Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жарты ғасыр жол үстінде

Жарты ғасыр жол үстінде

«Жол – өмір» деген үлкен сөз бар италиялықтарда. Расында, алыс пен жақынның арасын жалғаған жол – қайнаған өмірдің күретамыры. Ол жолда талайдың тағдыры мен тәуекелі, арманы мен аманаты кетіп бара жатыр. Қиыны,сол өмірлік қағидалардың құнын кетірмей, межелі жерге аман-есен жету.
Қаладан шығып, «Батыс-Еуропа – Батыс-Қытай» транзиттік көлік дәлізінің бойымен 80 шақырымдай жүрсеңіз, Қамбаш деген елге қарай бұрылатын жол шығады. Сырға бастаған бағытыңыздың сағасы сол маң. Сол жолдың бойымен жүріп отырсаңыз, Сыр беткейдегі біраз елдің үстімен өтесіз. Жалпы қашықтығы 200 шақырымға жетіп жығылатын күре жол алдымен Қосжарды кеулей өтеді. Сосын дарияны кесіп өтіп Аманөткелмен астасады. Одан әрі шықсаңыз Бөгенге бас тірейсіз. Ауыл үстімен өткен соң Қаратереңге қарай шығасыз. Қапталыңызда Қарашалаң дейтін қасиетті өлке қалады. Міне сол жерге барып дамыл табатын қоғамдық жолаушылар көлігінде кассир болып отыратын Жаңыл апаны білмейтін жан кемде-кем шығар. Ол ауылды айтпағанда жоғарыда тілге тиек еткен ауыл тұрғындарының барлығына кейіпкеріміз Жаңылдың есімі жақсы таныс. Расында осы жұрт Айтуған мен Жаңыл жайлы біле ме екен?!
«Арал – Қарашалаң бағытында халық алғысына бөленіп жүретін Айтуған мен Жаңылды еңкейген қариядан, еңбектеген балаға дейін біледі», – дейді жолаушы Дина Елеуова. Расында солай шығар. Өйткені бұл бағыттағы жол елдің күретамыры болып тұр. Күніге қаншама жан аудан орталығымен қатынас жасайды. Көлігі барлар қалаған уақытында келіп-кетіп жатыр, көлігі жоқтар көптің тілімен айтқанда «Айналайын, Айтуған - Жаңыл» атанып кеткен қоғамдық көлік ішінде.
Таңмен таласа тіршілікке кірісетін бұл жандардың қаншама жылдық бейнеті бағалауға лайық. Әсіресе қыстың суық мезгілінде мұз боп сірескен көлікті оталдырып, іске қосу оңай шаруа емес. Оның үстіне бұл жұмыстарды таңғы бестер шамасында істесеңіз мұндай бейнетке батылыңыз бара бермесі анық. Осы кәсіптен нан табатын жандар үшін бұл әдеттегі жұмыс. Өзінше қиындығы бар, әдісін білмегенге айтарлықтай ауыртпалығы да жеткілікті. Күнде солай. Таңғы бесте басталған тіршілік түске таяу дамылдайды. Бұл уақытта Жаңыл апа жайғасқан, баласы Нұртуған тізгіндеген жолаушылар көлігі сыр бетіндегі ауылдарды қамти өтіп, сағат 9 дар шамасында Аралға келіп тоқтайды. Негізі бұл жанұя осы кәсіпті сонау 1968 жылдардан бастаған. Ол кезде көлік тізгіндеген Айтуған ағамыз бүгінде зейнет жасында. 2015 жылы зейнетке шығамын дегенше көлік тізгіндеген қарт бүгінде жолда жүрген жұбайы мен баласының амандығын бір Алладан тілеп отырады. Сонау жастықтың жалынды шақтарында бұл ауданда Айтуған ағамыздың табаны тимеген жер жоқ десек те болатын шығар. Жолаушылар көлігімен ауданның әр бағытына қатынас жасаған жанның қасында әдетте Жаңыл апа да жүретін. «Айналайын, Айтуған - Жаңыл» атануы да сондықтан шығар.
– Біздің Арал мен Қарашалаңның ортасын жол қылып жүргенімізге 30 жылдың жүзі болып қалды. Осы уақыт ішінде жол азабын да, басқаны да бір кісідей-ақ көрдік. Түрлі бағытқа қатынас жасадық. Бірақ мойымадық. Мойнымызда қаншама адамның аманаты болғандықтан, жауапкершілігі де зор екені белгілі. Ол кезде жастық жігер де бар шығар. Қазір жасымыз көп болмаса аз емес кезге келді. Бұрынғыдай жолдың қиындығын елемей жүру мүмкін емес. Жол жақсы, көлік сенімді болғанмен шаршайтынымыз бар. Десе де әр сапардың өзіндік ерекшелігі, есте қалар айрықша сәттері болады. Жұмыс бабында талай жолушыны кездестірдік. Жол-пұлы болмай жағдай айтып жеткен жандарды есептемегенде, жолда қалған көлігін тіркеп елге жетіп қалған жандар да болды. Біз жол үстінде болатын мұндай жағдайлардың барлығын жолаушының мойнындағы бір парыз деп қарадық. Шүкір, ол пейілімізден жаман болған да жоқпыз. Жұрттың «Айналайын Айтуған - Жаңыл» деп сыйлайтыны да сондықтан шығар, – дейді Ж. Қыдырбаева.
Бұл кісі жайында оқырманнан редакцияға хат та келді. Ол хатқа түскен әрбір жолдан Жаңыл кейіпкерімізге деген алғаусыз пейіл мен шынайы алғыстың барын байқау қиын емес. Жетер жеріне аман барып, еліне есен жеткен Дина қызы (жолаушы):
– «Жолында тұрған жолаушыны қалдырмай, жолақысы жоқ болып тұрса да алғысыңмен апарайын, мін көлікке, деген Жаңыл апаның бір ауыз сөзіне қаншама ауыл жұрты куә болып жүр. Жамағатқа жайлы болған Жаңыл, жолдасы Айтуған мен қазір ізін жалғап жүрген баласы Нұртуғанды елді мекен жұрты өз туғаны келе жатқандай амандығын тілеп, күтіп отырады. Еңбегімен еленіп, азаматтың алғысын арқалап, өз бақытын қарапайым еңбегімен тапқан жанұя болса осындай болсын. Уақытпен санаспай, жолаушы амандығы мен аманатын бірінші орынға қоя білу де бақыт. Сонау «Автобаза» мекемесі кезінен келе жатқан қажырлы жүргізуші мен оның жолсерік кондукторы мен білетінде бағалауға лайық жандар», – деп ыстық ықыласын білдірген.
Халқымызда «Халық айтса қалпы айтпайды» деген тәмсіл бар ғой. Бұл кісімен сапарлас болған жандардың тілегі шындығында бір арнада тоғысатындай. Демек біз әңгімеге арқау еткен жолсерік Жаңыл мен жүргізуші Айтуған ауылдағы ағайынның ақ пейілімен аласармайтыны анық. Өз басым бірнеше мәрте сапарлас болып, жағалау жұртының жақсы сөзіне куә да болғанмын.
А. БИСЕНОВ
21 желтоқсан 2021 ж. 1 080 0