Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ғылым майданының жауынгері

Ғылым майданының жауынгері

Біз Ұлы Абайды қазақ руханиятының темірқазығы, Ахмет Байтұрсынұлын Ұлт ұстазы дейміз. Ал Қаныш Сәтбаевты қазіргі қазақ ғылымының атасы деуге болады. Қаныш Имантайұлы Сәтбаев – халқымыздың біртуар перзенті. Еліміз әлі күнге дейін оның ғылыми жаңалықтарының игілігін көріп отыр.
Қ.К.ТОҚАЕВ
Әр ғасырдың, әр дәуірдің жарық-сәулелі кезеңдерімен қатар қоңырқай-көлеңкелі тұсы да аз емес. Өткенің мен бүгінің, ертеңің – бәрі мидай араласып жатыр. Алайда, тарихтың кестелі шежіресіне кез келген пенде өз өрнегін қалауымен ойып сала алмайды. Тарихта аты қалатындар – топтан озған тұлғалар. Ал, өркениет атаулыны өрлетіп, жер бетіне игілік әкелген ұлылар қаншама? Міне, сондай ұлы тұлғаларымыздың бірегейі, халқымыздың аяулы перзенті, геология ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан белгілі ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаев. ХХ ғасырдағы ұлылардың бірі ғана емес бірегейі. Мұндай ғұлама адамдар өмірге жүз жылда, тіпті мың жылда бір келуі мүмкін. Бұл кісіні осы заманғы қазақ ғылымының атасы десек қателеспейміз. Ол тек қазақ геологтарының көшбасшысы ғана емес, кеңестік жүйедегі ең атақты оқымыстылардың қатарында тұрды. Шығыс Республикаларынан шыққан тұңғыш академик болды. Сәтбаевтің ғылымға қосқан жаңалығы қомақты да, жан-жақты. Тек геология саласында ғана емес, әдебиет, тарих, археология, топология, өнертену салаларына да қосқан үлесі орасан.
Бозбала Қаныштың Семей қаласындағы Абай кешін ұйымдастыруға белсене араласуы, А.Затаевичке қазақтың 25 әнін айтып беріп, нота¬ға түсіртуі, Баянауыл тауының бөктерінде «Еңлік-Кебек» спектаклін қойып, өзі де рөлде ойнауы, Мәскеуден «Ер Едіге» дастанын кітап етіп бастыруы, қазақтың тұңғыш театры туралы мақала жазуы – бәрі-бәрі атақ-даңқ қуғаннан емес, еліме, халқыма пайдам тисін деген елгезек ниеттен туған ізгі істер болатын. Қаныш Имантайұлының жасынан бойына сіңірген әлгі дүниетанымдық-фәлсафалық және ағартушылық-гуманистік мұраттарының көрінісі. Өмірлік ұстанымға айнал¬ған осы асқақ мұрат оның өзін де шырқау биік¬ке көтерді.
Қыруар ғылыми, мемлекеттік және қоғамдық міндеттер атқара жүріп, өз заманының саяси дауылдарының өтінде сан мәрте қыспаққа ұшыраса да, қарау қызғаншақтық пен көпе-көрінеу жалақорлықтың залалын көп тартса да, көңіліндегі рухын, үмітін, болашаққа сені¬мін, ізгі мейірімін жоғалтпаған сүйегі асылдықтың сыры қайда жатыр?! «Менің халқым менен де биік» деп марқайтқан қандай сенімнің күші?
1926 жылы Қ.Сәтбаев Атбасар түсті металл серіктестігіне келгеннен бастап, көп жылдар бойы Жезқазған, Қарсақбай, Ұлытау, Торғай, Атбасар, Есіл даласын зерттеді. Сол зерттеудің нәтижесінде Жезқазғанның байлығын анықтап, көптеген кен орындарын ашады. Түсті металл кендері, марганец, силикат, құрылыс, басқа да өндіріс кендері ашылды, көмір орны анықталды, қалың қатпар қорғасын, жез, күміс табылды. Қара темір, алтын мен молибденді ашты. Қаныш Сәтбаев ашқан жер қойнауындағы байлық қазыналарында осы күнгі өндірісті көркейтуге негіз болған химия элементтерінің барлығы бар деуге болады. Кен байлығын ашумен бірге сол қазба байлық шығатын жерлерге заводтар салдыруға зор үлес қосты. Тау-кен шикізатын басқа жерлерге тасымай, сол жерде қорытатын заводтар құрылысының қажеттігін дәлелдеді. Соның нәтижесінде Ұлы Жезқазған, Ұлы Алтай өндіріс орындары, Қарағандыдағы темір балқытатын заводы, Қарағанды-Ертіс каналы, Қаратау фосфориті салынды. Осы арқылы Қазақстанның өндіріс шаруашылығын өркендетуге күш салды.
1946 жылы 1 маусымда Қазақстан Ғылым Академиясы ашылды, оның тұңғыш президенті болып Қ.Сәтбаев сайланды. Сол жылы ол СССР Ғылым академиясының академигі атағына ие болды. Соғыстан кейінгі жылдары Қазақ ССР Ғылым Академиясы өндірістік орындармен творчестволық байланысты нығайту үшін академияның кезекті сессияларын Алтай, Орталық Қазақстан, Қостанай, т.б. республиканың өндірістік орталықтарында өткізді.
1951 жылы "ұлтшыл" деген жаламен Қ.Сәтбаев Қазақ ССР Ғылым Академиясының президенті қызметінен босатылды. 1955 жылы ол қайтадан Қазақстан Ғылым Академиясының президенті болып қайта тағайындалып, өмірінің соңғы күндеріне дейін осы қызметте істеді. Қазақстан Ғылым Академиясының жұмысын дамыта түсті. Көптеген салалы ғылыми-зерттеу институттары ашылды. Қаныш Имантайұлы физика-математика ғылымдарының, әсіресе ядролық физиканың дамуына жоғары мән берді.
Қ.Сәтбаев – жаңашыл ғалым. Ол металлогения ғылымының негізін салушылардың бірі, ал Қазақстанда осы ғылыми бағытты орнықтырушы деп атайды. 1950 жылдың басында Қазақ ССР Ғылым Академиясының Геологиялық ғылымдар институтында Орталық Қазақстан бойынша материалдарды жинап, оны талдау жұмысы аяқталды. 1954 жылы жұмыс макеттері және жүйеленген металлогениялық болжам карталары жасалынады. 1958 жылы Орталық Қазақстанның металлогениялық болжам карталарын жасағаны үшін Қ.Сәтбаев бастаған Қазақстан ғалым-геологтар тобы Лениндік сыйлық алды. Ғалым – 641 еңбектің авторы, оның 534-і орыс тілінде, 98-і қазақ, қалғаны басқа тілдерде жарық көрді. Ғылыми еңбектерінің басым көпшілігі Қазақстанның минералдық қоры, мыс рудалары, түсті металдары, көмір, мұнай, газ, басқа да шикізат ресурстары жайында болды.
Қ.Сәтбаев өзінің мамандығымен бірге әдебиет пен өнерді, тарихты меңгерген. Бұл ғалымдарды рухани жан дүниесін байытумен бірге кен зерттеу ісіне де пайдаланған. Қаныш Сәтбаевтың осындай жан-жақтылығын Мұхтар Әуезов "Қазақ халқының зор ғалымы" атты мақаласында жазды. "Қаныштың үлкен бір ерекшелігі – ол химикпен де, биологпен де, физикпен де, медикпен де және тарихшымен де, филологпен өздерінің ғылыми тілінде сөйлесе біледі. Мамандық тілдерімен үндесіп, ұғыса біледі" – дейді М.Әуезов.
Қ.Сәтбаев тұңғыш "Алгебра" оқулығын жазған. Ол педагогикалық училищені бітіріп, алғаш ұстаздық қызметін бастағанда қазақ тілінде математика оқулықтарының жоқ екенін ескеріп, ана тілінде алғаш рет алгебра оқулығының қолжазбасын латын және араб әріптерімен жазған.
Қ.Сәтбаевты ғалым-математик дей аламыз.
Қаныш Имантайұлы 1964 жылдың қаңтарында өмірден озды. Ол қазақ жерінің жер қойнауында ашылған ғылыми институттарды, ғылым академияларды ғана емес, пайдалы қазбалар кен орындарын, оларға салынған кеніштер мен қалаларды да құрды және ұрпақтарына қалдырды. Ең бастысы – өзі туралы жарқын естелік, білімге деген шексіз құштарлықтың, халыққа риясыз қызмет етудің өшпес мысалы.
«Халқым менен де биік!» деп ұлтының мәртебесін аспандатқан. Өзінен келесіге із қалдырып, қаншама шәкірт тәрбиелеген.Ұлы ғалымның ғибратты өмірін, ғылымдағы жолын өзімізге үлгі тұтатын, ұрпақ тәрбиесіне қосатын мол мұрасының, ірі тұлғаның жан-жақтылығы мен келер ұрпаққа ой салатын патриоттық сезімі, іскерлігі, өмірі нағыз үлгі болары анық...
Гүлбадан БАЙМАҒАМБЕТОВА,
Арал индустриалды-техникалық колледжінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушысы
04 желтоқсан 2024 ж. 32 0