Басты арманым – баспасөз

Міне, мектеп бітіретін сәт те келді. Мен қиындығы мен қызығы қатар жүретін, көп ізденісті талап ететін журналист мамандығын таңдадым. Бұл өткен дәуірде, қазіргі кезде, келешекте де өз құндылығын жоғалтпайтын мамандық. Олай дейтініміз, алыс-жақыннан ақпарат алмай томаға-тұйық өмір сүру мүмкін емес. Сондықтан журналистика мамандығы үнемі ізденісте болуды, жаңарып, жасарып отыруды қажет етеді. Менің ойымша, журналистика мамандығын таңдаған студенттер өз кәсібіне өте адал болуы керек. Сонымен қатар қағазы мен қаламы арқылы қорғансызға пана болып, әділеттілікті жақтағандары жөн. Білікті журналист болу үшін біз көп оқып, көп біліп, жалпы жаңалық атаулыны дәлме-дәл, боямасыз, шындықты ту етіп халыққа жеткізу арқылы ғана жетістікке жетуге болады. Журналист — ойдың адамы. Онда ойсыз күн жоқ. Журналист — сезімнің адамы. Жақсы нәрсені жарқыратып көрсетуге асығады.
Журналист – тұлға, лауазым,
Мінезі – дала, тау, өзен.
Тыңдайды оны «керең» де,
Оқиды оны кемеңгер.
Журналист деген әне, сол,
Журналист болам дегендер, – деген өлең шумағында айтылғандай, журналисте шыншыл мінез, еңбекқорлық, адалдық қасиеттері болуы керек.
Мәншүк ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
№220 орта мектепті бітіруші түлек