Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шырайлы шаһарға сән кірген

Шырайлы шаһарға сән кірген

Біз өзі сәл мақтау естісек мастанып қалатын халықпыз ғой. Десе де туған жер, өскен өңір жайындағы жақсы сөздерді естігенде іштегі толқыныс бөлектеу болады екен. Жақында өз басым сондай жайтты бастан кештім. Қалай дейсіз ғой, баяндайын ендеше.
Жалпы дәм-тұз айдаса адамның басы Алланың добына айналады екен ғой. Әйтпесе атын естігеніміз болмаса, сонау Шамалғанда не жоғалтыппыз? Сол жақтың тумасы әлдебір шаруаларымен Ақтауға сапарлатады емес пе. Көліктің реті болмаған соң Шымкентке дейін такси, одан Қызылордаға дейін таксилетіп келген. Қырсыққанда Қызылордадан бері қарай мінген көлігі Аралға жетер жолда бұзылып қалады. Содан осы қаланың таксилері ағылып жатқан базар маңына келіпті. Көлігі түн жүретін болғандықтан барар жері белгісіз жолаушы пақырды өзімізбен бірге үйімізге еріте кеттік. Сөйтсек ол күнұзақ Аралда болыпты. Кешкілік шығып та қайтты. Қысқасы, көрер көз болса Аралдың көрікті жерлерін бір кісідей аралап шыққанға ұқсайды. Әңгіме барысында Арал қаласын бұрын-соңды көрмегенін білдік. Қайдан көрсін, сонау Шамалғандағы қазақтың айдынды Аралда бірде-бір туысы жоқ. Тек тағдыр айдап келіп қалған. Ол таңданысын жасыра алмады. Өзі саясатқа жақын адам екені байқалып-ақ тұр. Сөзінің басы: «Мен Аралды мұндай үлкен әрі көрікті жер деп ойлаған жоқпын. Әрі кетсе 500-1000 шақты үйі бар шағын кент деп ойлап жүрмін», – дегеннен басталды. Қалаға деген таңданысын байқаған біз де автобекетке келер жолда туған жеріміздің көрікті жерлерін қол сілтеп көрсетіп келеміз.
– Мен өзім Шамалғанда туылғанмын. Балалық шағым сонда өтті. Осы тұрғанда Шамалған мен Аралды іштей салыстырып келемін. Көшелері кең әрі тегіс жол екен. Жаяу жүргінші жолдары да тартқан сымдай созылып жатыр. Басшы кім болса да елге жаны ашитын азамат екені көрініп тұр. Тазалық жағы да мәдениеттің нағыз ошағы екенін байқатады. Бұл қаланың басқа да көрікті жерлерін түнгі жарықпен тамашаласақ сәулеті шырайлана түсетін сияқты ғой, – деді маған бұрылып.
Сырт көз сыншы ғой. Сырттан келген қонақтың таңданысын байқаған такси жүргізушісі:
– Теңізімен әлемге танылған елдің тамашасы әлі де біткен жоқ, інім. Елде 2-3 күн айналып бәрін тамашалайтын болсаң, біраз рухани азық алып қайтасың. Сөзіңнің жаны бар. Расында бұл жақтың әкімі де елден алыс. Тұрмысы түзде болғанмен кіндігі елге байланған. Әкелері осы елдің азаматы. Осы Аралдың сонау 80-90 жылдардағы сүреңсіз кезеңі көз алдында өткен азамат қой. Әрбір іске жауапкершілікпен қарап, жанашырлығын танытып-ақ жүреді. Шүкір, соңғы жылдары қаламыз біраз қалыпқа келіп қалды. Басқасын айтпағанда, осы жүріп келе жатқан жолдардың өзі маған қатты ұнайды. Көршілес аудандардан мұндай жолдарды көп байқай бермейді екенмін. Әлде көп мән бермеген соң ба? – деп сөзін қорытындылады.
Иә, туған жер туралы мақтау естіген мен сол сәтте іштей ой түйгенім рас. Кейде өзімізге өзіміздің көңіліміз толмай жатады ғой. Алайда сырттың пікірі мүлдем басқа екен. Жетістіктер мен өзгерістердің ортасында болған соң көп нәрсеге мән бере бермейді екенбіз. Біздің қаламыз соңғы кездері жақсы пікірлердің себепшісіне айналды. Ара-тұра болып тұратын олқылықтардың әсте көзге шыққан сүйелдей болып тұратыны бар ғой. Біз осындай жағымды пікірлерді әлі де көп есту үшін өз қаламызды, өз ауламызды таза ұстасақ, әлі талайдың тамсана қарайтын мекеніне айналары анық. Шырайы келіскен шаһар жайында сырт көзден естіген пікіріміз осы. Теңізді өлкенің толассыз тірлігі бүгінде тоқтаусыз жалғасу үстінде. Жақсы жетістіктер мен жарасымды істеріміз де жеткілікті. Тек оған көрер көз керек.
А. БИСЕНОВ
16 шілде 2023 ж. 250 0