Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Таксист келіншек

Таксист келіншек

Бүгінде мұндай жағдай таңсық көрініс емес шығар. Десе де такси тізгіндеген нәзік жандыларды кездестірмейміз. Осы ретте мына бір оқиғаны баяндап бергім келіп отыр.
Кешкілік жұмыс уақыты аяқталған соң, үйге қайтуға қам жасадым. Тура жолдың бойына шығып, көлік тоқтатпақ ниетпен аялдамаға жақындағаным сол еді, бір көлік жаныма келіп тоқтады. Мекенжайымды айтқан едім, «отырыңыз» деп ілтипат жасады. Көлікке отырған менің қас-қабағымнан байқаса керек, «не болды, інім, таңғалдың ғой» деп күлді. Расында, тұрғындарға такси қызметін ұсынатын келіншектің кезіккеніне таңғалғаным рас еді. Журналистік әдетіме басып, осы әңгімені ары қарай жалғап кеттім. Таныса келе, Бексұлу Ешниязованың Орал қаласының тумасы екенін білдім. Аралдық азаматқа тұрмысқа шығып, бүгінде ұл-қыз тәрбиелеп отырған ананың көлікті тізгіндеуінде де себеп бар. Жолдасының көлік басқару құжаты жоқ екен. Бала күнінде көлік жүргізуді армандағанымен, ол мүмкіндікке ие бола алмаған ағамыз кейін Бексұлу апайға көлік алып беріп, өз арманын өмірлік серігімен ұштастырғанын аңғартыпты.
Мінезі жайдары, ашық-жарқын апаймен әңгіме одан әрі өрбіді. «Расында, тек сен ғана емес, көп ер-азаматтар таңғалып жатады. Кейбір еркектер жүрексінетін көлікті басқару да ерлік қой деп мақтайды» – дейді ол.
– Жалпы, осы уақытқа дейін дүкенді жалға алып, саудамен айналыстым. Шағын дүкен болса да, керек заттарды тасу үшін алғанбыз көлікті. Ертемен сол заттарды алып келуге шығамын. Жолда жолыққан адамдарды жеткізіп тастап жүрдім. Сондай күндердің бірінде бір жолаушы «Indraiver» дейтін такси қызметін ұйымдастыратын мобильді қосымша барын, сол арқылы жұмыс жасауға болатынын айтты. Соны естіген соң қызығушылықпен мен де тіркелдім. Бүгінде екі жылдай уақыт болды, – дейді кейіпкерім.
Сонымен қатар такси қызметі арқылы туысындай тілдесетін таныстар да тапқан. Бексұлу апайдың тұрақты тұтынушылары осының анық дәлелі. Ал мына бір оқиға кейіпкеріміздің қызметіне берілген баға іспетті.
Бірде Аралға Ақтөбе қаласынан цирк келеді. Қойылым қоятын цирк өнерпаздары алғаш келген күндері қонақ үйде болып, такси қызметіне мұқтаждық танытады. Осылайша Бексұлу апайға хабарласады. Орыс тілінде сөйлейтін цирк әртістерімен жолшыбай такси жүргізушісі сөйлесіп кетеді. Таныса келе қонақ үйде болу тиімсіздік танытын тұрғанын айтып, үй болса сол жерде болғылары келетінін жеткізген жас өнерпаздарды шаңырағында қонақ етіп, аудан орталығына жақын ауылдарға цирк қою үшін тасымалдауына да көмектеседі. Міне, содан бері олар бір сәт хабар үзбей қоңырау шалып, жағдайын біліп, әлі күнге дейін рақмет айтудан шаршамай келеді екен. Тіпті қазіргі таңда Жамбыл облысы, Отар қаласында цирк ісімен айналысып жатқан өнерпаздар Бексұлу Ешниязованы сол жаққа шақырып, бірігіп жұмыс жасауды да ұсынып отырған көрінеді.
Расында, мамандық жынысқа қарамайды. Тек өз ісіңе адал болсаң болғаны.
10 наурыз 2021 ж. 726 0