Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Берік Жүсіптің "Сүлейдария" атты сыр-сұхбат кеші өтті

Берік Жүсіптің "Сүлейдария" атты сыр-сұхбат кеші өтті

Ақбастының ала құмында асыр салып, көк айдында кіндігі кесілген дарынды жыршы, талантты күйші кешегі Нұртуған, Дәріқұл, Әбілхан, Сұрағандардың сарқыты, бүгінгі жыршылардың көшін бастаған жерлесіміз эпик жыршы, әнші, этномузыкатанушы Берік Мырзалыұлы Жүсіпов биыл 55 жастың төріне шықты.
Қазақ руханиятының тамырына нәр беріп, ұлттық өнер мен ғылымның арнасын кеңейткен талантты дарын иесі бүгін аудандық мәдениет үйінде жерлестерімен жүздесіп, жырға сусаған қауымның көңіл сарайын шаттандырды.
«Сүлейдария» деп аталатын сыр-сұқбат кештің тізгінін белгілі айтыскер ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Нұрмат Мансұр ұстап, кейінгі сөз зергерлерінің ұлы мұрасына айналған кеш иесінің ұлт руханиятына қосып келе жатқан өзіндік үлесін сөзбен өрнектеді.
Шын мәнінде Берік Жүсіпов жырдың киесін, асыл өнердің иесін таныған, қазақ мәдениетін қасиет тұтып, жыраулық дәстүрдің сабақты жібін үзбей келе жатқан кесек ойлы тұлға. Жұртшылықты рухани сусындатқан бұл кеште Берік Мырзалыұлы осындай қырынан танылды.
Жақұт мекенді жырға бөлеп, Сыр шайырларының сыбағалы сарқытын қос ішектен төгілтіп, жыр шумақтарын қоңыр үнімен құлдилата түскен тұста аралдықтардың өз перзентіне деген ыстық ықыласы ерекше байқалды.
Бүгінгі кеште аты айтып тұрғандай сырлы өнердің сыр сандығы ашылды. «Сәулем-ай», «Дүрдараз» сынды әндердің шығу тарихы да, орындалу мақамы да Берік Жүсіптің биязы үнімен үндесе кеткендей.
Көпшіліктің рухани таным-түсінігін байтып, жырмен сусатқан мәдени басқосу барысында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев кеш иесінің өнер мен ғылымға, мәдениет пен руханиятқа қосып келе жатқан үлесін ерекше айтып, өзінің тілектестік жылы лебізін білдірді. Берік Жүсіп пен оның өмірлік жары Гүлфайруз Сәуелханқызының иығына шапан жауып, қазақы дәстүрге сай ерекше құрмет көрсетті.
Осылайша руханият сақшыларының сырлы сазы аспандай түскен айтулы кеш көпшіліктің көңіл сарайын тағы бір мәрте нұрға бөледі. Сондай-ақ есті естеліктер де айтылды, сыбағалы сөз де салтанат құрды.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі
26 сәуір 2025 ж. 149 0