Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бүгінгі журналистика: артықшылығы мен кемшілігі

Бүгінгі журналистика: артықшылығы мен кемшілігі

Қазақ ақыны Ахмет Байтұрсынов: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» дегендей, қай заманда болмасын журналистиканың қоғамда алатын орны бір төбе. Иә, қиындығы мен қызығы қатар жүретін және көп ізденісті талап ететін саланың бірі. Кез келген адам журналист бола алмайды. Тек шығармашылыққа жақын, ойын ашық жеткізіп, сауатты жаза алатын адам ғана нағыз журналист болары сөзсіз. Жалпы, журналистика – өткен  кезеңде де, бүгін де және ертең де өз құндылығын жоғалтпайтын мамандық.
Бұрындары газет және радио арқылы көпшілік қауым өзіне қажетті ақпарат алып отырса, кейін келе теледидардан алатын болды. Ал қазіргі технология шарықтап дамыған дәуірде түрлі ғаламтор жүйелеріне кіріп, қолдағы смартфон арқылы қалаған ақпаратқа қол жеткізе береді. Мойындау керек, ғаламтор – кез келген технология секілді пайдасы мен ықтимал зияны, артықшылығы мен кемшілігі қатар жүретін күрделі құбылыс. Бірақ көптеген жалған ақпараттар белең алып, халықты сан соқтырып жатқандары да баршылық. Тіпті қарапайым халықты сауатсыз қылып бара жатқандай. Яғни, кей сайттарды қарап отырсақ, ақпараттың жалған екені былай тұрсын, толған қате мен орысша әріптерді де араластырып жатады. Сондықтан да тек басылым беттері мен теледидар жаңалықтары шынайы ақпарат таратады деп толықтай айта аламыз. Иә, журналистің негізгі міндеті – қалың бұқараға ақпаратты шынайы әрі жылдам жеткізу.
Қасым-Жомарт Тоқаев "Qazaqstan" ұлттық арнасына берген сұхбатында еліміздегі журналистика саласы жөніндегі өз ойын ортаға салған болатын. Сондай-ақ Президент кешегі қаңтар оқиғасында ақпарат құралдарының қалай жұмыс істегеніне де тоқталып өтті.
 "Жалпы қазақ журналистикасының деңгейі төмен деп айтуға болмайды. Керісінше, қазақ журналистикасының деңгейі жоғары екені күмәнсіз. Қаңтар оқиғалары кезінде ақпараттық вакуум болды. Оны кәсіби тұрғыда дайындалған лаңкестер, қылмыскерлер өз мүддесіне пайдаланды. Интернетті бұғаттауға мәжбүр болдық. Бұл – әлемдік практика. Бірақ басқа да ақпарат құралдарымыз бар ғой. Содырлар кейбір телерадио арналардың ғимаратын өртеп, қиратты. Одан басқа ақпарат құралдары үздіксіз хабар таратты. Ешқандай шектеу болған жоқ", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен бірге баспасөздегі сөз бостандығына қатысты да пікір білдірді. "Бізде заң бойынша цензура жоқ. Ақпарат еркіндігін барынша қамтамасыз етіп жатырмыз. Бірақ еркіндік деген ойыңа не келсе, соны айту емес. Кез келген демократиялық елдерде жалған ақпарат таратқан адам жауапқа тартылады. Мен әрбір журналист, ең алдымен, мемлекетшіл азамат болуы керек деп санаймын. Осы орайда Н.Некрасовтың: "Ақын болу шарт емес, азамат болу – міндетің" деген қанатты сөзі бар. Сондықтан әрқайсымыз еліміздің патриоты болуға тиіспіз",–  деді Президент.
Алаш ардақтысы Міржақып Дулатов айтқандай: «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы зор» екені бесенеден белгілі. Заман дамып, технология қанша биікке көтерілсе де, қазақ тілінде шығатын мерзімді басылым беттерінің де құндылығы жоғалмайды. Газет-журнал қай уақытта болмасын ақпарат кеңістігінде өз орнын жоймаған сала. Журналистика саласының маманы болу үшін көп оқып, көп біліп, қандай да бір ақпаратты дәлме-дәл, қатесіз, шындықты халыққа жеткізу керек. Еліміздің ақпарат кеңістігінде жоғары дамуына үлес қосуымыз қажет. Ғаламтордағы мән-мағынасыз жалған ақпаратқа көз жүгірте бергеніміз қате болар.

А.НҰРЛАНОВА
15 наурыз 2022 ж. 1 806 0