Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Басылымның оқырманы болу да бақыт

Басылымның оқырманы болу да бақыт

Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханов: «Бірінші: газет – халықтың көзі, құлағы, тілі; екінші: газет – жұртқа қызмет ететін нәрсе; үшінші: газет – халыққа білім таратушы; төртінші: газет – халықтың жоқтаушысы» деген сөздерінде қаншама мән жатыр десеңізші?! Расында баспасөз саласы қай кезде болмасын өз маңызын жоймаған. Ол билік пен халықтың алтын көпірі болып келеді. Оған уақыт куә.
Сол сияқты 92 жылдық тарихы бар ауданның төл басылымы "Толқын" газетін де көп жылдар бойы тұрақты түрде асыға күтетін оқырмандары өте көп. Солардың бірі – қаладағы Ғабит Мүсірепов көшесі, 36 үйдің тұрғыны Тәуекел Нұржанов.
Ұзақ жылдар бойына коммуналдық шаруашылық мекемесінде қызмет жасап, бүгінде зейнетке шыққан оқырман ағамыз:
– Қазір менің жасым алпыс алтыда. Өмірімнің жартысын "Толқын" газетімен бірге өткіздім. Қай уақытта да ауданымыздың айнасына айналған басылымның әр санын жібермей оқуға тырысамын. Жергілікті жаңалықтардан бөлек, ұрпаққа сабақ болар түрлі мақалалар мен өзекті тақырыптарды қозғап келе жатқан газеттің еңбегі өлшеусіз. Сондықтан басылымды нағыз тәрбие құралы деп айтар едім. Осындай құнды дүниелерден құр қалмау үшін баспасөзге жазылу науқаны кезінде тұрақты түрде редакцияға арнайы келіп, жазылып тұрамын. Ғасырға жуықтаған газет тарихы мыңжылдықтарға ұлассын, – деп ақ батасын беріп кетті.
Сіз де сүйікті газетіңізді таңдаудан кешігіп қалмаңыз, оқырман.
«Толқын» ақпарат
24 желтоқсан 2022 ж. 447 0