Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ғылымға арналған ғұмыр

Ғылымға арналған ғұмыр

Қазақ халқының бай мәдени мұрасын жинап, ғылыми тұрғыдан зерттеу, сондай-ақ оны ел игілігіне ұсынуда ғалымдардың еңбегі орасан. Әдебиет пен мәдениет және тарихқа қатысты көне жәдігерлерді жинақтаудың маңызы зор. Бұл ғазал іспен айналысып жүрген ғалымдар еліміздің мәдени-рухани қазынасын сақтап қалу мен оны келешек ұрпаққа жеткізу жолында үлкен еңбек етіп келеді. Сол қатарда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Филология факультетінде ұстаздық етіп жүрген, жерлесіміз филология ғылымдарының кандидаты, ақын, ғалым – Серікбай Қылышбайұлы Қосанов да бар.
Өнегелі өмір
Серікбай Қылышбайұлы өзінің ғылыми-педагогикалық еңбек жолын 1991 жылы Қазақ қыздар мемлекеттік институтының қазақ тілі кафедрасында оқытушылық қызметінде бастады. Ал 1998 жылы бұрынғы ҚР ҰҒА қарасты М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба және текстология бөліміне кіші ғылыми қызметкер болып қабылданады. 2004-2006 жылдары аталған институттың «Ежелгі дәуір әдебиеті» бөлімінде ғылыми қызметкер, ал 2006 жылдың қыркүйегінен бастап, институттың бас ғылыми қызметкері әрі «Қолжазба және электронды жүйелеу» бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Кейін «Ежелгі және орта ғасыр әдебиеті» бөлімін басқарды.
2017-2020 жылдар арасында ғалым Қызылорда облыстық «Рухани жаңғыру» орталығында ғылыми бөлім меңгерушісі қызметін атқарды. 2020 жылдан қазіргі уақытқа дейін әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетінде қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының доценті қызметін атқарады.
Зерделі зерттеулер
2005 жылы С.Қосанов «10.01.02. – қазақ әдебиеті» мамандығы бойынша «Базар жырау Оңдасұлының әдеби мұрасы (Ақындық дәстүр, жанр, поэтика)» атты тақырыптағы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. Ол институттың «Ежелгі дәуір әдебиеті» бөлімінде қызмет ете жүріп, 2003-2005 жылдарға арналған «Көне түркі дәуіріндегі және орта ғасырлардағы әдебиет» атты іргелі зерттеу жобасын жүзеге асыруға белсене араласты. Берілген ғылыми жобаның «Көне түркі әдебиеті», «Түркі-қытай мәдени байланыстары» «Алтын Орда дәуірі әдебиеті», «Қазақ хандығы тұсындағы әдебиет» сынды тараулары бойынша зерттеу мақалаларын жазды. Олардың арасында бұрын зерттелмеген қыпшақ қаламгері Махмуд бин Әлидің «Нехджу-л-ферадис» (ХІV ғ.) атты шығармасы бойынша жазылған ғылыми зерттеу мақаласын айрықша атауға болады. Ғалымның бірқатар ғылыми мақалалары «Ежелгі әдебиетті зерттеу мәселері» (2010) атты ұжымдық монографияда жарияланды.
Сондай-ақ, аталған зерттеу нәтижелері М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты дайындаған он томдық «Қазақ әдебиеті тарихының» 2-томына (2006) және 3-томына (2008) енді. С.Қосанов 2009-2011 жылдары «Жыраулар поэзиясындағы тәуелсіздік идеясы мәселелері», 2012-2014 жылдары «Түркі халықтары әдебиетінің типологиясы», 2014-2016 жылдары «Евразия түркілері: әдеби-мәдени ықпалдастық (ХІХ-ХХ ғғ.)» атты гранттық ғылыми жобаларға жетекшілік жасай отырып, жоспарлы жұмыстың «Кіріспе» бөлімдерін, 3 ғылыми монографияның алғысөздерін, Сыпыра, Кетбұға, Жиембет жыраулар мен Әйтеке биге қатысты тарауларды жазды. Осы жылдары зерттеуші «Жыраулар поэзиясындағы Астана образы», «Ескі қыпшақ поэзиясындағы ғашықтық сарындар», «Көне түркі және қазақ поэзиясындағы дәстүрлі сарындар», «Жәңгір хан және қазақ-татар ағартушылығы», «Алаш зиялыларының ұстазы – Айжарық Айтілеуұлы», «Шиһабуддин әл-Маржани және қазақ мәдениеті» деп аталатын маңызды тақырыптарды зерттеп, ұжымдық ғылыми жұмыстардың мәтіндерін редакциялап, баспаға дайындады.
Талантты ғалым әдебиет тарихымен қатар, қазақ фольклорын зерттеу, жариялау жұмыстарына да белсене араласты. С.Қосановтың бұл бағыттағы ерен еңбегі Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көрген 100 томдық «Бабалар сөзі» – қазақ фольклорының жинақтарын баспаға әзірлеу барысында ерекше байқалды. Әсіресе, шағатай, ескі түркі, араб, парсы, татар тілдері аралас көне әрі тозығы жеткен қолжазбалар мен басылымдарды оқу, қазіргі әріпке көшіру, олардың сөздіктерін, тарихи және діни есімдердің түсініктері мен ғылыми комментарийлерін жазу жұмыстарын атқаруда шығыстанушы-филолог ретінде көп көмегі тиді. С.Қосанов 2003-2006 жылдары жарық көрген «Бабалар сөзі» сериясының 11,13,14,15,22-томдарына құрастырушы ретінде діни және ғашықтық дастандардың мәтіндерін баспаға әзірлеуде ғылыми ізденімпаздығымен көзге түсті.
Ғалым бұрын-соңды жарық көрмеген, ұзақ жылдар Кеңестік саясат кесірінен мұрағат сөрелерінде шаң басып жатқан «Мұхаммед пайғамбар» «Мұхаммед пайғамбардың дәр-ул фәниден дәр-ул бақиға рихлат етуі», «Миғраж», «Киік», «Зарқұм», «Сал-сал», «Сейітбаттал», «Ғазауат сұлтан», «Қисса-и Кербаланың оқиғасы», т.б. діни дастандардың жарық көріп, қалың оқырманмен қауышуына орасан үлес қосты.
Түгенделген тарих
С.Қосанов 2006-2010 жылдары «Бабалар сөзі» 100 томдық сериясының 25-63 томдар аралығында жауапты редактор қызметін атқарып, аса маңызды мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылуына соны серпін берді. Ол қазақ эпосының түрлі жанрдағы байтақ мұрасын жүйелеп, жинақтауға әрі баспаға әзірлеуге жетекшілік жасауда жан аямай еңбек етті. Жоғарыдағы 38 томға негізінен, қазақ халқының ең басты бағалы құндылықтары әрі ұлттық фольклорымыздың мақтанышына айналған «Алпамыс батыр» (2 том), «Қобыланды батыр» (4 том), «Қарасай-Қази» (4 том), «Едіге» (1 том), «Орақ-Мамай» (1 том), «Қамбар батыр» (1 том), «Қырымның қырық батыры» (2 том), «Бозұғлан» (1 том), «Ер Жәнібек» (1 том), «Төле би» (1 том), «Абылай хан» (1 том), «Бөгенбай батыр», «Қабанбай батыр» (1 том), «Арқалық батыр» (1 том), «Жанқожа батыр» (1 том), «Қарабек батыр», «Ер Сайын», «Ер Көкше», «Ер Тарғын», «Сәтбек батыр», «Мырзаш батыр», «Байсейіт батыр», «Ағыбай батыр», т.б батырлық, қаһармандық, тарихи жырлар мен «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» (2 том), «Қыз Жібек» (1 том) сынды эпос жауһарлары енуі – мәдениетіміздегі елеулі құбылыс болды.
Сонымен қатар ол «Қытайдағы қазақ фольклорының» 10 томдығын баспаға әзірлеуге де бастан аяқ қатысып, жауапты редактор қызметін жоғары деңгейде атқарып шықты. Жоғарыда аталған томдардың құрастырушыларының бірі болумен қатар, олардың ғылыми түсініктемелері мен «Құрастырушылардан» тарауларын, кісі, жер-су атаулары мен сөздіктерін әзірлеуге тікелей араласты. Жауапты редактор ретінде фольклорлық жанрларды айқындау, мәтіндерді жүйелеу және талдау жұмыстарына басшылық жасады. Сондай-ақ, аталған томдарды баспаға әзірлеу барысында 16 мың бет (1000 б.т.) көлеміндегі қолжазба материалдарына редакциялық жұмыстар атқарды. Жалпы алғанда, ф.ғ.к. С.Қосанов 2003-2012 жылдар аралығында 100 томдық ғылыми басылымның 46 томына құрастырушы және олардың 38-іне жауапты редактор ретінде белсене атсалысып, «Мәдени мұра» бағдарламасына ғана емес, қазақ фольклортану ғылымына да мол еңбек сіңірді. Осылармен қатар, ғалым аталған мемлекеттік бағдарлама аясында жарық көрген 20 томдық «Әдеби жәдігерлер» мен 30 томдық «Классикалық зерттеулер» сериясын әзірлеуге белсене қатысып, олардың бірнеше томына құрастырушы әрі жауапты редактор қызметін атқарды.
Тәуелсіздік жылдарында ғалымның «Ежелгі әдебиетті зерттеу мәселелері» (2010) «Балқы Базар жырау» (2012), «Жыраулар поэзиясындағы тәуелсіздік сарыны» (2012), «Көне түркі әдебиетінің типологиясы» (2014), «Еуразия түркілері: әдеби-мәдени сұбхат» (2017), «Көне түркі әдебиеті» ғылыми монографиясы (2021) сынды бірнеше жеке авторлық және ұжымдық ғылыми монографиялары, 250-ден аса ғылыми-әдеби мақалалары жарық көрді. Мұрағат көмбесінен өзі тауып, тәржімелеген көне заман жәдігері «Тәзкире-и Бұғра хан» (2007) атты құнды еңбегі түркітанушылар тарапынан жоғары бағаланды. Ізденімпаз ғалым қазақ баспасөзінің тұңғышы «Түркістан уәлаятының газеті» (2001), Шал ақын Құлекеұлы (1999), Тұрмағамбет Ізтілеуұлы шығармалары (2007), Абай Құнанбайұлы  (2009), Базар жырау. «Жәмиғы қазақ бір туған» (2012), т.б көрнекті қазақ ақындарының шығармалары мен басқа да әдеби, ғылыми жинақтарды баспаға әзірлеп, оларды құрастыру мен текстологиялық жұмыстарына қосқан үлесі үлкен.
Мерейлі мезет
Ғалым әрдайым қоғамдық пікірлерге үн қатып, түрлі мәселелер бойынша ой-көзқарастарын ортаға салып жүрген зерделі ғалым, журналист ретінде әдеби ортаға көптен белгілі. Сондай-ақ ол ақын ретінде де көпшілікке мойындалған талантты қаламгер. Оның қаламынан туған «Аралды аңсау» (1997), «Жүрегімде жүз өлең» (2007) атты екі жыр жинағы оқырманның ыстық ықыласына бөленді. 2002 жылы «Таң-Шолпан» журналына жарияланған топтама өлеңдері үшін Қазақстанның халық жазушылары Ә.Нұрпейісов және Қадір Мырзалиевтің ұсынысымен «Жыл ақыны» деп танылуы – осының дәлелі.
С.Қосанов 2008 жылы отандық ғылым мен мәдениеттің дамуына сіңірген сүбелі үлесі үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. 2012 жылы Түркия елінің Тарсус қаласында өткен «Қараджаоғлан шийр ақшамлары» атты түркі халықтарының жыр Фестиваліне қатысып, арнайы жүлдеге ие болды. 2021 жылы хакім Абайдың 175 жылдығына орай ғылыми-көпшілік басылымдарда жарық көрген топтама мақалалары үшін «ТҮРКСОЙ» Халықаралық ұйымының «Алғыс хатын» иеленді. Биыл С.Қосанов отандық ғылымға сіңірген ерен еңбегі үшін әл-Фараби атындағы «Күміс» медальмен марапатталды.
Ғалымның түркітануға және қазақ фольклорына сіңірген еңбектері жоғары бағаланып, 2011 жылы халықаралық «Күлтегін» сыйлығына, 2014 жылы «Бабалар сөзі» 100 томдық ғылыми басылымын әзірлеуге сіңірген ерен еңбегі үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығына ұсынылды. Зерттеушінің бұл сыйлықтарды алмағандығына қарамастан М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғалымдары академик С.Қирабаев, Ш.Елеукенов, С.Қасқабасов, У.Қалижановтар бастаған үлкен ұжымның ғалымды осы жоғары сыйлыққа лайықтылардың қатарында ұсынуы – көп нәрсені аңғартса керек.
Алаштың асыл мұрасы
С.Қосанов 2017 жылдың 14 желтоқсанында сол кездегі аймақ басшысы Қ.Көшербаевтың ұсынысымен жаңадан ашылған Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының алғашқы қызметкері болып қабылданды. Аталған Орталықтың «Рухани қазына» бөліміне 3 жыл бойы жетекшілік жасаған ғалым Сыр өңірінің мәдени, әдеби, тарихи және өлкетану бағытындағы дамуына тың серпін қосқандығын атап айту ләзім. Осы уақыт аралығында талантты жерлесіміз аймақтың рухани жаңғыруына елеулі үлес қосуға қабілетті 30-ден аса іргелі ғылыми-танымдық және қолданбалы жобалар ұсынып, олардың бірқатары жүзеге асырылды. С.Қосанов – 2014 жылдан бері Қызылорда облысы әкімдігі жанындағы «Тарихи және мәдени мұраларды қорғау және пайдалану» жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңестің мүшесі ретінде бірнеше рет Сыр бойы мәдениеті, әдебиеті мен тарихына қатысты мазмұнды ғылыми баяндамалар жасап, өз ұсыныстарын еліміздің жетекші ғалымдары алдында қорғап шықты. Ғалым ұсыныстарының қатарында Қызылорда қаласының тарихы, Алаш қайраткерлері, Сыр бойының көне астаналары, ежелгі ескерткіштер, тарихи орындар, батыр-билер, хан-сұлтандар, әулиелер мен  басқа да тарихи тұлғаларға байланысты 20-ға жуық маңызды іргелі жобалар бар. С.Қосанов «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес «Қазақстанның киелі жерлері» арнайы жобасы аясында жүзеге асырылған мәдени шараларға белсене атсалысты. Атап айтқанда, ғалым «Сыр бойының сакралды ескерткіштері: мифтер, аңыздар, хикаялар» атты жобаның авторы әрі ғылыми жетекшісі ретінде қатысып, маңызды кітаптың баспаға әзірленуіне үлкен үлес қосты. С.Қосанов 2020 жылы облыс бюджетінен қаржыландырылып,  жарыққа шыққан бағалы кітаптың тарауларын, ғылыми түсініктемелері мен мақалаларын жазды. Аталған жоба аясында Ташкент, Алматы архивтерінде болып, көптеген құнды материалдар жинақтады.
С.Қосанов Қорқыт ата мұраларын зерттеумен де біраздан шұғылданып келеді. Облысымыздың паспортына айналған Қорқыт ата өмірі мен шығармашылығына қатысты бірқатар бағалы мәліметтер, деректі фильмдер мен қолжазбалар тауып, конкурстық негізде 2 ғылыми жоба ұсынған болатын. Жобаның біреуі 2019 жылы облыстың Ішкі саясат басқармасы, мәслихат және бюджет тарапынан қолдау тауып, «Қорқыт атаның даналық сөздері» атты кітап 3 тілде (қазақ, орыс, ағылшын), 3000 данамен жарық көрді. Қорқыт мұралары ЮНЭСКО тізіміне еніп жатқан уақытта әлемдік мәдениет қауымдастығының назарында тұрған ұлы тұлғаны жан-жақты зерттелуі – заман талабы екенін ескерсек, бұл да ғалымның Сыр мәдениетінің дамуына қосып отырған сүбелі олжасы деп санаймыз.
Қызылорда аймағында Қорқыт атадан кейін ерекше маңызға ие айтулы тұлғаның бірі Сыр сүлейі – Тұрмағамбет Ізтілеуов екені баршамызға аян. 2019 жылы С.Қосанов өлкедегі жыраулар поэзиясын көптен зерттеп жүрген ғалым ретінде осы тақырыпта тағы бір құнды жоба әзірлеп, оны Қармақшы ауданы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырды. Зерттеуші Тұрмағамбеттің бұрын назардан тыс қалып, ҚР ҰҒА Орталық ғылыми кітапхасы сирек қорында сақталып келген көне араб харпіндегі қолжазбасын тауып, әбден тозығы жеткен ескі жәдігерді қазіргі әліпбиге көшіруге көп тер төкті. Ғалым кітапты құрастырып, ғылыми мақала, түсініктері мен сөздіктерін әзірлеп, баспаға ұсынды. 2020 жылы жарық көрген «Алаштың асыл мұрасы» атты көлемді де көрнекті кітап – Сыр бойы халқының рухани мерейіне айналып, көпшіліктің көзайымына айналды.
Сондай-ақ С.Қосанов 2021-2023 жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдарымен бірлесе отырып, «Сыр өңірінің фольклорлық антологиясы» (аңыздар мен әңгімелер, қиссалар, дастандар мен жырлар) атты ғылыми жобаға белсене қатысты. Облыстық бюджет тарапынан қаржыландырылған кезекті Жоба аясында ғалым 1-ші және 2-ші томдардың негізгі құрастырушысы болды және олардың ғылыми қосымшаларын әзірлеп, алғысөзін жазды. Нәтижесінде, биыл республика, облыс көлемінде 250 жылдық торқалы тойы өтетін Жанқожа Нұрмұхамедұлы туралы көлемді тарихи жырлар жинағы (2021) мен Шығыс классикасынан бастау алатын дастандар антологиясы (2023) жарыққа шықты.
Ол өткен үш жылда Сыр бойының бүкіл киелі жерлері мен тарихи ескерткіштерін аралап, жергілікті өлкетанушылармен, музей қызметкерлерімен және археолог ғалымдармен бірге көп жұмыс атқарды. Зерттеуші көне құлпытастардың өшіп бара жатқан ескі жазуларын, шағатай тіліндегі көне кітаптар мен қолжазбаларды, жеке қордағы және музейлерде сақталған жәдігерлердің арабша таңбаларын оқуда орасан еңбек сіңірді. Мысалы, Қармақшы ауданынан табылған Қалқай (Қалмұхаммед) ишан Марал ишан ұлының мөріндегі немесе Қазалы ауданында орналасқан жақайым Мыңбайұлы Толыбай батырдың құлпытасындағы көне жазуларды алғаш С.Қосанов оқып, қазіргі әліпбиге көшіргені мәлім. Мұндай мысалдар өте көп. Шындығында, ғалым ондаған облыс тұрғындарының өтінішін орындап, көптеген қадім заманғы кітап, қолжазбалар мен құлпытас таңбаларын тегін аударып келген.
Қорыта айтқанда, жоғарыда аталған 5 бірдей бағалы кітап Қызылорда облысының ғана емес, Қазақстан республикасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы ең маңызды жетістіктері қатарын толықтырумен бірге ел тәуелсіздігінің кезекті белесіндегі ұлттық мәдениетке қосылған сапалы да салмақты үлес екені даусыз.
Ғұмырын ғылым жолына арнаған ғалымды 60 жас мерейтойымен құттықтаймыз!
Айдар САЙЛАУОВ
04 қараша 2024 ж. 155 0