Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «ҰМЫТПАҢДАР СОЛДАТТЫ, АТАКАҒА СОЛ ШЫҒЫП, ОКОПТАРДА СОЛ ЖАТТЫ... »

«ҰМЫТПАҢДАР СОЛДАТТЫ, АТАКАҒА СОЛ ШЫҒЫП, ОКОПТАРДА СОЛ ЖАТТЫ... »

Осы 2022 жылғы сәуір (Рамазан) айының орта тұсы. Жаңбыр сіркіреді. Ауызашарға жиналған қариялар болып «жау жаңбырым, жауа түс!» деп тіледік. Жерімізді қуаңшылық жайлап, тіпті төтенше жағдай жарияланғалы ауа-райынан осындай бір өзгерісті күткенбіз.
-  Бұл қай жаңбыр, білесіздер ме?
- «Қызыр қамшысы» амалы ғой. Мұның келуі ерекше қуаныш. Жаңбыр жауады. Найзағай ойнайды. Жер бусанады. «Қыс кетті» деседі,-деп жауап қайырдық.
-  Әп-п, бәрекелді-ай, сөйтсе екен!
   Өз-өзді қауқылдасқан шалдарға бойлы,
Өміржан қағылез, түсі жылы бір азамат жағалай сәлем беріп    
келе жатты да, маған келгенде:
-  Көке, барсыз ба?-деп қолымды қаттырақ қысты.
-  Иә, бармын, шырағым. Өзің... Ау-у өзің? Әлгі Тілектес... Тілектес судья емессің бе?
-Дәл таптыңыз, ұмытпапсыз. Біз де зейнет жасына келіп қалдық, көке!
-Жо-қ, ә! бүгін сәуірдің 16 жаңасы. Әлі бір айың бар. Мамырдың 19-да 63-ке толасың. Таптым ба?
-Дұрыс, сіз біздің отбасын жақсы танисыз. Сол 1959 жылдың мамыр айының 26-сында майдангер әкем Қаншай дүниеден озды. 37-ге қараған шағында. Арамыз жеті-ақ күн. Мен жеті күндік жетіммін,-деп мұңайды.
-Әй, әй! Тілектес, сен олай деме, анаң бар еді ғой. Анасы барлар мас жетім демей ме? Омырауына таққан «1941-1945 жылдардағы Ерлік еңбегі үшін» медалі әлі есімде. Тыл ардагері болатын. «Тыл майданының қаһарманы» деген мақала да шықты. Қаншай анаңның суретімен («Толқын, 6.05.1995 жыл»).
-Сен өзің қашан келдің, Аралға?
-Кеше келдім. Сол әке-шешеме ас берудің дайындығында жүрмін.
-Е-е, Ас бергелі де...
***
«Жеті күндік жетіммін» дейді. Тым ауыр сөз. Бірақ тек өзі ғана ма? Мағзат, Мағзагүл, Айнагүл апалары 6-3 жас аралығында еді-ау! Айнагүл үш айдан кейін әке артынан кетті. Қалған үшеуін өсіріп, оқытып, білікті дипломды-мамандар қатарына қосқан кім? Иә, кім? Ол үшін маған ондаған, иә ондаған жылдарға шегініс жасауға тура келіп отыр. Иә, ол өзі қалай болған еді?..
***
«Қарашалаң» колхозының Сырдарияға таяу «Кішітүбек» аталатын шағын бөлімшесі болды. Арғы бетте «Ақлақ» тоспасына жақын «Көпбірлікке» қарасты «Терістүбек» қыстағы орналасқан. Екеуінің арасы Сырдарияның ендігін қосқанда 5-6 шақырымдай. Күн демалыс-тұғын. Оңайбике әжем ерте оятты да:
-Захар, «Кішітүбекке» барып қайт. Баруыңнан қайтуың шалт болсын,-деген қаһарлы үкімін жариялады.
Оны орындамай көр! Жанында тал шыбығы жатыр. Ләм десең, арқаңа сарт етеді.
1944 жылдың күзі. Қараша айының ортасы-ау! Бірақ күн жылы. Дарияда өткел де, қайық та жоқ. Жаз айларында тышқан жорғаламайды. Запрет. Жабық. Балық инспекторлары қаптап жүр. Балық өрлейді. Жоғарылап барып уылдырық шашады. Кейін оралады. Негізінен бекіре мен қаяз. Дәмі қандай!
Үстімдегі киімімді басыма орап алдым да, дариядан зу-у етіп жүзіп өте шықтым. Мұнда Ұрылқаш апай тұрады. Әжемнің бауырында өскен тұңғыш немересі. Күйеуі Жұбатқан соғыста жүр. Қарт ата-анасы бар. Қайынсіңілісі ФЗО-да оқып келіп, теңізде жүзіп жүріп балық аулайтын кемеде мотористің көмекшісі дегенді есітіп, «қыздарға май-май болып, ондай лас мамандықта несі бар екен» деп таңданғанбыз. Апай әлде көрпеше ме, жастық па, киім-кешек пе, соларды буып-түйіп әлек. Маған қарап:
-Келгенің жақсы болды, мына заттарды дереу Еркежанға жеткіз, сен келгенше балық қуырып қоямын, айналайын,-деп қолбала табылғанына қуанып қалды.
Ол үшін колхоз орталығы «Қарашалаңға» баруым керек, кеме сол маңдағы флотқа тоқтайды деді.  Онша алыс емес. Үш шақырымдай-ақ. Көл жағасы. 7-8 қайыққа балықшылар ау-құралын, төсек-орындарын тиеп жатыр. Орта бойлы, арықша келген, қараторы, шинелді солдат, оң қолын марлімен орап, мойнына асып алыпты. Сірә, бригадирі-ау, әрбіріне мән-жайды түсіндіріп жүр.
«Сапуан» жақтағы өзектен түтіні будақтаған шағын кеме көрінді. Жақындағасын жазуына қарасам, «Карачаланец» деп жазылыпты. Флотқа келгенімен маторын сөндірген жоқ.
-Арқанды таста!-деді капитан Әбсахи Ермағамбетов айқайлап  күн барында «Көзжетпеске» жетіп ау түнетуіміз керек. Екі қыз бала жалма-жан кендір арқанды қайыққа лақтырды. Балықшылар  қағып алып, қайықтың бас азынасына байлады.
-Қаншай қайдасың?-дедім құдашамды іздеп.
-Мындамын ғой,-деді қолында май сүртетін шүберегі бар, комбизон киген бұрымды қыз.
-Танымай қалыппын, апайдың сәлемдемесін шеткі қайыққа салдым,-дедім.
-Көріп тұрмын,-деді күліп,-құда бала, жеңешеме айт, теңізде сең бір жүргенде оралып қалармыз,-дед. Бірақ маған емес, манағы шинелді майдангерге айтып тұрғандай еді. Өйткені екеуі үнсіз, дыбыссыз, тілсіз.
  Ыммен, әлде көзбен бе;
  Бір сүйдірші жарым маған.
  Аққан жасым тиылсын.
  Жаныма жан, қаныма қан,
  Деміме дем құйылсын, деп сырласып тұрғанын байқап қалып едім.
  Жағада екеу қалдық. Солдат және мен. Менің кетуім керек. Бірақ әлде бір әуестік жібермей тұрды.
   Солдат аға?
-  Жо-қ, мен солдат емеспін,-деді ол тез жауап қайырып. -Біліп қой, мен үлкен сержант Өміржан Ендібаевпын!
-  Кешіріңіз аға, погоныңыз жоқ қой.
-  Оны тағып шікірейіп қайтем? Не сұрайын деп едің?
-  Оң қолыңыз қозғалмайды-ау, ә-ә?
-  Е-е, қозғалмайды інішек. Сталинград шайқасынан қалған таңба ғой!
-  Сіз, сол шайқасқа қатыстыңыз ба, фон Паулюсті қоршауға алғанда қайда болдыңыз?
Өміржан аға маған тіктеле қарады. Тұла бойымды шола көз жүгіртті де:
-  Оқушымысың?-деді.
-  Иә, оқушымын.
-  Оқушы болсаң Сталинград шайқасын қайдан оқыдың?
-  Оқығаным жоқ, есіттім...
-  Кімнен?
- Зәйтүн (Абдуллаев) ағайдан. Ол біздің директорымыз. Әр жетінің соңында 15-20 минуттік хабар жасайды. Әсіресе, майдан жақтан көп-көп мәлімет айтады. 1942 жылдың 23 ноябрінде қамауға алынған  немістің басты күші 1942 жылдың 2 февраліне қарай толығымен талқандалды деді.
Өміржан аға темекі орап шекті. Едәуір уақыт үнсіз отырды. Бір  уақытта:
-  Пә-лі. Ұстазың мықты екен. Сұмдық қырғын болды. Екі жақтан да шығын аз болмады, деді де орнынан тұрып:
Жер аспан боп
Аспан жер боп
Төңкеріліп түскендей бір
Қызды майдан
Қанды көйлек, деп төгіп-төгіп жіберді де маған:
Ұстазың тағы не деді, – деп сұрады.
– Зәйтүн ағай, бұл біздің қарулы күшіміздің біржола жеңіске жеткенінің айғағы. Тарих үш айға жетер-жетпес уақыт ішінде осындай аса үлкен армияны жермен-жексен болуын білмейді деді.
-   Ал біздің жеңуші жақтың күші және әскери құрал жағынан аса артықшылығы жоқ еді,-деді Өміржан әңгімені жалғап: -Мен өзім алғашқы шақыруда-ақ соғысқа аттандым. Жолдастардан көз жазып қалдым. Әр жаққа кеттік. Аз-кем дайындықтан соң қанды шайқасқа кірдік. Ауыр жарақат алдым. Көзімді госпитальда аштым. Сталинград түбіндегі жеңістен кейін Солтүстік Кавказды азат етуге жол ашылды. Біздің атқыштар дивизиясы да солай кетті. Мен ере алмадым. «Сырқатың ауыр, еліңе қайт» деді. Келсем, елде шал-шауқан қалған. Әйелдер де жұмысқа араласқан. Әлгінде комбизон киген құдашаңның тоты құстай таранып шалқитын кезі-ақ емес пе? Ол болса асау толқынмен алысып жүр. Теңізбен тайталас бұрымдылардың ісі емес.
-    Аға, айтпақшы, әлгі арқанды лақтырып жүрген қыздар кімдер?
-  Ә-ә, қу бала, қыздарға көзің түске екен ғой,-деді күлімсіреп,-олар ФЗО-да оқитын курсанттар, келешек кеме капитаны, моторист-механик болатын кадрлер. Қазір практикада жүр.
-     Аға, оларға қиянат қой, ә!
- Солай, бірақ тылдағы жұмысты кім істейді? Біздің «Аралбалықтресіне» 19 (он тоғыз) колхоз қарайды. Әрқайсысында кемі екі-екіден кеме бар. Одан басқа балық өңдеу зауыттары, маторлы балық аулау стансалары да сондай мамандарға зәру. Қаратерең, Бөген, Қаратүп және өзге колхоздардан ФЗО-ға 50 (елу) қыз техникалық мамандық алуға жіберіліпті. 2,5 жыл оқып, солардың алды келе бастады. Соның бірі – сенің   құдашаң – Қаншай Дәріқұлқызы. Көрдің ғой әлгінде қыңқ етер емес. Біз фашистерді тек қару-жарақтың күшімен ғана емес, рухтың күшімен, Отанға деген шексіз махаббаттың арқасында жеңдік. Мұны есте ұста, жас дос!
     Өмекең тағы темекісін орады. Мен қайтар жолға түстім. Майдангер ағаның сөзі құлағымда тұр.
***
    Кеме қыста тоқтайды, «қыстайды». Экипаж мүшелері айналасына қатқан мұзды ойып тұрады. Күнбе-күн. Күн суық. Қырық градустық аяз ұрып тұр. Мұз қалыңдығы бір метр. Кеменің екі бүйірін қысып, қаусатып жіберуі мүмкін. Оларға осы үшін айлық төлейді. Мұз оятын құралдары сүймен мен күрек. Техника жоқ. Ойылған мұздың күрі (майдасы) үйіліп қалады. Оны келіп алушылар көп. Қолда ұстаған сауын малға жылытып береді. Әрі ауыз су. Мұз суы мөлдір, тап-таза.
  • Қаншай, соқ сүйменді!
     Қыз жалт қарады. Бұл келген Өміржан Нұрмағанбетұлы еді. Ол әрнәрсені сылтауратып мұнда жиі-жиі келетін-ді. Бір күні Қаншай мұз ою кезегіне келмей қалды. Әңгіме гуледі. Нұрмағанбет шалдың үйіне келін болып түстіпті деген.
  • Әйтеуір сұр шинелді сержанттың келуі жиелеп еді. Тегін
болмағаны-ау, қыз теңін тапқан екен, – деп мақұлдасты кемешілер.
     Ал Өміржанның қызметі өсе берді. Оны өзіне орынбасарлыққа сұрайтын төрағалар көбейді. Осылайша «Қарашалаң», «Бөген», «Қаратүп», «Шөмішкөл» балық аулау колхоздарында сол орынбасарлық міндетін мінсіз атқарып жүрді. Қысы-жазы апталап үй көрмейді. Балықшыны көшіру, балығы мол түсетін су айдынын іздеу, ілігі жоқ жылым тартатын орындарды белгілеу, ау-құралдың пайдалану мерзімін сақтау, көшкі мен ескек-таяу, аудың арқалық-табандық арқандарын күтіп ұстаудың өзі маңызды-тұғын. Осының бірі болмаса көңілдегідей жұмыс болмайды.
     Үйге келгенде Мағзат, Мағзагүл, Айнагүл қыздары бауырына жабысып, папалап, шай ішуге де мұрсат бермейтін. Пенде ғой, қыздарын аймалап, сүйе тұрып, «осыларға енді бір ұл қосылса ә-ә, ізбасар, тұяқ болар еді» деп те армандайтын-ды.
  • Қайтсін енді, бала ғой,-деп Қаншай өз сағынышын балдарына аударып осылай жуып-шаятын.
***
– Желаяқ орынбасарды райком шақыртыпты, кеңседе жоқ,-деді оны іздеп келген «шөмішкөлдік» балықшылар. -Әй осы жолы алып кететін шығар, өзі бір ибалы, жүрегі таза, ыстық-суыққа бірдей азамат-ақ еді!
      Айтқандай-ақ, 1956 жылдың қаңтарында «Қызыл балықшы» колхозына басқарма төрағалығына Өміржан Ендібаев сайланыпты» деген сүйінші хабар рация арқылы дүңк етті. Колхоз орталығы «Көжетпес»-- расында жағалаудан көз салғанда көз жетпейтін теңіз ішінде сағымданған арал еді. Сөйтсе де халқы тасудан жел тұрып, аралды су шайып өтсе де мыңқ етпейтін. Балығын аулап, «Аралтрестен» алқынып жеткен кемелерге тиеп жатады. Өміржанға бұл жақ таныс. Төрт колхозға орынбасарлық еткенде, әсіресе, көктем айларында бұл маңды талай шарлаған. «Қызыл балықшының» даңқы қысы-жазы бір тынбайды. Себебі, жергілікті балықшылар су астының ой-қырын, тасуы мен қайтуын, суға түскен ауды басып қалатын шөп-шалаңды «қуып» әкелетін сары ағысының мінезіне дейін қанық еді. Жоспар еселеп, артығымен орындалып жатты.
     1958 жылдың қара суық күзінде «басқарма төрағасы ауруханаға түсіп қалыпты» деген суық ақпарат естілді. Ауылдағылар телеграмиа жолдады. Рациямен сөйлесіп, әбігерге түсті. Рас екен. Соғыс жарасына және бір аса зілді науқас қосылып төсекке таңылыпты. Қаншай екіқабат-тұғын. Ертең-бүгін босанар деп күткен. 1959 жылғы мамыр айының 19-ында іңгәлаған жас нәрестенің еміс—еміс дауысы құлаққа шалынды.
– Е-е, жаратқан ие, бере көр, – деді Өміржан іштей күбірлеп,-ізімді
басар ұл болғай!
      Жетінші күні бұрын өзіне басшы болған Ұлбибі басқарма келіп:
– Өміржан, міне ұлың, есімін Тілектес қойдық, саған тілектес болып,
сені жазылып кетсін деп,--деді.
Өміржан езу тартқандай болды. Ұлына қарады. «Келдің бе, құлыным! Сені күткелі қашан! Ширек ғасыр! Сонша уақыт өтіпті-ау! Шүкір, шүкір! Соғыста қанша боздақ мерт болды. Есепсіз. Ұрпақсыз, ізсіз жоғалды. Мен тірі келдім. Үйлендім. Бала-шағалы болдым. Жеңіс күнін 24 мәрте тойлаппын. Жаратқан ие, осы шақалаққа ұзақ ғұмыр бере гөр. Ол  Өмір... Өмір... Өміржанов! Екі тамшы домалады. Көңілі жайланып, мәңгілікке, ұйқыға кетті...
***
    Бұлар Өміржанның жылдық асы өткенше, оның «Кішітүбектегі» туған інісі Әбжанның үйінде болды. Ас өтті. Үйі салынды. Құран-хатым жасалды. Енді не отырыс? Қамдану керек. Маусым айының басы. Қаншай «Қарашалаңға» келді. Осындағы ағайын, жекжатты аралады. Мың болғыр Дәметкен апа! Өзі де жесірліктің ащы дәмін ерте тартқан кейуана шағын тұрағын бұларға беріп, ұзатылған қызы Тасбикенің қолына шықты.
- Пұлдамаймын, игілігіңе тұтын, шырағым!-деді. Қаншай алғысын жаудырды. «Ағайынды жамандап, жақынды қайдан табарсың?». Қалай әдемі айтылған. Соны біле тұрып кей-кейде араға сыпсың өсек тарататынымыз да бар-ау! Үйді, қора-қопсыны тазалауға кірісті. Биыл Мағзат мектепке барады. Оған оқушы формасы керек. Бас шаңырақ еншіге бір сауын сиыр атады. Әзірге өрісте жүр. Қыста оған шөп керек. Ара-тұра отын шабу керек. Жаз айы дегенмен қазан көтересің. Жарайды, оған шеңгел мен қара шөп те жетіп жатыр. Қақаған қыста ше? Бұлар ескі үйді жылыта алмайды. Нар қамыс керек. Ойбүй!
–  Мағзат, Мағзат!
–  Не мама?
–  Қазандағы су қайнады ма? Қайнаса самаурынға құйып ал. Шай ішейік.
–   Шайды Бибігүл апа келіп қойып жатыр. Мама, үйді тазалап болдың ба?
– Жо-қ, ә! Әлі әктеу керек. Ошағы мен пешін маманға көрсету керек. Түтін тартпаса қақалып-шашаласың. Ұқтың ба? Сен ініңе қара. Мен кетейін.
–   Қайда кетесіз?
–  Пішен оруға. Құрақ кезінде орып алсақ сапалы. Малға жем іздетпейді. Оған қайық керек. Су ішінен орамыз.
–   Шай дайын, келіңдер!
Бұл Бибігүл көршінің дауысы. – Қайыққа қиналмаңыз, ол бізде бар!
– Ай-и! Осы көрші-қоныстарым-ай! – деді Қаншай шай кесесін қолына алып:
Осында келгелі табанымызды жерге тигізбей бірінен кейін бірі дастарханын жайып жатыр. Сәрсен мен Сисен. Жұмағали ата мен Шамша. Сәлімжан аға. Жанқия, Бибігүл, Ақыл, Тасбике мен Тойғандар ше? Осылардың арқасында асымдық балықтан, шайға құяр сүттен тарыққан жоқпыз. Көңіл шуағын айтсаңшы! Қазан көтеріп қайтесің деп балығын бірде асып, біре қуырып әкеп береді. Ал біздің үйге кіріс – 27 сом. Иә, 27 сом жәрдемақы. Оған бір қап ұн мен 4-5 литр шемішке май аламын. «Бауырсақ мама, бауырсақ» дейді балаларым. Бауырсақ, оған қоса кейде күлше пісіріп «қабыл болсын» айт деп көрші-қолаңға таратамын. Осымен 27 сомның түбі тақырланады.
–  Үйбүй-й!
–  Немене, мама!
– Күн барында пішенге кетейін. Әлгі қайықтың ескек-таяуы бар ма, Бибігүл!
–   Құрал-сайманы сай!..
    Құрақ пішен су ішінде, «Кішітүбек» жақта. Нұралықта шөп тым сирек. Оны еңкейіп ору керек. Кетпенмен шабуға ұлықсат жоқ. Тамыры жұлынады. Тамыры кетсе жер ай тақырға айналады. Қаншай қалың құраққа орақпен тиісті. Мотористік мамандығына енді орала алмайды. Ол түсінікті. Бала-шағадан ұзамақ емес. Оқыту керек, мәпелеп өсіру керек. Оларға осы тұста ананың аялы алақаны ауадай қажет. Жылқайдар (Сатыбалдиев) ұстазының бір сөзі есінде сақталған. Тарих пен жағрапия пәнінен сабақ берді. Сабақты қорытындылай келе:
–   Күшті болу үшін бірлік керек, білімді болу үшін оқу керек, бай болу үшін кәсіп керек,-деуші еді күңіренген үнмен.
–   Ағай, ағай! Бұл – Ильич Ленин көсемнің сөзі ме, керемет екен,-дейміз.
–   Жоқ, ә, – дейді ол қабағын шытып, – бұл есімі айтылмайтын адамның сөзі. Жабық тақырып, мүмкін оның есімі сендердің ұрпақтары кезінде айтылып қалар...
–   Қызық, ә! Есімі айтылмайтын адамдар да болады екен-ай!
     Сыртқа шыққасын Сәнімкүл құрбысы екеуі күлсін кеп: -Біздің ұрпақ, ол қашан келеді дүниеге,-деді Сәнімкүл Қаншайды қолтығынан алып.      
–   Осы Жылқайдар ағай бар ғой, мектептегі жалғыз дипломды ұстаз дейді. Өзі білімдар!
–    Тс-с, тыңшы жүгірмек келе жатыр, – деді Қаншай, жап  аузыңды, бір пәлеге жолығып қалармыз, – деп өзі алға түсіп жүгіре жөнелді...
–  Ту-у, қай-қайдағының ойға түскенін-ай!-Қаншай бойын тіктеп, қайыққа толып қалған құрақ пішенге қарады. -Міне, біздің кәсіп осы. Жазда пішен, қыста қамыс орамын. Ара-арасында жылым кезегіне қатынаймын. Бай болу үшін емес, әрине. Майдангердің ұрпағын әлдекімдерге телміртпей, қол жайғызбай текті қалпында өсіру үшін.
***
1960 жылдың қысы. Көлдің мұзы қатты. Аз-маз қар жауды. Қалың емес. Терген тезек, отындық қара шөп таусылды. Кеше де, бүгін де түске дейін қамыс орып қайтты. Арқалап тасыды. Шана табылмады. Бір-жары түстен кейін беруге уәде етті. Мағзат оқудан оралды. Стакандағы қызыл шайды ішіп, бауырсақ шайнап отыр. Өзі көңілді. Сірә, есеп-қисаптан «бес» алса керек. Өзі осы пәнге айрықша жүйрік.
–   Мағзат, ауқаттанып болсаң киін!
– Мама, қайда?
– Қамыс оруға...
– Тілектеске кім қарайды?
– Мағзагүл қасында болады. Көрші әжелер келіп тұрады...
–  Мақұл, мама, мақұл!
   Көкше мұзда қамысты кетпен-күрекпен-ақ жайпайды. Пәлендей қиын емес. Лезде-ақ шана толып қалды.
– Және бір қатынап үлгерсек, ә!..
–  Мама, қамыс сонша көп керек пе?
–  Бізге көп керек. Отынды үстемелеп тұрмасаң, ескі үй ызғып кетеді. Тамның, дәліздің төбесін аударып, қайта жабамыз. Төбеге тастаған бау-бау пішен шіріп, майдаланып кеткен. Орнын теңіз шалаңмен ауыстырамыз. Әрі жылы, әрі отқа жанбайды. Бұзау қораны бөлек соғамыз. Қораны да кеңейту керек. Осының бәріне құрылыс ретінде қамыс пайдаланылады. Ұқтың ба?
–  Ұқтым, мама. Ертең де келеміз бе?
– Жо-қ, балық қаптау кезегіне барам.
–  Балық қаптау... Мағзат толық түсінген жоқ. Бірақ мамасының қай жұмысқа барса да құр қол қайтпайтынын біледі. Бара  беріңіз, мама, мұнда біз бармыз ғой, алаңдамаңыз, – деді. Өзінің қолғанат болуға жарап қалғанын мақтан еткендей кеудесін көтеріп.
   Дарияға қыс айларында жылым салуға ұлықсат бар. Өрдегі «Қыз кеткен» мен теңізге құяр аяқтағы «Алшынбай» қайырының арасындағы орындар кохоздарға бекітіледі. «Қарашалаңның» шөбі «тасымға» түсті. Мұз үстімен тіке тартса жарты сағаттық жол. Және балық тасыған машина, аттыл-түйелі жолаушылар қаптап жүр. Жылымнан шыққан балық мұзға жайылып қатырылады. Сонда ғана жоғарғы сортқа өтеді. Одан кейінгісі колхоздардан  балық қабылайтын зауыттың шаруасы. Олар балықты қабылдап, қамыс, не қоғадан тоқылған мардандарға қаптайды. Қаптың аузына бирка тағылып, салмағы, сорты жазылады. Лабазға жинап, зауыттан келген транспортқа тиеледі. Бұған жұмыс қолы керек. Қаншай күнара баруға осыған жазылған. Әрі көмек, әрі табыс. Асымдық балығына қоса еңбегіне қарай тиын-тебенін алады. Міне, балық қаптау кезегіне барам деуінің мәнісі осы-тұғын.
Есік алдына бірдеңе дүрс еткендей болды. Мағзагүл терезеден қарады. Шананы жағадағы мұзда қалдырып, бау-бау қамысты үйге тасып жатқан мамасы екен.
–  Інің қалай, ұйықтады ма?
–   Жо-қ, ойнап отыр. Әлгінде Дәметкен әже сүт әкеліп ішкізді...
   Тілектес тәй-тәй басып, қалбалақтап анасына ұмтылды. Анасы көтеріп алып бауырына басты. Қолтығынан демеп, қарсы алдына тік тұрғызды да:
-  Әй, Өміржанов! Әкең байғұс мейірі қанып бір сүйе алмай кетті-ау,    
-  Үлгірмеді, үлгіртпеді.-Ал өзінің екі көзінен жас парлады. «Жо-о-жоқ, маған босаңсуға болмайды. Өмір – жойқын ағыс. Ағызып әкетеді. Жағалауға лақтырып тастайды. Жо-о-жоқ, босаңсуға болмайды. Сенің оқуың керек. Ағайымыз: «Білімді болу үшін оқу керек» деген.  Оқисың, оқисыңдар!..
–  Мама, кіммен сөйлесіп жатырсың?
–   Тілектеспен!
-  Немене, тілі шығып па?!
–  Мағзатқа Мағзагүл қосыла күлді.
Аққу қаз қайта айналып келер мекеніне.
  • Ал уақыт қайрылмай кетеді де...    Май шаммен балдарының тозып бітуге айналған киімдерін жамап, бүтіндеп отырып, Қаншай осындай терең ойға берілді. Иә, уақыт оралмайды, зымырайды, заулайды. Міне,лезде-ақ өміржансыз тоғыз жыл өте шығыпты. Сондағы Тілектес бүгінде екінші сынып оқушысы, Мағзагүл келер жылы жетінші сыныпқа барады. Атыраудағы теміржол техникумына түспек. Бірақ екеуін бірдей сыртқа жібере алмаймын-ау,оныншы бітіргесін барады та. Мағзаттың диплом алып келуін күту керек. Әйтпесе, қалай? Тарығып қалармыз.» Мағзат болса, Қазалыдағы ауылшаруашылығы техникумының бірінші курс студенті. Болашақ бухгалтер. Ал оқыды, ал оқыттық. Қияндағы «Қарашалаңға» каникул кезінде қалай келеді? Техника қатынамайды. Болса да сирек және жолаушы алуға рұқсат етілмеген.   Жол-жөнекей қауіп-қатер де аз емес. Қалыңшылық.Онда неше түрлі азулы аңдар жорытып жүр. Әрі су жолы. Өткел жоқ. Қайықшылар тым қымбатқа пұлданады. Ал оқуды тәмамдады. Дипломда-маман болып шықты. Мұнда оларға жұмыс жоқ. Жұмыс емес-ау, мамандығына сәйкес келетін мекеме жоқ. Жалғыз колхоз,оның есеп-қисабын жалғыз қолды,соғыс солдаты Бораш-ақ дөңгелетіп жүр.
  •      Әпкелерінің ізімен Тілектесімде келе жатыр. Әзірге мамандық таңдау ерте. Ерте дегенмен уақытың-зымыран. Сонда кәйту керек? Қоныс жаңалау керек-ау! Қайда?! Қалаға! Туыс-жекжат о жақта да бар. Бірақ,сен Лепірме, Қаншай!Ал үй қайда? Отын-суы сатын.  Бірінші қажет-баспана. Қорда көк тиын жоқ. Айтасың-ау, Қаншай! Утопия,утопист! Жо-қ утопия емес. Мүмкіндік. Иә,мүмкіндік. Оның  аты – Нартәуекел! Нар жолында жүк қолмас! Айда, тәуекел. 1968 жыл. Мамыр айының соңғы күндерінің бірі. «Аралбалықтрестен» Бөгендегі зауытқа қыстай тұзға басқан балықты тасуға «Аралавтобаздан» машина ағылуда деген хабар келді. Екі ауыл арасы 18 шақырым. Тілектесті жанына алып «Бөгенге» жаяу тартып кетті. Ертеңіне Өміржанның жақын інілері автошколдың директорды Бақтыбай Дәуітовтың үйіңде шай ішіп отырды.
  •        -   Әй, қайным, – деді жұмысына жиналған оған, -маған қызмет керек!
  •        -  Қандай қызмет? Бізде, Сіздің мамандығыңызға сәйкес қызмет жоқ, олқысынбасаң  «Еден тазалаушы» штаты бар!
  •      -     Айлығы қанша?
  •      -     30 сом!
  •      -     Ым-м... премия, сыйақы деген бар шығар?
  •      -     Қа-й-дағы,-деп күлді Бақтыбай Ауданның жарты көлемін
бауырына басқан «Аралрыбтрес» емес бұл, «шофер дайындайтын күнкөріс қой»  әйтеуір.
  •    –  Неше айлық курс?
  •    –  Немене оқиын деппе ең?  маториссің,тез-ақ игересің! Аха-ха-лап күліп,далаға шығып кетті.
  •    – Абысын,-деді Бақтыбайдың әйелі,-қайныңа ренжіме,ол сондай бір әзілкеш,артында зіл жоқ,үй іздесеңіз,бірге барайын.
  • – Несіне ренжимін,өзім ғой бастаған. Ал киініңіз!
  •           Төрт-бес шарбақтан өтті.Ұнамады.Ескі қаңқыра кілең. Қам  кесектен өрген. Жаңбыр құйса сылағы ағып кетеді,цемент араласпаған.Әрі бағасы да көтеріңкі. Ә.Молдағұлова көшесінің бұрылысындағы №12 - үй әйбет екен. Қыс кесектен қаланған.Қас маманның қолынан шыққаны көзге ұрады.Тазалығында мін жоқ. Ұқыпты қожайынның ісі. Бөлмелері де жетерлік. Төбесі қаңылтырмен жабылған. Есік-терезесі әсем, окошкалы.Ошақ-пештері мұндаздай.Егелері шарбақ алдында отыр.
  • Қарындас, үй  ұнады ма?-деді шоқша сақалды,қызыл  шырай егде
кісі. Жетпістің үстінде-ау, деп шамалады. Ал жанындағы кім? Елуді еңсеріп қалған ақкуба әйел. Жас айырмасы 20-23 шамасы-ау!
  •   -    Иә, сонымен...,-деп үй иесі сұрағын қайталады.Қаншай аңғалдығына, бейтаныс біреуге сонша қадалғанына ұялып қалды.
  •   -    Ұнады ағай!Бағасына келісейік?
  •   -    Мың сом! Артық-кем жоқ-мың сом!
  •   -    Мың сом!Ә-ә,мың!Бұл сол кездегі үш-төрт құлынды  биенің құны еді. Десе де баспана жарамды. Сол бағаға лайық.
  •   -   Келістім  аға!
  •   -   Сатылды дейміз бе?
  •   -   Иә, аламын!
  •   -   Ендігісін мына Сәкөш (Сәндігүл) жеңгеймен сөйлесе бер,-деді де қызыл шырайлы кісі жақын маңдағы бір үйіне кіріп кетті.
  •    -    Әй, сіңілім,-деді әйел Қаншайға бұрылып, – осы сен фзо-да оқыған
жоқсың ба?
  •    -    Иә,оқыдым,апай!
  •    -    Ә-ә,бәсе,мен фзоны бітіріп «смелый»-ға моториетің көмекшісі
болып  жүргенімде, сендер бір топ қыз практикаға келіп,ои-й,мынандай да ұшқыр кеме болады екен-ау, қайық емес, самолет қой, дегенсіздер таңданып. Сонда мен сендерге:
Бұл Сатаевтың «мерседесі» ғой деп күлгенім бар. Әлгі ағаң сол тұлпар-кеменің  капитаны болатын.Жақсы, мұнын  әр жағы үлкен хикая. Үйдің пұлын...
  • – Сәл сабыр етіңіз апа! Қазір қолымда ақша жоқ. Бір жеті мұрсат бер.
Қолыма түскенің әкелем...
  • – Ал, әкелдің, қалғаны ше?
  • – Жұмысқа тұрдым. Айлығым 30 сом. Оны қолма-қол әкеп берем.
Иә, болмаса есеп шоттарыңа өткізем...
  • – Айма-ай дейсің бе? Сонда үш жыл бойы ма? Өздерің не ішіп, не
киесіңдер!
  • Ел ішіндеміз. Бірдеңе ғып лаждармыз!
               Әйел үшсіз отырды. Күлді. Қаншайға таңырқай қарады.
  • Тәуекелшілің-ай! Мейлің, сіңілім! Жүр, үйдің кілттерін ал!
  • Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ
(Жалғасы бар)
 
19 тамыз 2025 ж. 71 0