Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бегім ана: аңыз ба, ақиқат па?

Бегім ана: аңыз ба, ақиқат па?

Кең байтақ Қазақ елінің әр тұсы бағзы дәуірден жеткен мәдени-тарихи ескерткіштер мен бабадан балаға мирас болған айтулы аңыз-жырлардан әсте кенде емес. Ал тарих тыржалаңаш болжамды емес, нақты ақиқатты, дәйекті деректі талап ететін ғылым. Алайда аңыз түбі ақиқат екенін де ұмытпайық.
Қасиетті Арал өңірінде қадым заманнан бізге жеткен жоғарыдағыдай тарихи ескерткіштер көптеп саналады. Солардың бірі – Бегім ана мұнарасы. Зерттеушілердің мағлұматынша Қаратерең елді мекенінен оңтүстік-шығысқа қарай отыз шақырым жердегі бұл мұнара ежелден киелі орын саналады. Мұнда барғандардың айтуына қарағанда, киелі орынға бала көтермей жүрген аналар, ауру-сырқау жандар жиі келіп басына түнеп, тілек тілейтін көрінеді. Келушілерге түнеухана салынып, олардың тағзым жасауына барлық жағдай жасалған дейді онда болғандар.
Мемлекет қамқорлығындағы қасиетті Бегім ана мұнарасын қамқорлығына алған қайырымды азамат, №82 орта мектептің бұрынғы басшысы, бүгінде зейнеткер Кешубай Махановқа ел-жұрт дән риза. Себебі, Кешубай бастаған ауыл азаматтары өздері жинаған қаржылай қолдаудың нәтижесінде мұнара жанындағы әбден тозығы жеткен түнеухана қайта салынып, келушілердің игілігіне қысқа мерзімде беріліпті. Тағы бір айта кетерлігі, №82 мектеп ұжымы мұнара басына тал егіп, оны өз қамқорлығына алғанын растайды ауыл тұрғындары.
Енді Бегім ана мұнарасы туралы бізге атам заманнан жеткен аңыздарға ат басын бұра кетейік. ...Жанкент шаһарының билеушісі, қаһарлы Санжар хан Бегім сұлуды бір көргеннен ессіз-түссіз ғашық болып қалады. Сонан ақыры ақылды, ажарлы сұлуға үйленіп тынған хан жас әйеліне қызғаныштан үйден шықпауға, бірде-бір ер адамға көрінуіне, бөлмесіне кіруге тыйым салады.
Күндердің бір күні сайын далаға саят құруға шықан Санжар хан бойындағы бес қаруын ұмытып кеткенін біліп, үйіне жанындағы шабарманын жұмсайды. Өзі болса жүрген жерінде оны күтіп ұзақ отырады. Ашуға мінеді. Ақыры шыдай алмай сарайға қайтып келеді. Келсе жұмсаған шабарманының сарай ішінде есінен танып құлап жатқанын көреді. Сонан ашуға булыққан хан Бегім сұлуға ауыр кінә тағады. Сөйтсе сарайдың ішінде ешкім жоқтығын білген жас сұлудың бет пердесін шешіп алып ашық-шашық күйде жүргенін көрген шабарман оның сұлулығынан есінен айырылып қалған екен.
Соны көрген хан Бегім сұлудың бұрымы мен қолын білезігінен шауып тастайды.
Сұлу әйелі өзінің кінәсі жоқтығын қанша айтса да, құлақ аспаған қатыгез хан осылайша сүйген адал жарының өмірін ойран етеді. Мұны құлағы шалған қыз әкесі Тұран ойпатына түгел мағұлым, Қарабура әулие күйеу баласы Санжар ханның озбырлығына дұға жасапты-мыс. Соның нәтижесінде Бегім сұлудың бір түнде қолы мен бұрымы қайта қалпына келгенін көрген ел-жұрт айран-асыр қалады. Бегім сұлу сонан хан сарайынан құс болып ұшып шығып, жоғарыдағы мұнарадан пана табады. Сонан бастап бұл мұнара «Бегім ана мұнарасы» атанады. Ал, мұнараның қай ғасырдың тұсында, қандай мақсатта салынғаны әлі күнге жұмбақ күйінде қалады. Білетініміз, өте ерте заманда қам кесектен салынған. Жаңартып салғанша жауын мен желден және уақыт тезінен қатты бүлінген көрінеді. Мұнара жөнінде басқа да мағлұмат жоқ десек те болғандай. Ел аузындағы ескілікті аңыздар одан әрі бұл оқиға жібін төмендегіше тарқатады:
«Қатыгез Санжар ханның сол замандағы ордасы – Жанкент шаһарын бір түнде ордалы жыландар жайлап, тіршілік атаулы тоқтап қалады. Жылан жайлаған қаланы халық тастап, басқа жаққа қоныс аударады. Батыс пен Шығыстың алтын арқауы іспеттес Жібек жолы ол кездері осы орданы басып өтетін болса, сонан бастап ары-бері құмырсқадай ағылған керуендер енді оны айналып өтетін болыпты. Тіпті ол жерге құстар ұя салмайды, жабайы жануарлар да жақындамайды...
ХІХ ғасырда осы жерде болған патша армиясының офицері А.И.Макшеев ол жөнінде қағаз бетіне төмендегіше мазмұнда жолжазба қалдырады:
«Мұнара төбе үстінде тұр. Сірә ол жер кезінде арал болған сияқты. Қараарықтан төрт қарым, Арал теңізінің жағалауынан 10 қарым... бұл жерде Шанжар (дұрысы Санжар болса керек) ханның әйелі жерленген». («Арал» тарихи-танымдық деректер кітабы. Қызылорда. «Тұмар» баспасы. 2022 жыл).
Бегім ана мұнарасы жөнінде ХІХ ғасырда Арал теңізінің Қосарал-Қаратерең маңайында болған белгілі орыс суретшісі Василий Берешагин «Жанкент трагедиясы» атты картина салып, оның тарихы жөнінде сол маңайдағы көнекөз қазақтардан құлағы шалған оқиғаны қағаз бетіне түсіреді: «Қазақтардың арасында бағзы заманда осы маңда ірі қала болғандығы және оның ғимараттарын ордалы жыландар жайлаған деген аңыз сақталған. Бұл жерде билеушінің қызына үйленген хан тұрған. Ол әйелінің (суретшінің жазып отырғаны әрине Бегім сұлу) опасыздығы үшін оның өмірін жойғысы келеді, қыздың атасы бақсы болған. Ол қалаға жылан жаудырып хан мен оның халқын шағып өлтіреді».
Зерттеушілердің пайымынша жергілікті сазбен құмнан иленіп қам кесектен тұрғызылған Бегім ана мұнарасының құрылысы (материалы) қарапайым. Көлемі 23х23х5/6 см шаршы пішінді күйдірілген кірпіштермен қапталған. Мұнара сегіз қырлы, жоғары қарай сегіз қырлы кесілген пирамида тәрізді күмбезбен жабылған. Ал, мұнара діңі ортасына дейін монолитті, онан жоғары тас төбеде үлкен тесігі бар. Жоспарында күмбезді камера орналасқан. Бұл бөлмеге ескерткіш биіктігінің ортасында орналасқан аркалы ойық апарады. Камераның үстінде еңкішті парапетпен қоршалған алаңша бар. Қайбір жылы ескерткішке жаңаша жөндеу жұмыстары жүргізілгендіктен өкінішке орай оның әуелгі нобайынан түк қалмағанын көруге болады. Бұл да болса біздің тарихи-мәдени ескерткіштерге деген немқұрайлы көзқарасымыздан туындап отырған жәйт.
Бегім ана мұнарасының тарихи-мәдени маңызы зор. Арал ауданында тап осыған ұқсас Ұзынтам, Сараман сияқты ескерткіш мұнаралап аңыздың өзіндей, көненің көзіндей мен мұндалайды. Қысқасы, бұларға да тарихи ескерткіштерді қорғау қоғамы, билік орындары тарапынан жан-жақты жанашырлық, қанатты қамқорлық қажет-ақ. Өйткені Қазақстан түгілі күллі Орта Азияда мұндай стилді ерекше мұнаралы ескерткіштер жоқ көрінеді.
Ескерткіштер - ел тарихы. Оларды қорғау, қолдау тиісті салалық мекемелер алдындағы бүгінгі, ертеңгі басты міндет болып қала бермек. Егер ондай құнды жәдігерлерді көздің қарашығындай сақтай алмаған ұрпақты тарих ешқашан кешірмейді. Сондықтан Бегім ана мұнарасы алдағы уақытта қазіргі уақыт талабына сай туристік кешенге айнадырылып, сырттан келетін қонақтардың қызығушылығын арттырып, ұрпақ жадында жаңғыру кезек күттірмейтін міндет болып саналады. Себебі, мемлекет басшысы Ұлытауда өткен ұлттық құрылтайда «Ұлттың тарихи жадын жаңғырту келелі іс» деген болатын.
Т.Нұржан-Балта.
29 қазан 2024 ж. 195 0