Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Заманның заңғар жазушысы

Заманның заңғар жазушысы

Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің әдебиетке сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ғасырға жуық өмір сүрген классиктің шығармалары елдің әлеуметтік тағдыры турасында сыр шертеді. Уақыт өзгергенімен, өзектілігімен өміршең. Жазушының туындылары әлем елдерінің бірнеше тіліне аударылып, жаһан жұртына таныс.
Өшпейтұғын артында із қалдырған жазушының туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Осыған орай, Жалаңтөс батыр ауылында ұлы тұлғаны ұлықтау мақсатында «Заманның заңғар жазушысы» атты облыстық көркемсөз оқу шеберлері байқауы өтті.
Шара қонақтарын клуб кіреберісіндегі «Ардақты елдің айбарлы арыстары» атты кітап көрмесі күтіп алды. Көрме ұйымдастырушысы, ауыл кітапханашысы Шұғыла Абашова әдебиет – халықтың жүрегі мен жаны, оны сезіну үшін өткенді түсініп, қазіргі мен болашақты ұштастыру қажет екеннін насихаттай отырып, заңғар жазушының шығармаларын оқуға шақырды.
Мұнан соң көрермендер кеш залына өтіп, кеш шымылдығы түріліп, Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Болат Жолтаевқа сөз берілді.
– Қазақ әдебиетінде туған өлкесін тамылжыта жырламаған ақынды табу мүмкін емес. Төмпегін төбеге, төбесін тауға дейін жеткізетін қазақ жазушыларының қатарында Әбдіжәміл Нұрпейісов те бар. Ол – әдебиетіміздің мақтанышына айналған алыбымыз, қазіргі қазақ әдебиетінің асқаралы биігі десек, артық айтқандық емес. Алыптардан кейінгі қазақ прозасының тізгінін ұстаған және оны танытқан таудай тұлға барша оқырманының, қазақтың санасынан орын алып, мәңгілік қалмақ. Осынау ұлы тұлғаны ұлықтау мақсатында шара ұйымдастырып жатқан¬дарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Сонымен қатар барша қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Мұнан соң байқау қатысушылары сахна төріне шақырылып, таныстырылды. Мұнда бақ сынауға аймақтың түкпір-түкпірінен ақындар келді. Дәлірек айтсақ, 18-35 жас аралығында өткен ақындар мүшәйрасына Қызылорда қаласы, Қармақшы, Арал ауданынан және жергілікті ақындар қатысты.
Екі кезең бойынша өткен сайыс қорытындысы бойынша жазушының жерлесі Арал ауданынан келген Олжас Қылышбекұлы бас жүлдеге лайықты деп танылды.
"Толқын" ақпарат
03 желтоқсан 2024 ж. 141 0