айтатын Хамидулла да осында болады. Істен шыққан көлікті жөндеу үшін мотордың бетін ашқаны мұң екен, көлік астындағы шұңқырға аққан майдың салдарынан өрт шығады. Осындағы барлық адам айласы таусылып, машина өртенеді деп үмітін үзеді. Расымен де, жалынның құшағында қалған жүк көлігін құтқарудың амалы қалмағандай еді. Бірақ кейіпкер ағамыз тапқырлық танытып, от арасындағы машинаның ішіне епті­лік­пен кіріп, оталдырғыштың көмегімен іркіп-іркіп моторы ашық машинаны өрттен аман сақтап, көлік қоймасынан алып шығыпты.
«Жолдың жайын жүрген білер» демей ме?! Жоға­­рыда айтқандай, Мәскеу, Брянск, Омск, Рига, Ферғана, Түрікменстан қалаларын түгелдей арала­ған жүргізушінің Карабах пен Қара Балтыдағы сапа­ры отбасы мүшелерінің есінде ұмытылмастай сақ­талып қалыпты. Карабахтағы соғыстан аман қайт­қан Хамидулланың Қара Балтыға кеткен кезін жұ­байы Гүлбаршын әлі күнге қорқынышпен еске алады.
– Ол кезде кеме жасау үшін аргонды Қара Балтыдан таситын. Бірде ол осылайша КамАЗ-бен сонда аттанды. Қазіргідей телефон жоқ. Кетсе қайта оралғанша күтеміз де отырамыз. Тек жаңалықты теледидардан ғана естиміз. Жолға шыққан күні кешке теледидарды қосып қалсақ, Қара Балтыдағы қанды қырғынды көрсетіп жатыр. Қорыққаннан тіл жұтып, бәріміз бір-бірімізге қарадық та қалдық. Шындығында, одан басқа қолдан келер амалымыз да жоқ еді. Ертеңіне зауытқа бардым. Өзім де сол зауытта жұмыс істедім. Бәрі жым-жырт. Бәрінде үрей. Хабарсыз отыр. Осылай екі күнді өткіздік. Екінші күн дегенде кеш бата үйдің алдына келіп тоқтаған КамАЗ дауысы Хамидулланың дауысындай естіліп, қуана жүгіріп шықтық. Сөйтсек, атыстың арасынан аман шығу үшін Қара Балты ауылдарының арасын аралап, аман шығыпты.
Ал Өзбекстандағы мына оқиғасы қазақ аза­матының жүректілігінің анық көрінісі еді. Жанына зауыттың екі жұмысшысын ертіп, Өзбекстанға барған сапарында сол елдің азаматтары бірнеше көлікке май құю үшін бекетте кезегін бермей, май құятын құрылғыны ұстатпай, уақытын алады. Сол кезде көлігіне мінген ол отырғыш астынан әркез жанында жүретін үлкен қанжарын алып, әлгі өзбектерге жақындайды. Бұл қанжар өзінің шешен досының берген сыйлығы болатын. Жанындағы екі серігінің «мұның не, Өзбекстанда тұрып өзбектерге пышақ кезенбексің бе?» деген сөзіне құлақ аспай, өзбек жүргізушілеріне беттеген бойдағы көршілес өзбек азаматтарының қорқынышын күле еске алады екен. Жанына барған Хамидулла пышақты оларға сілтемей, қолдарындағы май құятын құрылғыны кесіп, өзінің КамАЗ-ының багіне салып, май құйып алған екен.
Хамидулла 1996 жылы зауыттан жұмыстан шығады. Бір қызығы, КамАЗ-ды өзі қойып кеткен жерден ешкім қозғамаған екен. Сол орында төрт жыл тұрған жүк көлігін 2000 жылы ғана зауыттың басқа тұсына жылжытып қойыпты. Міне, КамАЗ-ды қозғаған күні бірге жұмыс істеген әріптестері Хамидулланың өмірден өткенін естиді.
26 қараша 2019 ж. 1 214 0