Көк теңізде ізі қалған
Сүйікті қаламыз Аралдың темір жол жиегінде Талант Бөріқұлақов атындағы көше бар. Дереккөзде Талант Әмитжанұлы Бөріқұлақов қазақтан шыққан тұңғыш атом сүңгіуір қайығының инженері, кіші командир, І рангалы капитан деп көрсетілген. Негізі Қазалының тумасы. Адмирал Нахимов атындағы Ленинград /қазіргі Санкт-Петербург/ әскери-теңіз училишесін, әскери-теңіз акедемиясын бітірген. Ресейдің солтүстік флотындағы атом сүңгуір кемелер құрамасында саяси істер басқармасының бастығы қызметін атқарған. 1947 жылдың 5 мамырында туып, 1989 жылдың 7 сәуірінде әскери тапсырма орындау кезінде қайғылы қазаға ұшыраған. Қазалы қаласында да оның атына көше берілген. Ғани Мұратбаев атын.дағы мемориалдық музейде оған арнап арнайы көрме жасалған. Әкесі Әмитжан Сыр өңіріне белгілі жырау, термеші болған адам.
1989 жылдың 7 сәуір күні Советтер Одағының соңғы үлгімен жасалған аса құпия торпедалық «Комсомолец» К-123 атом сүңгуір қайығы әскери-жатттығу сапарына шығады. Бұл бір жағынан жаңа құрылғыны әскери сынақтан өткізу болатын. Сол күні сағат 11-де қайық Норвегия жағалауының Медвежья аралының тұсына келгенде корабль двигателінің жұмысын реттейтін 7 сектордың электр желісінен өрт шығады. Өрт лезде күш алып, келесі 6 секторға өтеді. Нәтижесінде секторларды бір-бірінен қорғап тұрған герметикалық жабдықтар балқып, радиация мен аса улы көмірқышқыл газы кеменің бүкіл корпусына тарай бастайды. Кемеге алапат апат қаупі төнеді. Дереу әскери дабыл қағылып, кеме экипажы түгелдей өртті сөндіріп, орын алған ақауды ретке келтіруге жұмылдырылады. Кемедегі апат жайлы орталық штабқа хабарланады. SOS белгісі жіберіледі. Экипаж мүшелері сағат 17:00-ге дейін апатпен арпалысады. 10 адам күйікке шалынып, кеме корпусында қаза табады. Бұл аралықта экипажды құтқаруға Солтүстік флоттан үстінде вертолеттері бар крейсер келеді. Бірақ крейсер жанып жатқан қайыққа 300 метрден әріге жақындай алмайды. Өйткені қайықта кез-келген мезетте үлкен жарылыс болса, крейсердің өзі апатқа ұшырауы мүмкін еді. Ал қайықтың үстінде ондаған метр радиация мен улы газ шапшып тұрғандықтан вертолеттерде дендеп жақындай алмайды. Соған қарамастан қайықтың үстіне жанталасып шыққан бірқатар теңізшіні құтқаруға қол жеткізеді. Үлгере алмаған 29 теңізші суға қарғиды, оның 19-ы қаза табады. Қайық 17 сағат 8 минутта тұмсығымен тік шаншылып, суға батып кете барады. Құтқарушылар өлісі-тірісі аралас 30-ға жуық адамды су бетінен теріп алады. Олардың 3-і орталық базаға барғанда қайтыс болады.
Сонымен қайықтағы 69 теңізшінің 42-сі қаза табады. Қаза тапқандардың ішінде біздің жерлесіміз Талант Бөріқұлақов та бар еді. Құтқарылғандардың да көбісі кейін радиация мен күйіктің зардабынан қайтыс болып кетеді. Бұл қайғылы оқиға жайлы ақпарат кезінде бүкіл әлемге тарады. Кеңес Одағы қайтыс болған 42 теңізшінің тізімін де жариялады. Кейін олардың біразына Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ал Талант Бөріқұлақов Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталды.
Дәл осындай жағдай 2000 жылдың 12 тамызында да орын алды. Осы Солтүстік флоттан әскери оқу-жаттығу сапарына шыққан, ол да соңғы үлгідегі аса құпия «Курск» К-141 атом сүңгуір қайығы Баренц теңізінің Кола шығанағына келгенде қайықтан өрт шығып, кеме апатқа ұшырайды. Кеме бортындағы 118 теңізшінің бәрі қаза тауып, кеме суға батып кетеді. Бұл апат жайлы түсірілген Курск К-141 деген көркемсуретті кинофильм де бар.
Әйгілі болгарлық көріпкел әйел Ванга бұл туралы Курск суға кетеді деп сәуегейлік те жасаған. Бірақ бұл болжамға көптеген адамдар "Курск биікте тұрған жер, жақын маңында су жоқ, қайдағы суға кетеді, кемпір алжиын деген екен" деп күлген. Бірақ Ванганың айтқаны дәл шықты. Тек ол Курск жері емес,осы аттас қайықты айтқан екен.
Ал жоғарыда аталған көшені жауынгерлік тапсырманы орындау жолында ерлікпен қаза тауып, өмірден ерте кеткен қаһарман бауырымыз Талант Бөріқұлақовқа көрсеткен аралдықтардың құрметі деп білу керек.
Жақсыбай ТӨРЕБЕКОВ