Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Әлем таныған Әбе» шарасының ашылуы өтті

«Әлем таныған Әбе» шарасының ашылуы өтті

Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына орай, «Ғасырлар толқынының дарабоздары» шарасының аясында Ә.Нұрпейісов атындағы әдебиет үйінде «Әлем таныған Әбе» салтанатының ашылуы өтті. Қасиетті Сыр өңірінде дүниеге келіп, бүкіл ғұмырын ұлтымыздың рухани кемелденуіне және қазақстандықтардың шығармашылық мүмкіндігін әлемдік әдеби аренада танытуға арнаған қайраткер Ә.Нұрпейісовтің өмірі мен шығармашылығы туралы жүргізушілер жан-жақты мәлімет беріп, облыс әкімінің орынбасары Ш.Байманов сөз сөйлеп:
– Саналы ғұмырының соңына дейін ақ қағазбен дос болып, арымен серттескен, туған жерінің талайлы тағдырына алаңдап, тұтас дәуірдің жүгін арқалай білген алып тұлға,артына көл-көсір мұра қалдырған Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовке биыл 100 жыл.
Бүгін өздеріңізбен бірге қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар халық жазушысы, аса көрнекті қаламгер, Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлт намысын ұран тұтқан ерен тұлғаның 100 жылдығына арналған «Әлем таныған Әбе»атты шараның салтанатты ашылу рәсімінде жүздесіп отырғаныма қуаныштымын!
Абыз жазушы Әбдіжәміл Кәрімұлы қасиетті Сыр өңірінде дүниеге келіп, бүкіл ғұмырын ұлтымыздың рухани кемелденуіне және қазақстандықтардың шығармашылық мүмкіндігін әлемдік әдеби аренада танытуға арнаған қайраткер. Ұлт перзентіне лайықты құрмет көрсету – елдіктің, қоғамдық кемелдіктің белгісі. Шын мәнінде сөз өнерінің әкесі болған Әбеңнің рухына жасалып жатқан құрмет – ұрпақтың рухани қазынасын молайта түсудің бір жолы.  Қорыта келсек, «Қазақ әдебиетінің қара нары» Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жас мерейтойы, жалғыз Сіз бен біздің емес, бүкіл қазақ халқының, қала берді қазақ әдебиетінің тойы. Ұлысқа игілік болатын игі ізін қалдырып, ұлт классиктерінің жолын лайықты жалғастырған қуатты қаламгердің өмірі кейінгі ұрпақ үшін әрқашан қастерлі, өлмес өнеге. Өнегелі ғұмыр кешіп, соңында мол мұра қалдырған Әбдіжәміл Кәрімұлының жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды.
Мерейтой құтты болсын ағайын! - деді Облыс әкімінің орынбасары.

Салтанатты шара аясында «Теңіз өмір арнасы» атты аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының қойылымы болды.
Ұлысқа игілік болатын игі ізін қалдырып, ұлт классиктерінің жолын лайықты жалғастырған қаламгердің өмірі мен шығармашылығы жайында кеңінен танысу мақсатында қонақтар Ә.Нұрпейісов атындағы әдебиет үйіне экскурсия жасады.
Мұнда Әбе болмысын аша түсетін рухани құнды қазыналар жинақталған. Түрлі тарихи суреттер мен қолжазбалар, Әбенің өзі тұтынған заттары мен сан алуан экспонаттар жиынтығы және классик жазушының өз қолымен қайта өңдеген кітабы қонақтарға ең құнды жәдігер ретінде таныстырылды.
08 қараша 2024 ж. 189 0