Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Нұрсұлтан есімін еншілегендер

Нұрсұлтан есімін еншілегендер

Адам өмірге келген соң ең бірінші еншілейтіні – есім. Әрине халқымыз баласына ат қоюды да елеусіз қалдырмаған. Кімге қандай есім беру керектігін мұқият ескеріп, әлдебір негізге сүйене отырып ұрпағына ат қойған. Ондағы ойы – елден ерекше болсын, берілген есіміне лайықты тұлға болып қалыптассын дегені.

Біз 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні қарсаңында Елбасының есімін еншілегендер жайында білмек болдық. Алдымен еліміз бойынша айтсақ. 2018 жылғы дерекке сүйенсек, еліміз бойынша 45 мыңға жуық Нұрсұлтан бар екені айтылған. Ал Елбасының аты-жөнімен толық сәйкес келетін 100-ден астам азаматтың бар екені анықталған. Мұндай сәйкестіктер кездепесе де, Арал ауданы бойынша біршама Нұрсұлтанның бар екенін білеміз. Айталық, сонау 1991 жылы еліміз Тәуелсіздік алғаннан бастап, күні бүгінге дейін аудан бойынша 324 балаға Нұрсұлтан есімі берілген екен. Баласын Нұрсұлтан деп атаған ата-аналар 1992 жылы көп болған екен. Яғни сол жылы отыздан астам балаға Нұрсұлтан есімі берілген. Мұндай есімді берудегі негізі мақсат – Елбасы Н.Назарбаевтың құрметіне болса керек. Содан кейінгі әр жылдарда Нұрсұлтандар өмірге келген.
2005 жылы Елбасы Аралға келіп, осындағы жұрт бірнеше тарихи оқиғалардың куәсі болды. Сол жылы да баласына ырымдап Нұрсұлтан есімін бергендер көбейген. Нақтысы, Аралда сол жылы 22 Нұрсұлтан өмірге келген екен. Бүгінде сол бала Нұрсұлтандардың алды 30 жасқа келді, кенжесі 1 жаста.
2013 жылы «Аралға Елбасы келеді» деген хабарды жылы қабылдап, сол кезде өмірге келген немересіне Нұрсұлтан есімін берген Нағима әжей, қай уақытта болмасын Елбасының елдік мүдде жолындағы әрбір бастамасына тілеулес болып жүретін жан. Бүгінде сексеннің сеңгіріне таяған қарт қазынаның Нұрсұлтаннан өзге де көптеген немере-шөберелері бар. Солардың ішінде өзі есімін қойған Нұрсұлтанын жанына жақын тартады. 4 қыздан кейін өмірге келген немере Нұрсұлтанын қайда барса да жанынан бір елі қалдырған емес.
– Сол жылы келінім бесіншісіне жүкті еді. Дәрігерлердің белгілеген уақыты шілде айының басына келді. Іштей ойлап жүрдім. 6 шілде күні туылса, атын Елбасының атымен аттас қылып "Нұрсұлтан" қоямыз деп шештік. Бірақ немерем 7 шілде күні өмірге келді. Сонда да ырымдап атын Нұрсұлтан деп қойдық. Бүгін сол Нұрсұлтаным қаладағы №220 мектептің 3 сыныбында оқиды. Оқу үлгірімі де жақсы. Өте алғыр, елгезек болып өсіп келеді. Кім біледі, ержеткен соң Нұсұлтан атасы секілді биік мінберлерден көрінетін шығар. Өзім соған тілекшімін. Қазір өзім 80 жастың төріне шықтым. Алланың берген немере-шөберелеріне баймын. Бірақ солардың ішінде осы Нұрсұлтаным өзіме бір төбе. Осы баламның жетістіктеріне ерекше марқайып отырамын, – дейді Нағима әжей.
Аралда тұратын Нұрсұлтандардың бірі – Мергенбаев Нұрсұлтан бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. 1993 жылдың жазында жарық дүние есігін ашқан жігіт Нұрсұлтан еліміздің бас қаласында кәсіпкерлікпен айналысады. Бүгінде сол қаланың тұрғыны болып кетті десе де болатын шығар.
– Атымды атам Өтепберген қойған. Өзі Елбасымен түйедей құрдас. Бәлкім, атымды Нұрсұлтан деп қоюда осындай сәйкестіктер бар шығар. Есімім өзіме ұнайды. Көп жерде көмегі тимесе де, сәттіліктерге жол ашатындай сезіледі. Қайткенмен тарихи тұлғаның есіміне кір келтірмеу кім-кімнің басты мұраты деп ойлаймын. Сондықтан өз басым осындай есімім бола тұра тура жолдан тайып, жаман жағымды көрсетпеуге тырысып келемін. Өзім тұрып жатқан әсем қаланың Елбасының арқасында осындай дәрежеге жеткенін білемін. Бұл Тәуелсіздік жылдарындағы Елбасы еңбегінің бір парасы ғана деп ойлаймын. Осындай еңбегі ерен тұлғаның есімін еншілеу мен үшін үлкен мақтаныш, – дейді Н.Мергенбаев.
Иә, бәзбіреулердің түсінігінде балаға есім қоюда еш мән болмауы мүмкін. Оны жай ғана сәйкестік деп қабылдауы да содан шығар. Алайда халқымыз сәбиге ат қою дәстүріне атам заманнан аса жауапкершілікпен қараған. Балаға мағынасы дұрыс, құлаққа жағымды, көркем ат қоюға тырысқан. Сондай-ақ, еліне еңбегі сіңген тұлғалардың да есімін беру үрдісі халқымыздың бұрынан келе жатқан ескі жолы. Елімізде өмір сүріп жатқан Нұрсұлтандар да көненің жолымен жалғасқан үрдіс негізінде сол есімді еншілегендер деуге толық негіз бар.

А. БИСЕНОВ

01 желтоқсан 2021 ж. 874 0