Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні

18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні

1984 жылдан бері 18 сәуірде жыл сайын Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні аталып келеді. Бұл мерекені 1983 жылы ЮНЕСКО жанындағы ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі Халықаралық кеңес Ассамблеясы белгілеген болатын. Аталған мерекенің негізгі мақсаты – тарихи ескерткіштерді сақтау және мәдени мұраны қорғау мәселелеріне қоғамның назарын аудару.
Ескерткіштер – ел тарихы немесе тарихи-мәдени мұра халық тарихының аса маңызды айғағы, адамзаттық өркениеттің құрамдас бөлігі. Тәуелсіздік жылдарынан бастап қоғам мен мемлекеттің тарихи-мәдени мұраға деген көзқарасы өзгеріп, елі¬міздің өз заңнамасы қалыптасты.
Қазіргі таңда ауданымызда тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау және пайдалану мәселесі турасында аудандық мәдениет және спорт бөлімінің маманы Мұхан Бектұрсынов:
– Арал ауданы бойынша мемлекеттік тізімге енгізілген тарихи-мәдени мұра объектілерінің жалпы саны – 61. Оның ішінде: республикалық маңызы бар – 1, жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген – 39, алдын ала есепке алынған тарихи-мәдени объектілері – 21. Оның ішінде: объектілерінің түрі бойынша археологиялық – 21, қала құрылысы және сәулет – 30, киелі объектілер– 1, монументтік өнер құрылыстары – 9. Өткен жылытарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі облыстық комиссия отырысының хаттамасы негізінде аудан бойынша бұрынғы 3 тарихи-мәдени мұра объектілері – теміржолшылар ғимараты, Баспақ кесенесі және Ұзақбай Қараманов мүсіні есепке алу тізіміне енгізіліп, бұл объектілерге тарихи-мәдени сараптама жүргізіліп, нәтижесінде тарих және мәдени ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізуге ұсыну туралы қорытынды қабылданды,– деді ол.
Маманның айтуынша, облыстық жобалық кеңсе аясында «Қызылорда облысының тарихи және мәдени ескерткіштеріне QR-код орнату» жобасы негізінде орнатылған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің теңгеріміндегі 5 тарихи және мәдени ескерткіштердің QR-код тақтайшалары (Ұлы Отан соғысы жауынгерлеріне арналған «Тағзым» алаңы, Жалаңтөс Баһадүр ескерткіші, Ақтан батыр және Жанқожа батыр ескерткіші, Тарас Шевченко және Төлеген Медетбаев мүсіндері) тарихи-мәдени мұра объектілері рәсімделген тиісті мекемелер теңгеріміне берілген. Сонымен қатар 2021 жылы З.Шүкіров ескерткіші мен Ұ.Қараманов мүсініне QR-код тақтайшалары орнатылды. Сол арқылы тарихи-мәдени ескерткіштер туралы мәліметті толық алуға болады.
Өңірдегі жалпыұлттық, өңірлік қасиетті орындар тізіміне енгізілген ескерткіштерді бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде насихаттау бойынша Арал ауданының фейсбук парақшасына және аудан әкімдігінің ресми интернет ресурсы /http://aral.gov.kz/kz/tarihi-oryndar/ сайтының туристік нысандар дерегінде барлығы 19 тарихи- мәдени орындар туралы ақпараттар жарияланған.
Жылдағы дәстүр бойынша «Халықаралық ескерткіштерді қорғау күніне» орай ескерткіштерге барлау және сенбіліктер ұйымдастырып, тазарту жұмыстары жүргізіліп тұрады. Белгіленген іс-шара жоспарына сәйкес Арал қаласы әкімшілігімен бірлесіп, орталық алаңдағы саябақта орналасқан «Ұлы Отан соғысы жауынгерлеріне арналған «Тағзым алаңы»», «Төлеген Медетбаев мүсіні» маңында және Арал қалалық мәдениет үйінің алдында орналасқан З.Шүкіровке арналған монумент ескерткішін көгалдандыру, айналасын тазалап, әктеу, сырлау жұмыстары жүргізілді.
Қазіргі таңда Арал ауданы бойынша 61 ескерткіштер мен тарихи-мәдени мұра объектілері мемлекет қорғауына алынған. Ескерткіштің меншік иелері мен кент, ауылдық округтерде орналасқан ескерткіштердің жай-күйіне мониторинг жүргізіліп, күтіп ұстау жөнінде тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізіліп отырады.Тек арнайы бір күнде емес, тарихи-мәдени ескерткіштер мамандардың үнемі назарында.
Дүние жүзі бойынша жер көлемі жағынан тоғызыншы орын алатын қазақ елі қасиетті, киелі жерлерге бай. Осы орайда елімізде қолға алынған «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы қазақтың кең даласындағы қасиетті жерлер мен мекендерді жете зерттеуді мақсат етіп отыр. Еліміздің алдында тұрған басты мін¬дет¬¬¬тердің бірі – барша қоғам болып Ұлы дала халқының ұлттық құнды¬лық¬та¬рын сақтау және болашақ ұрпақ¬қа аманат ету.
К. МАХСҰТ 
18 сәуір 2023 ж. 583 0