Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Газет– халықтың көзі, құлағы һәм тілі

Газет– халықтың көзі, құлағы һәм тілі

Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханов атамыз: «Бірінші: газет – халықтың көзі, құлағы, тілі; екінші: газет – жұртқа қызмет ететін нәрсе; үшінші: газет – халыққа білім таратушы; төртінші: газет – халықтың жоқтаушысы» – деген сөздерінде қаншама мән жатыр десеңізші?! Иә, мыңжылдың тарихы бар баспасөз саласы қай кезде болмасын өз маңызын жоймаған. Ол билік пен халықтың алтын көпірі болып келеді.       
Технология қарыштап дамып, индустриялық қоғамнан постиндустриялық дәуірге секіру жолайрығында тұрған елде бүгінде мерзімді баспасөздің маңызы артты ма, әлде ақпараттық ауқымы жағынан әлемді жаулаған ғаламтор заманында құлдырауға ұшырап барады ма? Міне, осы сынды көкейтесті сауалдар кімді болмасын толғандырары анық.
Қазіргі кезде АҚШ елінде күнделікті «The New York Times» газеті шығады. Танымалдылығы жөнінен бұл газет Америкада үшінші орында тұр екен. Әрине, бірінші орында «The Wall Street Journal», екінші орында  «USA Today» басылымы тұр. Басылым саны 2005 жылмен қарасақ, жай күндері 1 миллион 131 мың. Ал жексенбі күндері 1 миллион 681 мың дана шығарылады екен. Газет күніне үш рет шығады. Яғни, азанда, түсте, кешке. Халық та ақпаратты ғаламтордан емес, осы үш мезгіл шығатын газеттен алады екен. Иә, шынайы ақпаратты қайдан алу керектігін қалың көпшілік те біліп тұр...
Әрбір журналист үшін газет – киелі, қасиетті қазына болып саналады. Оның әр санына мақала дайындап, түрлі сала мамандарымен байланысу үлкен еңбек пен жауапкершілікті қажет етеді. Бірақ заман талабына сай ғаламтор газеттен басым болып тұрғаны белгілі. Қазір әр адамның қолында бір смартфоннан бар. Түрлі әлеуметтік желі немесе сайттар арқылы кез келген ақпаратты ала береді. Бірақ алып жатқан ақпараттың рас, не жалған екендігіне мән беріп жатқан жан жоқ. Мұндай жалған ақпараттар көбіне апатты, төтенше жағдайлар туындап, сондай-ақ саяси оқиғалар орын алып жатқан кездерде көптеп тарайды. Қайсысының дұрыс, қайсысының бұрыс екендігін ажырата алмаған адам әрине, жалған ақпаратқа сенеді. Себебі жалған ақпаратта көбіне саясат мәселесіне қарсы шығатын немесе белгілі бір тұлғаны қоғамнан алшақтату мақсатында түрлі тақырыптар мен ақрпаттар жазылады. Оның растығына сенген азаматтың қоғамға деген көзқарасы өзгереді. Соның ішінде мұндай теріс ақрапаттарды белгілі бір топтар ел ішіне іріткі салу мақсатында таратады. Сонымен бірге жалған ақрапат таратқандарға 1000 айлық көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады. Не болмаса, түзеу жұмыстарына, не 400 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады екен. Сол үшін газет беттеріндегі ресми, расталған ақпараттарға аса назар аударғанымыз дұрыс.
Бүгінгі күні бала да тәрбиені кітап пен газеттен емес, ұялы телефоннан алып жатыр. Оның ішінде бала не үйреніп, не қойып жатқанына ешкім назар аударып жатқан жоқ. Смартфон ішінен көрген, білген дүниелерін өмірлік ұстаным етіп, бейәдеп қылықтар жасайды. Жастар да айтылған сөзді ой елегінен өткізбей тура қабылдайтын болған. Мұның барлығы әдеби кітап оқымай, газет-журнал оқып ой-өрісін дамытпағаннан емес пе?! Тіпті сауатсыз жастар да жоқ емес. Қазақша-орысша араластырып немесе қазақша сөздің өзін қате қылып жазатындар да бар. Сол үшін қара шаңырақ басындағы әрбір баланың кітап оқып, баспасөз беттеріндегі ақпаратпен танысып, сауат ашқаны жөн болар еді.
Газет – біздің санамызға әсер етуші негізгі фактор. Яғни, ол – тәрбие құралы. Осы тәрбие құралы арқылы баланы тәрбиелеуіміз керек. Ел ертеңі – жастар мен қазақ тіліне байланысты. Демек, оның дамуы, өркендеуі, өсуі тіл арқылы көрініс табады. Тілі бай елдің болашағы да жарқын, келешегі де кемел. Міне, осы себепті қазақ тілінің дамуына отандық баспасөздің маңызы зор, рөлі ерекше.  Сол үшін қамшыдай қысқа  өмірде бізге берілген алтын уақытты ұялы телефонмен бос өткізіп емес, газет-журналдар оқып сауат ашқанымыз абзал. Себебі бүгінгі қоғамға көзі ашық, көкірегі ояу жастар қажет. Өскелең ұрпаққа да газет оқуды әдетке айналдырып, жан-жақты болуға үйретуіміз қажет.
А.СӘКЕНҚЫЗЫ
11 маусым 2022 ж. 9 346 0