Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақирек өнімі Ақтөбе асады

Ақирек өнімі Ақтөбе асады

Аудан орталығынан көршілес Қазалымен шекаралас жатқан киелі мекен бар. Ол жердің өзге мекендерден артықшылығы жеті жерде жайы түскен Арыстанбаб баба кесенесінің орналасуы болатын. Мұнде келушілердің де қарасы қалың. Исі қазақ мойындаған бабаға мінәжат қылушы үлкен-кіші осы Ақирекке бет түзейді.
Ауылдық округтің ажары бір кездердегідей емес, әлдеқайда жақсарған. Орталығында Аллаға құлшық үйі бой көтерген. Медициналық бекеттің, орта мектептің және әр үйдің еркелерін тәрбиелеп жатқан балабақшаның жұмысы жүйелі. Төрт түлігін өріске өргізген қауымның да еңбегі нәтижелі. Яғни, мал басын көбейтуді мақсат тұтқан жандар үкіметтің қамқорлығын сезінеді.
Иә, айтпағымыз бұл емес. Осы жерде негізгі тақырыбымызға көшсек. Қазіргі таңда Ақирек өнімі ақтөбеліктер үшін жеңсік ас. Кеше ауылдық округ әкімі Қайрат Аманжоловпен байланысқа шығып, нендей тірлік, қандай жаңалық бар екендігі жөнінде сыр суыртпақтадық.
–Облыс пен аудан әкімінің тапсырмасына сай Жер-Ана төсінен ырзық-несібе табуға ақбайлық ағайын да бар ынтамен кіріскен. Мұның алдында да ауыл тұрғындарының егін шаруашылығымен шұғылдануды ата кәсіптің көзі қылғанын көпшілік жақсы біледі. Кезінде қасиетті жерде маңдай терін төгіп, кетпенге сүйене дамылдаған аға буын әлі бар. Көнекөздеріміз ізбасарларын аталған кәсіптен қол үзбеуге үйретіп келеді. Бақша дақылдарын, оның ішінде дәмі тіл үйірер қауын, қарбызды сатып нәпақа тапқан қожалық иелері 308 гектарға егін екті. Тарқатып айтсақ, 29 шаруа қожалық, 11 жеке тұрғын көктемгі қарекеттің нәтижесін сезініп, атыз жағалай суарылған дақылдан өнім алуда. Берісі Қазалы, арысы Ақтөбе базарында сатылған қауын, қарбыздарды алушылардың да мақтауы бөлек, – деп мұның бәрі ауылдастарының ауызбіршілігі мен еңбекке құштарлығы екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, ауыл әкімі «Асхат» шаруа қожалығының төрағасы Алдоңғар Қаныбетов пен «Болатбек» шаруа қожалығының төрағасы Асылбек Қабышевтің еңбегі өлшеусіз екенін алға тартты.
Рас, аудан әкімі Серік Сермағамбетов аймақтағы орны айшықты Аралға басшылыққа келгеннен егін шаруашылығына басымдық бергені баршаға мәлім. Ол ссалғаннан әрбір аудан тұрғыны бақша егуді қолға алып, отбасылық кәсіпті өркендетуге мүмкіндік жасау қажеттігін жеткізген-ді. Атап айтсақ, өткен жылы аудан бойынша 170 гектар бақша өсіру ісі қолға алынды. Оның ішінде 11,7 гектар жерге картоп, 53 гектар жерге көкөніс бар. Бұдан бөлек 221,5 гектар жерге жаңа жоңышқа егіліп, 73 гектар жерге ескі жоңышқа, ал 175 гектар жерге күздік жоңышқа өсірілді.
Біз тақырыпқа арқау еткен Ақирек ауылдық округінде «Асхат», «Нұр-Дана» шаруа қожалықтары подпленка әдісімен 7 гектар жерден қажетті нәпақаны тапты. Ондай үрдіс Атанши ауылдық округінде де жалғасып, сондағы сол жақтың тумасы, істің көзін тапқан азамат тамшылатып суару әдісімен көкөніс дақылдарын пайдаға жаратты.
Тыңнан түрен салу деген сөз осындай ыждағаттық пен талап барысында айтылған шығар. Қазіргі таңда қарап отырсақ, әрбір ауылдық округте егіншілікке ден қойған адамдар қатары артқан. Бұл қуанарлық жағдай. Жасыратыны жоқ, мұның алдында да қол қусырып қарап жүрдік деп айта алмаймыз. Әркім өз әлінше тірлік етті, жағдайына қарай егін екті. Алайда, гектарлап бақша өсіру тек Ақирекке тән іс деп есептеуші едік. Ара-тұра қар жер төсінен жеміс күткендерді Жаңақұрылыстан да аңғаратынбыз. Бүгінгі бағыт бөлек, еңбек ерек. Әр ауылда да егіншілік кәсіпті ілгерілетуге қолдау жасалса, баянды бастама, жарқын жоба алға бастайды екен-ау. Соны көрдік, соны білдік.
А. ЖАЙШЫЛЫҚ
29 шілде 2023 ж. 251 0