Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сөздің сырын ұғып жүрміз бе?

Сөздің сырын ұғып жүрміз бе?

Айтамыз, бірақ оның астарында не жатқанын біле бермейміз. Сол сөздердің бірі – «Жүрген аяққа жөргем ілінер» деген сөз. Мұны айтқан кезде, әйтеуір тыным таппасақ, бір мол олжаға кезігерміз дегені ғой деп топшылаймыз. Меңзеуіміз дұрыс, бірақ осы жөргем деген не? «Сүбелі үлес қостым» деп марқаятынымыз бар. Бірақ, осы «сүбелі» деген не, оған да назар сала қоймаймыз. Олай болса, осы екі теңеудің теңін шешіп көрсек.Көшіп бара жатқан қазақ ошақтың түбіне нан көміп кететін болған. Ол кейінгі көш керуеніне деген қамқорлықты білдіреді. Малдың ішегін үрлеп, кептіріп, көшкен кезде асабаға ілінген күйінде қалдырады. Соңғы көш жұрттағы ошақтың басынан таба нанды алып, ілулі қалған ішекті қайнатып жеп, талғажау еткен екен. «Жүргенге жөргем ілінеді» деген сөз содан қалған. Егер көшкен ел жөргем тастамай кетсе, ол елді сынаған.
Дайындау тәсілі: төстің етегіне тоқ ішек пен таспалап тілінген қарынды орайды. Оның сыртын ащы ішекпен қатты орағанда, жөргем жасалады. Жөргемді асуға да, турап қуыруға да болады.
Ал, енді сүбелі үлес қосудағы «сүбенің» негізіне тоқталайық. Ол үшін сүбе деген не? Ол – арнайы дайындалған қазы секілді ет.
Сүбені жасау үшін ең алдымен, қойдың сүбе қабырғасының сыртын сылып, тұздайды. Оның үстіне ұсақталып туралған сарымсақты, үккіштен өткізілген сәбізді салып жаймалап, өз қалауы бойынша дәмдеуіштер қосады. Ішіне тағам, көкөніс толтырылған етті қатты орап, сыртын жіңішке жіппен айналдырып бекітеді. Сүбе қазанға салынып, етпен бірге піседі. Сүбені қажетіне қарай сүрлеуге болады.
Енді «сүбелі үлес қосуға» тоқталайық. Егер бір үйге қонақ келіп қалып жатса, көрші, абысын-ажындары қазан табаққа көмекке келеді. Жоғын беріп, жыртығын бүтіндеп, елге келген мейманды ағайын болып қарсы алып, жайғарады. Осы кезде жаңа сойылған қойдың етінің дәмін кіргізу үшін сүрленген ет қосу керек болады. Міне, бұл кей үйде болмауы да мүмкін. Сол кезде көршісі не жақыны өз үйінен сүбе әкеліп қосады. Бұл келген қонақтың табағына салынатын кәделі ас болмақ және тамақтың дәмін кіргізеді. Яғни, сол тамақтың тәтті болып пісуіне үлкен көмегі тиеді. Міне, біздің қолданып жүрген «сүбелі үлесіміздің» сыры осында.
Қазақта ашық және астарлы қарғыс кең етек алған болса, астарлы қарғыстың бірі – «Алды-артыңа бір уыс топырақ” деген қарғыс. Бұл сөзді қайдан алды және неге су, шаң, ұнтақ шөп емес, топырақ?
Бір уыс топырақ деуі, адам дүниеден өткен кезде оның қабірінің ішіне ақ шүберекке түйіп, бір уыс топырақ салады. Ондағы мақсат, осы топырақ сауап таразысына түссін дегені. Енді бір қағидаттарда «Зүлзала» сүресіне сүйенеді. Онда «сол күні жер қопарылып жатқанда, адамдардың күнәсін жер айтып барады» делінген. Біздің қазақтың «жер айтып бармасын» деуінің бір төркіні осында. Біздің салған топырағымыз тек жақсылыққа ғана куәгер болсын деген ниет. Сондықтан бейіттің басына барған адам жерден бір уыс топырақ алады да, оның бас жағына себеді. Осы қағидатты қарғыстың сипатына алған. Яғни, қарғаған адамына өлім тілеу.
Екіншісі – Бәдір соғысындағы оқиға. Аллаһ елшісі Мұхаммед (с.ғ.с) мүшіріктермен шайқас қызып жатқанда: «Уа, Аллаһ! (бүгін исламды ұстанушылардан) осы топты жойып жіберсең, жер бетінде саған құлшылық етілмейді. Уа, Аллаһ! Егер қаласаң, бүгіннен кейін Саған ешқашан құлшылық етілмейді» деп ұзақ дұға етеді.
Сонда Алла тағала періштелеріне: «Мен сендермен біргемін. Иман келтіргендерді бекітіңдер. Кәпірлердің жүректеріне үрей тастаймын. Олардың мойындарының үстінен ұрыңдар әрі оларды әрбір буынынан ұрыңдар» деп уахи етті және пайғамбарына (с.ғ.с.): «Сол кезде сендер Раббыларыңнан жәрдем тілеуде едіңдер. Сонда Ол: «Сендерге бірінен соң бірі тізілген мың періштемен көмек беремін» деп уәде етті.
Періштер уәде бойынша жерге жіберілгенде, Аллаһ елшісі: «Қуана бер, әй, Әбубәкір! Аллаһтың жәрдемі келді. Міне, мынау атын жүгенінен ұстап басқарып, шаңдатып келе жатқан Жәбірейіл» деді.
Осы хабарды айтқан пайғамбарымыз (с.ғ.с) жерден бір уыс қиыршық құмды алады да, құрайыштарға қарап: «беттерің бұзылсын» деп шашып жіберді. Сонда мүшіріктердің көздеріне, мұрындарына, ауыздарына құм толып, одан ешбірі аман қала алмады. Осыған қатысты Алла тағала (Ей, Мұхаммед) лақтырған кезде оны сен лақтырған жоқсың, оны Аллаһ лақтырды» деген аят түсірілген.
Қазақтағы «алды-артыңа бір уыс топырақ» деген қарғыс әуелгі нұсқаға қарағанда, кейінгі оқиғадан алынғанға көбірек ұқсайды.

С. АЛДАШБАЕВ,
Қызылорда қаласы.
03 сәуір 2019 ж. 4 595 0