БЕТІҢНЕН СҮЙЕЙІН, АҚҰДАЙ!

Келген көрші Жаңақұрылыстағы әкем мен шешем. Дұрысы, Түркістаннан оралыпты. Хан базарға барған себебі де сол, онда киім-кешек арзан. Неге екені белгісіз, 90-шы жылғы тоқырауда біздің Арал-Қазалы жұрты қолында қомақты пұл болса, солай ағылатыны рас. Кезінде Хиуа мен Үргенішке мал айдағандай ғой, сірә...
Олар үйге кіре берген. Мен ішке қайта атылдым. Менімен бірге сары мысық та құйрығы тікірейе апамның арт жағына жаққа ығысты.
- Сәлем бердік, апа! Алдымен әкем, артынша шешемнің даусы шыға берген. Шешем иіліп үлгерді.
- Ежөк қалайсың? Жатырқап тұрғанымды да біліп тұр екеуі. Жатырқамай қайтеді, ес білмей Сары кемпір беліне орап алған мені. Мен соның сүт кенжесімін.
Амандық-саулық әрі қарай жалғасып жатты.
- Ежөкжан, саған Түркістаннан әдемі куртка алдым. Қалпағы да бар. Сабаққа киесің ғой.
Солай деген шешем ала дорбаның бірінен қара қыстық куртка мен пакетке салынған дүниені алдына жая бастаған.
- Келе ғой. Солай деген Ұлекең куртканы әп-сәтте кигізіп, төбесінде үйдегі тауықтың жұмыртқасынан сәл кіші домалағы бар қалпақты басыма кигізе берді.
-Оо, құтты болсын!
-Жігіт болдың деген осы.
- Енді Теңізбай не мына көрші Зәңгірдің көп қызының бірін әперсек...
Апамнан бастап бәрі жамыраса бастады. Еріксіз ыржалақтаймын. Қыз ба әлде жаңа киіммен мектепке барам ба деген мақтаныш болды ма, онысы түсініксіздеу.
- Ии, ақұдай, келші, бетіңнен сүйейін. Байғазыңа не берейін? - дей берген еді осы кезде Ұлекең.
- Әй, әй, мынау қайтеді? Сары апамның жан даусы шықты. - Немене, емешең езіліп барады?
- Ой, апа, мен... Ұлекең төмен қарай берген.
-Аулақ. Ойбай, иістерің сіңіп қалар. Екеуіңе айтарым, бала керек пе? Өздерің туып алыңдар. Онысы несі? Өңмеңдеп... Әй, сен мыналарға бөтекең бұра қапты. Бері отыр...
Сары кемпір оқты көзін қадап мені өз артына шығарып алды.
Әкем сақылдай күлген. "Қызғанып отырсың ба, апа-ай?!" Қайта күледі.
Апаңның, Сары апаңның, тентек апаңның ыңғайын білген соң әлгі киімнің бәрін жерге атып ұрды Ежөк бұл кезде.
Ұлекең үндемейді. Енеге қарсы сөйлеу қағидатын меңгермеген ол басқа не айта алады?
- Қоош, - деді әкей әзілдей күліп. - Онда ап кетеміз.
- Жоқ, бұл да маған атағаның болар, - деді апам өзіне әкелген сәлем-сауқатын әкейдің есіне қайта түсіріп. - Өздерің қашан қайтасыңдар?
- Қазір. Сыртта көлік күтіп тұр. Жолай болғасын соққан едік. Жаман балаңды әйдік қылып шу шығардың ғой. Әкем әлі күлкісін тоқтата алмай тұр бұл кезде.
- Әй, сандалмаш...
Сары апамның қайта күшейе бергенін байқаған әкем шешемді ертіп, қоштаса берген.
- Әй, шалдың баласы, сабағыңды дұрыс оқы.
Ал Ұлекең болса тағы үндемеді. Көз астымен аялай қарап, жай қолын бұлғады.
Бұлар кеткен соң апам біразға дейін аспанға ұшып, жерге түскені бар. "Емешесінің құруын шіркіннің. Балашылын бұлардың. Бетіңнен сүйейін дей ме әй сенің? Атасының қақ басы. Тіріде жолатпаспын" Осылай деген апам кешкі шайдан соң ғана соң бірақ басылды.
Содан кейін шығар. Содан кейін Ұлекемнің, дұрысы, туған шешемнің енесін сыйлағаны. Неге екені белгісіз, күні кешеге дейін сол ене аруағына бағынып, бетімізден сүймегені рас еді. "Кемпірдің кенжесі" атанған біздің де үзіліп тұрғанымыз шамалы. Өзіміз де әбден сыртта жүріп... Жә, оны қойшы.
Кешегі Наурыз мерекесінде ауылға бардық. Елге соқпағанымызға бір жарым жыл болған. Астанадан шығып, Жезқазған жағалап, Қызылордадан Қазалыға жетіп, солай-солай жанашыр достардың жәрдемімен Жаңақұрылысқа да жеткенбіз. Ұлекең есік алдында жүр екен. Келетінімді алдын ала білсе де қобалжығаны анық білініп тұр.
Амандаса беріп: КЕЛ, АҚҰДАЙ, БЕТІҢНЕН СҮЙЕЙІНШІ!!!
АНАЛАР МЕРЕКЕСІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

(Е. Қожастың фейсбук парақшасынан алынды)