Көрпе тігіп танылған келіншек

Бұл жолы тақырыпқа арқау етпегіміз Айгелдиева Гүлбақыт Еркебайқызы жөнінде болмақ. Ол ауылы аралас, қойы қоралас көрші Қазалы ауданында дүниеге келген. Сондағы Сәкен Сейфуллин атындағы №165 орта мектепті тәмамдаған. Үлкен өмірге жолдама алған соң Аралдың перзентімен жүрек жарастырып, шаңырақ көтерген. Қазіргі таңда алты баланың анасы атанып, күміс алқа еншілеген жайы бар.
Қош. Кейіпкерімізбен емен-жарқын әңгімелестік. Айтуынша тігінге деген құштарлық анасынан дарыпты. Әкесі Еркебай балаларының баянды болашағы үшін темір жол саласындағы әскерлендірілген күзет бөлімінде ұзақ жыл абыройлы еңбек етіп, ізбасарларын жетілдірген екен. Жазмышқа не шара? Асқар таудай жанның мезгілсіз қазасы Гүлбақытты ерте есейтті. Ботагөздің шеберлік қасиеті кішкентайынан анасының ақ сүтімен дарыған. Үлкен әжесі де осы істі жетік меңгерген жан екен. Осының бәрін көріп, көңілге түйіп өскен бала Ботагөз киіз басып, алаша тоқыған. Ою ойып, киім тіккен. Қызығушылығы артып, шеберлігін шыңдаған.
Осы шеберлігімен танылған келіншекке арнайы келген шақыру оның болашағына даңғыл жол ашып, өз ісіне деген ынтасын тіптен еселей түсті. Нақтырақ тоқталсақ, үстіміздегі жылдың 6-шілдесінде Алатау баурайындағы әсем шаһар Алматы қаласында өткен «Аламан құрақ-2025» жобасына қатысып, көрпе тігіп танылған келіншек өзінің мерейін тасытып, ауданның да абыройын асқақтатты.
Әңгіме барысында ісмер жан ұлттық рухты биіктетіп, қазақылықты дәріптеген осы шараның ұйымдастырушы, ұйытқысы ұлттық өнердің нағыз жанашыры Нұргүл Абайхан екенін тілге тиек етіп, Қызылорда облысындағы көшбасшы Үржамал Жайбергенова бас-аяғы 56 құрақшыны, ал Арал ауданынан 9 құрақшыны арнайы алдыртып, шеберліктерін көпке паш етуге мүмкіндік жасағанын зор мақтанышпен жеткізді. Айдынды өлкедегі осы өнермен шыңдалған Майра Есмұрзаева, Тауин Жұмағазиева, Ғалия Таханова, Шамшырақ Сейілова, Райкүл Хамзаева, Гүлжайна Алдамбергенова, Нұрбибі Темірхан, Мәдина Шанкулова қазақтың құрағын әлемге танытуға бар тәжірибелерін салды.
Ата-бабадан мирас болып жеткен асыл мұраны кеңінен насихаттап, қазақтың құрақ құрау дәстүрін дәріптеген қауым осынау бастама арқылы құрақ құрау өнерінен әлемдік рекорд орнатты. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған қолөнер шеберлері «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» барлығы 660 бірдей құрақ көрпені бір мезетте төсеу арқылы керемет көрніс жасады. Әр көрпенің өлшемі 230 см х 90 см еді. Жалпы, көлемі 1366,8 шаршы метрді (48,3м х 28,35м ) құрап, айды аспанға бір-ақ шығарды. Ерекше көркем көрпелерді тігуде шеберлігімен дараланған «Аламан Құрақ» Ұлттық құрақшылар қауымдастығы жаһан бойынша алғаш рет осындай рекорд орнатудың сәті түсіп, үлкен танымалдыққа ие болғандарын жақсылықтың нышанына балауда.
Қазақта құндылықтар жетіп артылады. Соның бір парасы біз сөз еткен құрақ көрпе. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір өткен құрылтайда атадан-балаға мирас болған дәстүр мен ғұрыпты жаңғыртып отырсақ біз аспайтын асу, біз шықпайтын биік болмайтынын үнемі еске салып келеді. Келер жылы Алаштың алғашқы астанасы Қызылордада өтетін Ұлттық Құрылтайда мұрамызды тағы бір зерделеп, ұмытқанымызды әлде де түгендей түссек, Алаштың анасы атанған Сыр елі серпін берген салихалы істерімен ерекшеленері анық. Оған ешкімде шүбә келтірмейді деп білеміз.
А ЖАЙШЫЛЫҚ