Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Аралдың айтқыштары

Аралдың айтқыштары

Стакандап ішем деп...
Ішімдікке қарсы күрестің өрттей қаулап тұрған кезі. Аузыңнан иісі шықса, ақтүйебас болып кете бардым дей бер. Партия жиналысы болсын, кәсіподақ жиналысы болсын, ұжым жиналысы болсын, міндетті түрде қолға түскен бір-екі «ішкішті» сілкілеп алып жатады. Иә, партия айтқан соң амал жоқ, әйтпесе сол заманда ішпейтін адам кемде-кем.
Ақаңа аузы берік гидротехник Балташ бір құрдасының туған күнін ресторанда атап, сыра ішіп отырғанын кеңшар парткомына біреу жеткізіп барса керек. Сұрау алынады, түсінік жазылады.
Ертеңіне кеңшар бүкіл бетке шығарлары қатысатын бір әйдік жиналыс бар екен. Сонда Балташты біраз жерге апарып тастайды. Енді қайтып стакан ұстамауға уәдесі алынады.
Екі иіні түскен Балташ үйіне қарай келе жатса, бір танысы кездесіп:
– Ау, Бөке, мұндайың жоқ еді,тым көңілсізсіз ғой, – депті.
– Біздің совхоздың шелектеп ішетін бөшкебайлары стакандап ішетін мені жиналыстарына салып, сүтке тиген күшіктей қылғаны. Сол кеңірдегі кең ағаларыма ренжіп келемін, – деген екен.

«Өмір деген ол – майдан...»
Ауданымыздың белгілі азаматы, ел ағасы, аудандық мәслихат басшысы Көлбай Данабай науқастанып, ауруханаға түскенде, тұрғылас ақын ағасы Толыбай Абылаев көңілін сұрап барады. Бұрынғы спортшы Көлекең мықты денсаулығының аяқастынан осылай сыр беріп, сырқаттанып қалғанын, тәуір болса Алматыдағы інісінің тойына құстай ұшып асығып отырғанын қамкөңілдеу айтады. Ақынның аты ақын емес пе, Толыбай:
Уа, Көлбайжан, Көлбайжан!
Сұм соғыстан кем емес,
Өмір деген ол-майдан.
Сол майданда адамның
Қадірін білсін ел қайдан.
Тай-құлындай шапқылап,
Қыран құстай қияда
Қос қанатын тең жайған,
Сауығып кет, Көлбайжан!
Ауру-сырқау дегенді,
Аластап бір енді ойдан.
Үйіріңе қосыл тез,
Алдыңа аттай жем қойған.
Қуып шықсын біржола,
Дерт дегенді ем бойдан! – деп, оған әзіл мен пәлсапаға толы өлеңімен дем берген екен.

«Ұшқыш болмады, ішкіш болды...»
Сырдарияның Аманөткел жағында мұғалім болған Тағыбай деген жанындағыларды шағып сөйлейтін, бір сөзі түзеу шықпайтын кісі болған екен. Маңындағы жұрт жақындап кетуге сөзінен қорқады. Бірде қашықта жүрген, көптен көріспеген інісі келе қалады. Сол кезде Тағыбайдың әйелі жас босанып жатыр екен. Інісі де ағасына ұқсаған айтқанынан қайтпайтын, тісті бақадай жабысатын жігіт екен.
– Баланың атын мен қоямын, – депті.
– Жоқ, сен оңбаған арақ ішесің, қойдырмаймын, – дейді Тағыбай шорт кесіп.
Інісі сонда да бой бермей:
– Талғат қояйық, фамилиясы онсыз да Бигелдинов қой. Көк аспанда самғап көңілімізді әуелетіп, әулетіміздің атын асқақтатсын, – дейді. Сол жылдары газет-журналдың беттерінде қазақтың атақты ұшқышы Талғат Бигелдиновтің бір мерейтойына орай суреттері қайта-қайта шығып, аты дүрілдеп тұрған кезі екен. Бірмойын мінезді інісі де қоярда қоймай жаңа туған баланың құжатын өзі айтқандай қылып жаздыртып алып береді.
Әлгі інісі араға жиырма жыл салып, ауылға тағы соғады. Бір уақытта есіне түскен болуы керек «Баяғы атын қойған інім қайда?» деп сұрайды.
Сонда қыршаңқы тілді Тағыбай бір ұрты қисайып;
– Сен оны батыр ұшқыш болады деп едің, ол гәрәмәтің жатып алып ішкіш болды ғой, – деген екен.

«Бәрібір арығын аламын...»
Мөңкебайдың әйелі арық екен. Бірде құдажол істейін деп, мал базардан таңдап әкелген қойын сойғанда тым арық болып шығыпты.
– Өмірі таңдаған қойың арық болып шығады! – деп әйелі қайталап айтып миын шұқи бергенде, Мөңкебай қосағының тұла бойын бір шолып шығып:
– Маған, асылы, қой мен әйелді таңдатпау керек. Көзімді құдай байлап, бәрібір арығын аламын, – депті.
Әйелі қайта жақ ашпапты.

«Бұрылыста ұсталған балық...»
Мөңкебай қыстыгүні балық сатады. Қаптағы сірескен-сірескен балықтарын шығарып жатса, белінен бүгіле қатып қалған сазанды көрген аларман:
– Әй, мына балыққа не болған? – депті. Мөңкебай саспастан:
– Бұл – бұрылыста ұсталған балық... – деген екен.

«Сіздің орныңыз ба еді?!.»
Тайлақбай бір тойда ас– ыра сілтеп, мас болып ауылдың құмды көшесінде ұйықтап қалса керек. Таң азанда шалжиып жатқанын көрген таныс ауылдасы үстінен шығып, ұят болар деп тезірек оятпақшы болып:
– Әй, тұр... бол тұр әй!, – деп жұлқылай бастапты. Тайлақбай көзін ашып алып:
– Не-оу? Бұл жер сіздің орныңыз ба еді? – деп, үсті-басын қаққылап жүре берген екен.

«Шықсаң, жерден көрейік...»
Жиенбай деген мұғалім жігіт екі күн, екі түн құрдастарымен карта соғады. Дүйсенбіде сол жерден ісіп-кеуіп мектепке келе жатса, бір мұғалім қыз кездесіп:
– Саламатсыз ба, ағай! – деп сәлемдесе қалса, Жиенбай жалт қарап:
– Өзіммен өзіммін... – деп қалтасын қаққан екен.
Сол күйі сабағына кіреді де, үй тапсырмасын сұрағалы бір оқушыны тақтаға шақырады. Алайда көзіне ұйқы тығылған Жиенбай сұрақ қоюды ұмытып, қалғып-мүлгіп отырып қалыпты. Тақтадағы оқушы тұрып-тұрып:
– Ағай, мен шықтым ғой, – депті. Жиенбай басын көтермеген күйі:
– Кәне, шықсаң, жерден көрейік... – деп қалған екен.

«Бос жатқан жер болмаған...»
Журналист Нұрбай Жүсіп Шығыс Қазақстан жағындағы бір қаланың мұражайына барса, гид қыз төрге қойылған нән құрыш зеңбіректі көрсетіп:
– Орыс-қазақтары келгенше бұл өлкеде ешкім тұрмаған. Бос жатқан ен дала екен. Тек қана жоңғарлар мал жайып, келіп-кетіп отырған. Осы жерді алғаш игерген – қазақтар. Ал, мына зеңбіректі солар әкелген, алайда ешқашан оқ шығарылып, атылмаған, – деп таныстыра бастапты.
Сөйтіп келе бере бір кемпіртастың қасына тоқтағанда Нұрбай:
– Мына тасқа жүз жыл болған шығар, – депті аңқауланып.
Онысына қуыршақтай гид қыз да, басқалар да қарқылдай күліпті.
– Не деп тұрсыз? Бұл көшпенділердің-қазақтардың түп бабалары жасаған тасқа кемінде мың жарым жыл болған, – депті гид қыз білгішсініп.
Сол сөз керегіп қитығып тұрған Нұрбай:
– Бағанадан бері «Бұл жер бос жатқан» деп не сандалап тұрсыз. Атам заманнан бері қазақ жерінде бос жатқан жер болмаған... Көрдің бе? – деп аузына бір-ақ құм құйған екен.

«Сақал қойсаң атамнан аумайсың...»
Қажыбай жазда санаторийға демалысқа кетіп, келгенінде шоқшитып сақал-мұрт қойып оралыпты.
Кешке төсекке қисая бергенде, сағынып көрген келіншегі ауық-ауық ыршып түседі.
– Өй, саған не көрінді? – дейді мауқын баса алмай дағдарған Қажыбай.
– Өзіңнің кесірің... Сақал қойсаң, атамнан аумайды екенсің. Дәп бір атам жатқандай қасымда. Бір түрлі ұят екен. Қатты қысыламын, – дейді бір уыс болып, денесін қашыртқан келіншегі.
Екі-үш күн келіншегінің ыстық құшағына бір кіре алмай, діңкәсі құрып, қаралай күйген Қажыбай сақал-мұртын жылмитып бәз баяғыша алдыртып тастап тынған екен.

«Тақырыбын таптым...»
«Толқының» тілшісі Кеңес Өмірзақов шөп шабу науқанында бір фермаға барса, кеңседе адам жоқ. Еден жуушы әйелден:
– Завферма қайда? – десе, ол:
– Жаңақорғанға демалысқа кетті, – депті.
– Ал веттехник қайда?
– Тісі кешеден бері ауырып, гүп боп ісіп, қалаға тіс емханасына жұлдыруға кетті...
Кеңес анадайда топтанып әңгіме соғып тұрғандардың жанына барып, ананы-мынаны әңгімелеп тұрыпты да, бір кезде оқыс сілкініп:
– Таптым, таптым...– деп санын соғып мырс-мырс күліп жіберіпті.
– Нені? Нені таптың? – деп жан-жағындағылар аңтарылыа қалыпты.
Сонда Кеңес әлгі шаттанған күйі:
– Тақырыбын таптым... мақаланың... «Бастық демалып жүр, веттехник ем алып жүр»... – деген екен.
Айтқандай, кейін осындай тақырыппен мақала да жазыпты.

Сөздің құны
Ана бір жылдары аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болған бір дөкей туралы әңгіме болғанда, тілі шалымды, дөп басар журналист Кеңес Өмірзақов:
– Өй, ол жоғарыдағыларға таңданып, төмендегілерге паңданып қарайды, – деген екен.
Әлгі бастықтың мінез-құлқын бірауыз сөзбен дәл тауып айтқан тілші сөзіне бәрі де дән риза болып, бас шұлғысып қалыпты.

«Сіз де танысуға келдіңіз бе?»
Белгілі азамат, қоғам қайраткері Аманғос Есмұрзаев батыл да тілді жігіт болатын. Көкейіне келген сөзді ірікпейтін. Қай сәтте болса да айтып салып қарап отыратын.
Болашақ әйелі Аягөзбен таныстыруды таныстары ұйымдастырыпты. Бір сыйластарының үйіне жігіт Аманғос пен қыз Аягөз келіпті. Қыз әп дегеннен Әлекеңе ұнайды. Енді өзара тілдессін деп, екеуін оңаша қалдырып, қалғандары бөлмеден шығып кетеді. Сонда Аманғос қызға жақындаңқырап:
– Бір жігіт ұшақта ұшып келе жатса, бір сұлуды көріп көңілі құлапты. Танысайын десе айтар сөзі жоқ. Не айтарын білмей, ақыры сөз бастар болсын деп: «Қарындас, сіз де осы ұшақпен ұшып келе жатырсыз ба?» деген екен. Мен де сол сияқты не айтарымды білмей отырмын. Сіз де танысуға келіп отырсыз ба? – деген екен.
Кейін сұрағанымызда Аягөз: «Сасқанымнан «иә» деппін» деп күледі.

Ерғали АБДУЛЛА
22 қазан 2024 ж. 123 0