Сұңғыла саясаткер – Зеріп

Аудандық ономастикалық комиссия төрайымы Зеріп Рүстемқызы комиссия жұмысын жаңаша жүргізді. Мүшелігіне өңірдің тарихын жақсы білетін, тәжірибесі мол ел ағалары Құдайберген Жасекеновті, Алтыбай Құмаровты, Оразғали Ерекешовті, Омар Әбдуалиевті, Мешітбай Құттықовты, Рүстем Айтжановты, Ебейсін Исаевты, Сағи Абатовты, Мұрат Сыдықовты, Шәкірат Дәрмағамбетовты комиссия мүшелігіне қабылдады. Ал аталмыш комиссияның хатшысы етіп осы жолдардың авторы мені бекітті. Қазыналы қарттардың ішінде Зәкеңнің әкесі Рүстем ақсақал да ерекшеленіп, құнды пікірін ортаға салып отыратын. Қай-қайсысы да бар саналы ғұмырын ерлік пен өрліктің, қайсарлық пен төзімділіктің ерекше қуаттылығын көрсетіп, тынымсыз күрескен жандар. Болмысы бөлек игі жақсылардың әр сөзі мірдің оғындай еді, Зәкең бұл комиссияны да ақыл-парасатымен басқарғанының куәсі болдым. Бізге ауданның бетке ұстар ақылман ақсақалымен жиі-жиі кездесу бақыты бұйырды.
Бөлтірік шешен айтқандай «атадан алтау туады, ішінен біреуі абадан туады». Мен айтар едім Рүстем ақсақал мен Ақкүміс апаның бар баласы абадан болып, жұлдыздары жарқырап, жан-жағына шуағын шашып туғандай. Мұнай қоймасының директоры, қала басшысы болған Өмірзақ та, «Атамекен-Холдинг өнеркәсіп тобы коорпорациясының» президенті болып, Аралда теңдесі жоқ балық зауытын салған Ұзақбай да, Арал аудандық Әділет басқармасының басшысы болған, бірінші дәрежелі заңгер Зинеш те, аудан әкімінің орынбасары болған Зеріп те олар қай қызметте болса да абыройлы жұмыс істеді. Алланың берген аманатын орындаған ата-ананы қалай мақтаса да орынды. Әңгімелеп отырған Зеріп Рүстемқызы от ауызды, орақ тілді, алдына қойған мақсатына адал болып, көп нәрсені тындырды.
Текті адам, тәрбиелі адам тегіне тартпай тұрмайды. Ол елдің қайғы-қасіретін көтеретін ер мінезді қыз еді. Қиянатқа бармай, өз шындығымен өмір сүрді. Ірі де батыр, бірегей, тек қана әділдігін айтатын. Зәкең басқа адамдарға ұқсай бермейтін ерекше тұлға, ақылды, сұлу, келбетіне көркі сай көркем мінезді болатын. Кім-кімге де өркөкіректік жасамай, алаламай, мейіріммен қарайтын еді. Ел, халқы осындай асыл қасиеттері үшін жақсы көрді.
«Сіздей жанашыр жан әлі туа қойған жоқ, түздегі ырысты ұйымдастырып, жарқылдап жүресіз» деген едім бірде Зәкеңе. Ол дереу менің хатыма төмендегідей жауап жазды:
«Тухх! Мына теңеу, мына екпін, мына жариялылық Құндыз шешеннен туатын дүние ғой! Ақ пейілді сіңілім әлі бала мінезді, ақ көңілді періште сезімді Құндыз Ержігітқызы жазу стилі мен өмір сүру ұстанымын ұштастырған жанның бірегейісіз» деген құнды пікірін қойын дәптеріме түртіп алыппын.
Зәкеңнің бізге қойған ең басты талабы ізденуді, еңбексүйгіштікті, Отанды, отбасын сүюді үйретуден жалықпайтын. Қара басынан гөрі басқаның қамын ойлайтын. Аудан әкімінің орынбасары болып, әлеуметтік, денсаулық, білім, мәдениет, спорт салаларына, баспасөз, жастар бөлімдеріне, аналар, ардагерлер, т.б. қоғамдық ұйымдарға басшылық жасады. Әр саланың жұмысын терең сезінетін әрі жан-жақты білді. Саладаға мамандардың қызметін жоғары бағалайтын. Жастардың сапалы білім алуына, медициналық қызметтің қолжетімділігін қадағалап, басты назарда ұстайтын. Денсаулықты жақсарту үшін бірінші кезекте спорттың бұқаралығын арттыруға күш-жігерін жұмсап, апта сайын спорт сайыстарын ұйымдастырып, бел ортасында әділ қазы болып, жастардың рухын көтеріп жүретін. Ол халық үніне құлақ асатын. Әсіресе, еліміздің жарқын болашағы білімді де білікті өскелең ұрпақ қолында деп жастардың сапалы білім алуына мүмкіндік жасап, ел ертеңі оларды ұлттық рухта тәрбиелеп, жан-жақты біліммен қаруландыруымыз керек деп талап ететін. Бірлігімізді, елдігімізді танытуға ұйыстырып, жарқын болашаққа берекелі қадам жасап, білекті сыбанып, еңбек ететін кезіміз бұл кезең дейтін еді. Аудандағы игі істерді ұйыстырудағы Зеріп Рүстемқызының үлесі зор болғанын айтуымыз керек. Ол қолына алған істі тындырмай қоймайтын қайсар жан әрі бәріне үлгеретін. Тіпті, ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдары қаржылық қиыншылықтарға қарамастан халықты жігерлендіріп, әлеуметтік саланы өрге сүйреді. Аз қамтылған отбасыларды анықтап, көмек қолын да созды. Тұрғындардың талап-тілегін орындап, бар ынтасымен кіріскенін айтпай кетуге болмас.
Зеріп Рүстемқызы өзіне қарасты білім, денсаулық, мәдениет, спорт салалары мен жастар бөлімінің бірінші басшыларын жинап, жиі-жиі іс-сапарға шығып, Бөген, Қаратерең, Ақбасты, Құланды, Қосаман, Ақеспе елді мекендеріне барып, халықтың тұрмыс-тіршілігін көріп, талап-тілегін тыңдап, түйткілді мәселелерді шешуді дереу қолына алатын.
Бірде Зеріп Рүстемқызы: «қаламыңның ұшынан керемет дүниелер шығып жатыр, аудандық кеш, кездесу, саяси, әдеби іс-шараларының сценариін жазып, оны жүргізесің, сол қызметке әбден лайықты жансың» деп аудан әкіміне ұсынысын берді. Сол кездегі аудан әкімі болған, үлкен жүректі, арда туған азамат Көшербаев Айтбай аға орынбасары Зеріптің ұсынысын қолдапты. Адам адамға себеп ғой. Екі жылға жуық аудан әкімінің баспасөз хатшысы болып еңбек еттім. «Толқын» газетінің 70 жылдық мерейтойы тұсында Айтбай Елеуұлы мен Зеріп Рүстемқызы аудан шежіресі, аудан айнасы іспетті ауданның бас басылымы аталмыш газетке бас редактордың орынбасары етіп тағайындады. Ширек ғасырға жуық осы басылымда абыройлы қызмет етіп, құрметті зейнетке шықтым. Әрине, Зәкең осылай шерепетін көпке тигізіп жүретін. Ізінен ерген зерделі шәкірттері көп-ақ.
Құдай талантты үйіп-төгіп берген ғой, 7 түрлі өнерін де еңбекпен ұштастырып, биік дәрежеден көріне білген Зеріп апаймызбен мақтанамыз әрі ол анамдай ақылын айтатын, тек менің ғана емес, елдің анасы бола білді. «Ол бір сырлы, сегіз қырлы талантты» қайраткер, елге сыйлы сұңғыла саясаткер болатын.
Құндыз ДӘУІТОВА,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі