Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Дұшпанына айбат болған батыр баба

Дұшпанына айбат болған батыр баба

Алтай мен Атырауды алып жатқан ұлан-ғайыр дала бабалар аманаты. Осынау кең байтақ құтты мекенде мамыражай тірлік кешкеніміз үшін үкілі найза қолға алып, көз алартқан жауға жай соққандай тойтарыс берген батырларымызға әрқашан қарыздармыз. Жоғарыдағы бас тақырыпта арқау еткеніміздей, батыр ерліктері кейінгі жастарға жыр-дастан болып қала бермек.
Хош. Бүгінгі айтпағымыз кіші жүздегі алты Әлімінің Жаманағынан тараған Шектінің үлкені Шығанақтың ұрпағы Құл батыр жөнінде еді. Дұшпанына айбат болған Құл батыр Шекті елінің әрі көсемі, әрі қысылтаяң кезде қол бастайтын жау жүрек батыр болғанын тарих айғақтайды. Қилы-қилы заманда жұртының жоғын жоқтап, ұрпақ үшін ат үстінен түспеген батырдың тіршілік кешкен тағдырлы жолы тарих тереңіне үңілсек, шамамен 1691-1766 жылдар деп топшыланады. Бұған себеп те жоқ емес. Нақтырақ тоқталсақ, әйгілі Бақтыбай батыр 18 жасқа толғанда Құл батыр батасын беріп: «Айналайын, сен енді кемеліңе келдің, бұдан былай қолдың екі жағын екеуміз бастап жүреміз. Біріміз түзге кеткенде, енді біріміз елде қаламыз» дегенде, 25 жасқа келген, әбден толысқан қас батыр болса керек. Бұл жөнінде халық арасында ауыздан-ауызға тараған аңыз әңгімелер көп-ақ.
Жаугершілік уақыт. Бейбіт елдің берекетін қашыратын дұшпан көп. Осындайда ұлтқа қорған болатын, болашақтың қамын күйттейтін батырлар болмағанда бүгінгідей «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бақытты өмірді елестетудің өзі қиын екенін ұғынасың. Артынша, азаттықтың таңы атқанына шүкірлік қыласың. Сөзімізге арқау еткен Құл батырдың нағашысы да дәуіріне еліне ұран болған Байұлы Ағатай батыр екен. Батырлығынан бөлек, әулиелік қасиет те бойына дарыған Құл батырға бірде Бақтыбай түс көріп, жорытады:
– Ата, түнде түс көрдім, түсімде сен атқа бір қарғып мініп кеттің. Ал, мен үш ұмтылып зорға міндім. Осыны жорып берсеңіз, – деп қолқа салады. Сонда ерлігімен танылған әулие баба былай деген екен.
– Ой, айналайын-ай менің бір ырғып мінгенім әруағым өзімнен кейінгілерге қалмайды екен, ұрпағым аз тарайды екен. Ал сенің үш ұмтылып мінгенің әруағыңның өзімнен кейінгі үш ұрпаққа дариды екен, ұрпақтарың да біршама тарайды екен, – деп сөз сабақтайды. Құл батырдың шындықпен үндесестін көрегендігі бұл ғана емес. Талай рет сол дәуірдегі нарқасқалар мойындап құдіретіне бас иген. Жалпы, батыр бабаның азан шақырып қойған аты Құл батыр болғанымен, оның көзсіздігі, дұшпанға қырғидай тиген батырлығы танылып, батыр деген атауды қосымша еншілеген. Ел шын пейілмен лайықтап берген атау қазірге дейін жетті. Әлі де сол атау қазақ халқы барда асқақтай түспек. 
Қазақ елінің бостандығымен азаттығы жолында аянбаған баба ғұмырында ел үшін жанын шүберекке түйген біртуар тұлғалардың қатарынан табылғанын әлі де мақтана айтамыз. Оған  Құл батыр Қаратайұлы жайында аңыз әңгімелердің көптігі дәлел. «Бай қуанар егізге, тартпай қоймас негізге»  демекші, Құлдың нағашысы Ағатай батыр екенін жоғары жақта тілге тиек еттік емес пе? Ол Тәуке ханның Түркістан жорығындағы еділ қалмақтарымен өткен қанды шайқаста қалың қолды басқарған Байұлы, жебе таңбалы Берішке ұран болған Ағатай, яғни, Исатай мен Махамбеттің арғы аталары. Бұл туралы Құл батыр әулие жөнінде жазып құрастырған Бекет Есенжолов Құрмашұлы мен Манасбай Оралбаевтың «Құл батыр әулеті» кітабында кеңінен көрсетіледі. Аталған жинақта 1729-1730 жылдардағы Аңырақай-Итішпес шайқастары жөніндегі тарихи мәлімет қаузалған. Найзагерлер мен қылышкерлер жан алып, жан беріскен сол ұрыста Ұлы жүз Орта жүз әскерлерімен бірге Кіші жүзден жасақталған сарбаздар аянып қалмаған. Ойларында тек жеңіске деген сенім маздаған батырлар қанды жорықта жаудың бетін қайтарған. Сол шайқаста Құл батыр ту ұстап, шепті бұзып, шектінің ұранына айналғаны тарихтан мәлім. Еділ қалмақтарының қаны Аюкенің жиені, ойраттың Шоорос тайпасының батыры Доржы Сенкудің басын шапқан батыр бабамыздың арқасында сірескен жаудың екпіні қайтып, шектілердің айы оңынан туып, ұрыс даласында алға жылжуларына жол ашылған. Осы ұрыста қабақ Бақтыбай батыр да айрықша ерлігімен көзге түсіп, «Құл, деп ұрандап шауып, дұшпанына қылыш болып кесіп, найза болып қадалған. Сонда Бақтыбайдай айнымас серігінің қайсарлығына, ерлігіне тәнтті болған Құл батыр ендігі жерде жауға жебе болып атылғанда, қылыш боп осқанда «Бақтыбайлап ұрандаңдар» деп айтқан деседі. Бұл жайлы ақын Зиядин Әбдуалиевтің  «Бақтыбай батыр» дастанында:
Жарылқа, қысылғанда Жасаған бір,
Жарықтық кім болды екен жас адам бұл?
«Құл ата, Құл ата!» деп ұран салып,
Боз атты шыға келді тасадан бір.
Жұлдыздай жау шебіне ағып өтті,
Мұнартып төбесінен сағым өтті.
Қоғадай жапырылып құба қалмақ
Құлатты қыл жалауын «нағылеттің».
Құл ата риза бол хақ Құдайға,
Қол жайып бата берді Бақтыбайға.
«Ұран да, қолбасшы да өзіңсің деп
Ұланды ұғындырды нақты жайға, – деп жазады.
Иә, бар-жоғы бозбала кезінде-ақ атқа қонған батыр Бақтыбай оқ бойы озып барып, туды құлатқан. Бұл көрініс хақында Жиенбай жырау да былайша жырлайды.
Құланды әулие Құл ата
Әруағы болған тектінің
Батасын алған Бақтыбай,
Ұраны болған Шектінің, – деп қанқасап ұрысты айна-қатесіз суреттейді.
Иә, Құл батыр даңқты батыр. Тарихи тұлғаның елдің қамын күйттеп, елдің жоғын жоқтағанымен қатар, көріпкелдігі де бар екенін жоғары тұста айттық, жаздық. Жаумен шайқас барысында жеңетінін немесе жеңілетінін алдын ала божап отырған. Құл баба Тама Есет Табын Бөгенбай, Назар Жомарт сынды жүрегі жерім, елім деп соққан батырлармен бірге иық тірестіріп соғысқан. «Қалмақ қырған» соғысында басшылық етіп, жау санының көптігіне қарамастан дұшпанды орасан шығынға батырып, жеңіс жалауын желбіреткен. Осындай қайталанбас тұлғаны қаншама ақын жырға қосты. Аузы дуалы, қазақ ұлтына мәлім билермен замандас болып, көптің көкейіндегі күрмеулі мәселелерді шешуден бөлек, ана жағы Каспий, мына жағы Арал теңізін қамтитын байтақ далаға қорған Құл батыр туралы:
Батыр айтсаң Әлім айт,
Жақайымда Құл батыр.    
Бес қаруын асынып,
Дұшпанын топтан қашырған.
Қыста Сырды қыстан,
Жазда Жайықты жайлаған.
Шекті Жиенбай жырлаған, – деп келетін өсиетке толы терме сөздері ары қарай былайша өріледі.
Құланды әулие Құл батыр,
Әруағы болған тектінің.
Батасын алған Бақтыбай,
Ұраны болған Шектінің, – деп жалғасады.
Бүгінгі таңда Құл батыр баба биді Құланды жерінде жатыр. Ұрпақтары да ауыз толтырып айтарлық дәрежеге жеткен. Бәрі дерлік Тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеуіне тындырымды тірліктерімен үлес қосқан. Кіші жүздегі алты Әлімнің Жаманағынан (Шектінің) үлкені Шыңғыс тарайды.   Шыңғыстан Жақайым, Жақайымнан Көгіс, Көгістен-Торжынбай, Торжынбайдан Қартай, Қартайдан Құл батыр туады.  Басқан ізі мен айтқан сөзі жұртшылықтың жүрек кестесіне тоқылған Құл батыр баба жауды жеңу, не жаудан өлу-ел мұраты екенін дәлелдеп өткен.
ХVІІ-ХVІІІ ғасырда өмір сүрген қазақ халқының азаттығы жолында жоңғар қалмақтарымен басқа да сыртқы жауларымен шайқаста теңдессіз ерлік көрсетіп, жатпай-тұрмай ұрпағының амандығын ойлаған Құл батыр Қартайұлының бітім-болмысын бір мақаламен қамту әрине аздық етеді. Алайда сөнбес сәулеге айналған ғибратты ғұмыр иесінің өшпес ерлігін аз ба, көп пе ұлықтау бізге парыз. Өйткені, ерлік қай кезде де ел есінде жатталып, кейінгі буынға үлгі болып қалуы тиіс.
А.ЖАЙШЫЛЫҚ
07 желтоқсан 2024 ж. 170 0