Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жазушының жан әлемін жеткізген сурет

Жазушының жан әлемін жеткізген сурет

Халқымыздың көрнекті тұлғаларының өміріне қатысты әрбір дерек, әрбір айғақ құжаттар – бір-бір жәдігер. Сондай-ақ олар бейнеленген суреттерде алыптар әлеміне жақындататын құнды дүниелер боп есептеледі.
Жқаында мәдениет саласының ардагері Мәди Жасекенов ұсынған осынау сурет те біраз жайды әңгімелеп тұрған сияқты болып көрінді. Атақты классик суреткер Әбдіжәміл Нұрпейісовтің осы фотодағы бейнесі басқа суреттеріне қарағанда ерекше көрінгені, соныменде назарымызды аударғаны шын.
Абыз ақсақал Әбдіжәміл Нұрпейісовтің басында ескілеу түлкі тымақ, үстінде келте шапан, қолында ағаш таяқ. Әбе өзіміздің теңіз жағалауы жұртының күнде көріп көз таныс болған бір қартына ұқсап қалған. Көбіне-көп бозаң жүзінен сыр бере бермейтін жазушы атамыздың екі бетінен нұры төгіліп, қызыл шырайланып, риза бір кейіппен күлімсіреп тұрғандай. Тоқсан жасында таяқ ұстай қоймаған Әбе қолындағы таяқты нық ұстап, еңсесі биік тұр.
Иә, бұл суреттің де жүрек жылытатын, сезімді селт еткізетін өзіндік тарихы бар екен.
Түлкі тымақ та, ерекше қатты ағаштан істелген таяқ та, шапан да Жасекен Құсбекұлына тиісті бұйымдар. Жасекен қарт осыларды өле-өлгенше, 1969 дылға дейін тұтынып келген. Ол – белгілі мәдениет саласының аралдық көшбасшысы Құдайберген Жасекеновтің әкесі.
Жасекен қарт пен Әбенің әкесі Кәрім айырылмастай дос болған. Өмірлерінде де тонның ішкі бауындай өте жақын араласқан. Екеуі де Арал теңізінің батысында, Құланды өңірінде туған. Балықшы ауылда қатар өскен. Сауаташу мектебінен азды-көпті білім алған еті тірі екі азамат отызыншы жылдары Шалқарға барады. Шалқар – болат жолдың бойындағы іргелі қала. Осында екеуі теміржолда қатар жұмыс істейді. Ұлы Отан соғысы басталғанда Кәрім қолына қару алып қан майданға аттанады. Сол қанды-қасапты майданда, Украинаның Тернополь қаласының маңында қаза табады. Сол соғысқа қатысқан Әбдіжәміл Нұрпейісов аман-есен елге оралады. Бейбіт өмірге бейімделіп, жазушылық жолға түседі. Алматы, Мәскеуде тұрады. Бірақ әр жыл сайын туған жері Аралға, ұлы теңізіне қайта оралып тұрады. Арлға келгенде көбіне-көп маңдай тірейтін екі үйі бар: бірі – немере ағасы Байғабылдың, екіншісі – әкесінің жан досы Жасекен қарттың үйі. Бұл екі үй де қаланың Буденный төбе аталған бөлігінің жоғарысына орналасқан Қазақ көшесінде бір-біріне қарама-қарсы тұрған үйлер.
Әбе сол келгенінде «Әкеме барайын» деп сағыныса келіп, балаша еркелеп, Жасекен қарттың құшағына еніп кететін. Үнемі қасында сырласып отырғанды жақсы көретін. Қарттың әңгімелері – таусылмайтын хикаяттар. Әр келгенінде осылайша бір жасап қалатын еді.
Алпысыншы жылдардың аяғында Жасекен қарт та дүниеден өтті. Ал Әбе оның бел баласы Құдайбергенмен әкелер достығын жалғастырып келе жатқан. Баяғыша Аралға келгенде Құдайберген ағаның үйіне түседі. Жасекен қарт дүниеден қткенде оның шапанын көрсетіп: «Әкемнің құшағында отырғандай болайын, маған беріңдер» деп сұрап алған. Тәберік шапанды алғанмен де «Келгенде өзім киемін» деп тастап кеткен. Бертінде Әбе әр келгенінде сырт киімін шешу бойына Құдайберген досына: «Әкемнің тымағы, шапаны, таяғы қайда?» дейтін бірден. Содан шапан мен тымақты киіп, таяқты қолға ұстап мәз болып қалатын. Көңілі алабөтен көтеріліп, өзіне-өзі тамсанып, тымақты бір иіскеп, шапанды бір иіскеп: «Әкемнің иісін-ай!» деп мауқын басып, қайта-қайта айтып, жұрттың назарын аударып рақаттанып, ерекше ләззат алып отыратын. Сонда сонау Украина жерінде, жат топырақта қалған әкесі Кәрімді де сағынып отырады ма екен?! Мұндай бір жайлы көңіл күйде көбіне бола бермейтін...
Сондай керемет бір сәтті Жасекеннің немересі Мәди Құдайбергенұлы суретке түсіріп алып, ұлы жазушыдан естелік қылып тарихта қалдырыпты.
Қазір Әбені елжіреткен түлкі тымақ та, шапан да, қол таяқ та – Жасекеновтер әулетінің шаңырағында құнды жәдігер болып тұр. Ел болып атап жатқан Әбдіжәміл Нұрпейісовтің ғасырлық мерейтойы қарсаңында тымақ пен таяқты «Әдебиет үйі» музейіне уақытша қойылған. Тігілгеніне ондаған жылдар болған түлкі тымақ көнетоз тартқан, ал қол таяққа үңіле қарағанымызда мықты ағаштан иіп істелгенін көрдік, екі жеріне темір сақинаша орналастырып немісше этикетка жазған. Мұны сонау алпысыншы жылдары Құдайберген Жасекенов ағамыз делегация құрамында Германияға барғанда сый тарту қып алып, әкесі Жасекенге әкелген екен...
Заманымыздың көрнекті суреткері, әлем таныған Әбенің бір суретінің қысқаша шежіре-тарихы осындай.

Ерғали АБДУЛЛА
12 қараша 2024 ж. 345 0