Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Толқын" – тоқсан бестің төрінде

"Толқын" – тоқсан бестің төрінде

Міне, ХХІ ғасырдың ширек ғасырына иек арттық. «Елу жылда ел жаңа» демекші әрбір баянды бастамалар, жарқын жобалар тарих болып қатталып, сарғайған газет беттерінде сақталды. Баспасөздің адамзат үшін маңыздылығын айтып, жаңалық ашқандай қылық танытпай-ақ қояйық. Негізінде, газеттің халықтың рухани серігіне айналып, мәдени өмірінің айнымас бір бөлшегі ретінде танылғаны баршаға аян.
Иә, аудан айнасына баланған «Толқын» қашанда халық үшін қызмет етті. Жұрттың жайын жазды, қамын күйттеді. Жылнама жаңғырығындай сөз басында тілге тиек еткендей мерейлі 95-тің тұғырына қонды. Бағытынан жаңылған жоқ. Тұңғыш редактор ретінде басылымның басшысы болған Әуелбек Қоңыратпаев салған сара жол сөз зергерлерінің өлшеусіз еңбегімен бүгінгі деңгейге жетті.
Күнгей мен көлеңкені ажыратып, жақсылықтың жаршысына айналған газет тоқырау жылында да тоқтамай, қаншама қиыншылықты еңсере алды. Бас редакторлар алмасты, газет өмірі жалғасты. Патша көңілді оқырманның оясынан шығатын тың дүниелерге, уақытпен үндесетін мақалаларға ел бағасын берді.
Қазіргі таңда «Сыр медиа» серіктестігі арқылы редакцияның екінші тынысы ашылғаны үлкен-кішіге мәлім. Әсіресе төл газетінің дер шағында қолға тиетініне көнекөздер дән риза. Ал әлеуметтік желідегі парақшаларымыздың тұрақты оқырманы ретінде тіркелген жас буынның қызығушылығы тіптен ерек. Жалпы дизайны көз тартып, ойдың кенін қазған шығармашылық құрамның ізденісі таңдай қақтыратын «Толқынның» алар асуы да, бағындырар биігі де әлі көп екеніне аралдықтар еш шүбәсіз сеніммен көз тігеді.
Өйткені жуырда ғана мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетіне берген сұхбатында тақырыпқа арқау еткеніміздей басылымның маңыздылығына тоқталды. Яғни, Президент:
– Газет-журнал оқу – жас кезімнен қалыптасқан дағды. Ана тілі газетінде тұрақты оқып тұрамын, – деп осы сұхбат арқылы – еліміздегі журналистиканың тірегі саналатын қазақ тіліндегі медиаға қолдау көрсеткім келеді, – деп айтты. Қуанышты жайт. Тоқсан бес жасқа иек артқан «Толқынның» мерейтойы қарсаңында ел басшысынан саламызға қатысты қолдау сөзі бізді де қанаттандырады.
А. ЖАЙШЫЛЫҚ
08 қаңтар 2025 ж. 71 0