Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » АУЫЛДАСТЫҢ ӘР ӘУРЕСІ...

АУЫЛДАСТЫҢ ӘР ӘУРЕСІ...

Ұзын саны 10-нан ары уатсап-топ бар. Әуелі әріптес Айнур Карамендиева үзбей жіберетін іс-шара, жиыны мол редакция группасын қолмен жүгіртіп өттік. Мұнда кей-кейде атымыз аталып, бір жиналысқа бару керектігі мойныңа артылады. Бүгін Құдай оңдап, одан "құралақан" екенбіз. Әншейінде әңгімесі көп Сыныптастар да бүгін қалғып кеткендей. Б-класы да ара-тұра бұрқ етер жаңалығын біраздан бері жарияламай тұр. Өзім қызмет қылатын газеттің ғана тілшілері бас қосқан топ тек жұмыс барысын сөз етеді. Әнебір ҚТ-05 дейтін курстастар тобындағы қырық қыз кейде біреу балық таратқандай шулайтын. Жалғыз еркек ондағы өзім екен. Қазір ол жақта та мүлгіген тыныштық. Ал басқасы (уатсап-топтар) маңызды емес.
Ең тынышсызы – Ауылдастар тобы. Кәкір-шүкірден бастап, сырт жаңалыққа дейін осында. Бұған қайдан тап болғанымызды қайдам?! Өз пайымымша, бұған елдегі өзі жас, өзі белсенді әрі пысықтықты әбден меңгерген ( топтың админі) інім тіркеп үлгергендей.
Жалпы елден кеткелі, сырттан нәпақа тапқалы 10 жылдан асты ғой. Көп адамның нөмері бар әлгі топта. Бірақ аты-жөні біздің ұялыда жазылмаған соң әркімнің дауыс шамасына қарап, кейде танып, кейде танымай жатамыз. Бірақ ондағы әңгімелер…
Ауылдастар тілі һәм өзара диалогы тым бөлек. Тым шымшыма. Тым тәтті. Сағындырады. Бала күн, бозбала шағың қайта көз алдыңа келеді. Өле күліп, бір жырғап қаларсың.
Айтып, ауыз жиып болмадым-ау. Әне, алғашқы смс келіпті. Не депті? Оқи бастадық.
“Бәкөлдің Нукасының үйі монша жағып жатыр”. Әлгі смстің соңында смайлик жүр. Оған жауап ретінде бір сөзі қисық, өзі кері кеткен “бассейні бар ма?” деген жауап қалдырған. Артынша бір жеңгейдің “Итін байлап тастасын, ішімдегіні түсірер, қараң қалғыр!” деген аудиожазбасы келіп еді, оған бір қайнысы “жатпайсыңдар, иәә?” жағаласа кеткені. Енді бір аңқаулау абысыны “ақұдай, қол-аяғыңды аман-есен бауырыңа ал” төгілдіре тілек айтып кетті. Ана жеңгей мұнда қайнағалары бары есіне енді түсті ме, ұялғаны болар, әйтеуір үндемей бәріне жауапсыз қалды.
Енді бір інішектің “77- дегі Понтик братанның нөмері кімде бар?” дегені сол еді, ана байғұстың басына Понтекеңнің бар нөмерін үсті-үстіне жаудырды дерсің…
“Декабырдың айлығы мен пенсиясына сиыр соямын”. Үш туған. Биыл қысыр қалып. Өзі күйлі” деген біреудің жазбасына тізімделгендер көп. Тіпті біреулері “қайсы, анау шұбар бет тоқал сиырың ба, алдында желіні бардай көрініп еді” деп сипаттама беріп үлгерді. Малдың қоңын һәм қашан туатынын көзбен болжайтындар көп еді біздің елде.
“Азанда Қазалыға Сағадат па, Өмірсерік аға ма?” деген сұраққа “адам толса жүреді” немесе “Өмекең жүреді, Сағадаттың моторы кетіп жатыр” деген тап бір анықтама бюросындағыдай жауап әп-сәтте келген. Дұрысы, Сәкеңнің Пазигінің моторы істен шыққан ғой. Анығы солай.
Кейде, жоқ жалпы қайтқан кісіге көңіл айту, той қылған ауылдасқа оң болсын айту да осында.
“Өлә, кешіріңіздер, үйдегі балдар басып-басып тастапты” деген жас келіншектердің де даусы оқта-текте тұншыға шығып қалып жатады.
“Көне ауыл (біздің Жаңақұрылыстың бір бөлігі) жақта гәзелмен помидор-қияр сатып жүр. Келісі 300 теңге” деп бірі таза қазақша қаріппен хабарландыру жазса, бірі жоғын іздеп “бір құлағы сара тілік көк қошқар кімнің үйіне барды екен?” деп ашулы сұрақ қойып үлгереді.
Расымен дөңмаңдай қошқарың мен "жұпар" иісі алты қыр асатын саржағал текені бұл уақытта өз үйіңнен табу қиын. Ағұс ортасынан қыркүйек соңына дейін "жігітішілік"" қамы ғой.
Біздің әкейдің де еркек лақтың даусы тарғылданып, бақылдай бастағаннан ветврач шақыртатыны сол ғой. Әуресі көп шіркіндердің.
“Светтен хабар бар ма, қашан жанады екен?”
«Каспиде кімде 70 мың бар, нәлішкі берем”.
«Қолдың құрты бар. Бағасын жекеде айтам”
Оған жауап: “Сол 4 мың шығар”.
“Теңіздің тыраны бар қармаға. Бақшабайдың келіншегімін ғой. Сәм бердіктер, қалайсыздар?” деген құрдасыңның қатыны да сауда қылады мұндайда.
“Мышық (біздің ауылда мысық деп әдеби нормамен айтатын аз, бәлкім жоқ) алатындар жоқ па? Мына албасты 9-ын туып..”
“Магазиннің қарызын төлеңдер. Өздері кім екенін біледі? Әйтпесе ше, осында спесікпен шығарамын” дейді бірі кіжінген дауыспен.
“Газ баллон қашан келеді екен, әкім аға?” дейді ақсаусақ бір жеңгең.
“Клубта дескатека бүгін, ауыл жастары!”
“Ана сұр қаншық итіңді атып таста. Тауықтан тауық қоймады” деген еді бір ауылдас, әлгі ұры қаншықтың иесіне жабыла кеткендер көп. Ол жандәрмен группадан қашып үлгерді. Шығып кетті, дұрысы.
“Әй, ана Пәленшенің баласы, көшеде мәтесекіліңді жай айда, жанықпай” деген генерал жеңгеңнің де қатаң ескертуі де жүреді…
Әйтеуір, әуресі көп ауылдастар. Бірақ бір-біріне болсын деп жатқан ел іші. “Әлденеден абай жүрсін” деген ағайын. Болмасын деген жұрт жоқ еді мұнда.
Ал сіздің ауылда уатсап-топ бар ма?
Айт-Ман көкемше бір жырғап қойдық.
Ержан ҚОЖАС
26 тамыз 2025 ж. 28 0