Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ерекше есім еншілегендер

Ерекше есім еншілегендер

Әлемде талай қызық бар. Соның бірін адамға тал бесіктен жер бесікке дейін серік болар есімдермен байланыстыруға болады. Расында адам баласы шыр етіп жарық дүниеге келгенде оған бірінші азан шақырып ат береді. Ал осы есім қоюда ерекшелікке ұмтылатындар өз алдына, тарихта қалған ұлы адамдардың есім-сойын баласына беретіндер де бар. Бүгінде сол бір Ахмет Байтұрсынов пен Мұхтар Әуезовтер арамызда әлі де жүргендей. Аты мен тегі осы зиялы қауым өкілдерімен сәйкес келетін естір құлаққа жатық әрі жағымды есімдерді жаңа жыл қарсаңында іздестіріп көрдік. Аралдан да Ахмет, Мұхтарлар табылды. Бұл жайында сәл кейінірек.

Елімізде балаларына түрлі есім беретін ата-аналар да бар секілді. Бәлкім, оларда елден ерекше болсын деген ниет бар шығар. Біз осы кезге дейін Бюллетень, Олимпиада, Каронабек, Теңге және Нұротан деген есім еншілегендерді естідік. Алайда Бәйдікэкспо деген есімді естігенде сенер- сенбесімізді білмедік. Бәлкім, елден ерек болу деген осы шығар. Расында елден ерек есімдерді жіпке тізгенде есіңді алатындары, есіңде қалатындары, қала берді түрлі ой салатындары да жетіп артылады. Ал мына қызыққа қараңыз. Әлемде ең ұзақ есім 1478 әріптен тұрады екен. Ол есімді жазып шығамын дегенше бір мақала жазатын уақыт кететін шығар. Бұл есімдерді сіз білсін деген оймен айттық. Негізі айтпағымыз, халқымыздың қаймақтары саналған зиялы қауым өкілдерінің есімін өлтірмей алып жүргендер жайында. Біз бұл жайында сұрастырып көрдік. Ауданда Абай Құнанбаев, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Қадыр Мырзалиев, Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезовтер өмірге келген екен. Алайда оның барлығын тауып, тілдесу мүмкін болмады.
Біз білетін Қадыр Мырзалиев қазір Қарақұмда тұрады. Есімін әкесі Темірбектің ағасы Нұрлыбек Қадыр Мырзалиевтей болсын деген ниетпен қойған. Бірақ бүгінгі Қадыр кешегі Қадырдей шығармашылықты емес, денсаулық сақтау саласын таңдады. 1990 жылдың қазан айында дүниеге келген Қадыр ауыл мектебін бітірген соң, Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан медицина колледжінде фельдшерлік білім алады. Қазір туған жеріндегі дәрігерлік амбулаторияда фельдшер болып 2014 жылдан бастап еңбек етіп келеді. Жас маман бұған дейін Шымкент қаласындағы СВА жанұялық дәрігерлік амбулаториясында және Тоқабай дәрігерлік амбулаториясында қызмет жасаған. Бүгінде орда бұзар 30 жастан асқан Қ.Мырзалиев бір отбасының тірегі, үш қыздың қадірлі әкесі.
– Есімімді қойған ағам Нұрлыбек шын мәнінде мені де Қадыр Мырзалиевтей халық жазушысы, ақын болсын деген шығар. Қалай дегенмен Қадыр атамыз халықтың адамы болған ғой. Менің де негізгі мақсатым ердің емес, елдің баласы болу ғой. Сол мақсатпен туған еліме қызмет етіп келемін. Бұл саланың жауапкершілігі көп. Сонысымен де қиын әрі қызық. Әрқашан шамам келгенше елдің алғысын алуға тырысамын. Ол үшін еңбек ету керектігін жақсы білемін. Бар ойым – Қадыр Мырзалиевтей болмасам да, сол кісінің атына кір келтірмей, адамдық жолдан таймай жүру, – дейді Қ.Мырзалиев.
Қазіргі қала әкімі Ербол Тәлекеновтің Қаныш Сәтбаев есімді тұңғышы осы Аралда тұрады. Қаладағы №14 мектеп-лицейдің 2 сыныбында оқитын оның өзінен кейін үш қарындасы бар. Мұны да кездейсоқ білдік. Ал есім қоюда кездейсоқтың болмағаны түсінікті. Себебі қай қазақ баласын Қаныш Сәтбаевтай болсын демейді. Біле білгенге Қ.Сәтбаев геолог-ғалым, минерология ғылымдарының докторы, профессор. Қазақтан шыққан тұңғыш академик екенін былайғы жұрт жақсы біледі. Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы және оның тұңғыш президенті, Қазақ КСР академиясының академигі, Кеңес Одағының және Қазақстанның металлогения мектебінің негізін қалаушы ретінде тарихта есімі алтын әріптермен жазылған. Міне, осы атақтың өзі пенде Қанышты тұлға Қанышқа айналдырып тұр емес пе?! Тұңғышын сол Қаныш атасындай болсын деген ниетпен қойған Ербол бүгінде баласының болашағынан үлкен үміт күтеді.
– Қазақта үйдің тұңғышын кемпір-шалдың баласы деп атау үрдісі әлі де жойылған жоқ. Сол ізбен біз де тұңғышымызды шал-кемпірге бердік. Бірақ атын қоюда өзімде Қаныш атасындай елге сыйлы тұлға болсын деген ниет болды. Өйткені Қаныш атамыз соғыстан кейінгі жылдары елдегі ғылымда жүрген адамдардың басын қосып, Қазақ Ғылым академиясын құрған тұлға. 1921 жылы халық сотындағы абыройлы қызметін тастап, Томскідегі техникалық институтқа түседі. Мұндағы ойы еліміздің қазба байлығы саналған тау-кен орындарының геологиясын зерттеу болатын. Сол мақсатына жете білген академиктің есімі Қазақстан тарихында алтын әріптермен сақталып қалды. Міне, біздің бала Қаныш та осы атасындай үлкен азамат болса деген ой ғой. Кім баласының жаман болғанын қалайды дейсіз. «Тумасаң да ұқсап бақ» деген ғой. Есімінде ерекшелік бар бала Қаныштың дара Қанышқа айналуын біз де тілейміз,– дейді Е.Тәлекенов.
Иә, халқымызда «Балаң жақсы болса жердің үсті жақсы, балаң жаман болса жердің асты жақсы» деген керемет тәмсіл бар. Расында, кім баласымен мақтанғысы келмейді дейсіз. Дана Абайды тудырған Құнанбай да «Абай мықты болса, өзіндей бала туғызсын» деп мақтанды емес пе?! Сондай абыройлы есімдерді еншілеп жүрген қазіргі буын сол текті тұлғалардан өте тумаса да жете туса қане?! Ерекше есім еншілеген жандардан біз сондай даналық пен даралықты күтеміз. Лайым солай болғай!

А. БИСЕНОВ
01 қаңтар 2022 ж. 853 0