Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Туған қалам танымастай өзгерген"

"Туған қалам танымастай өзгерген"

Кейде иығымызға бейнетаспаны асып алып қаланың көрікті жерлерін кадрға алатынымыз бар. Сол күні күн дымқыл тартып, талдардың басын аздап қырау шалған еді. Нысанаға жақсы дүние ілігер деген ниетпен қаладағы З.Шүкіров атындағы қалалық мәдениет үйінің жанына таядық. Ол жерде де байқасаңыз жақсы бір үйлесім бар. Құдды бір шағын қоғамдық орын. Аралдың азулы ақыны, халқымыздың қымбат қазынасына айналған З.Шүкіровтің еңселі ескерткіші мен тастан қашалып салынған кітабы әлгі орынға айрықша үйлесім беріп тұр. Шырт еткізіп бір-екі кадр алдық.

Ескерткішке қарай жақындай түскенім, бір келіншек ескерткіш жанына барып, қалта телефонымен селфилатып жатыр. Кенет маған қарай бұрылды да:
– Інім мені суретке түсіріп жібересің бе, – деп телефонын ұсынды.
– Жарайды, – деп жансыз бейне мен жанды бейнені таспаға бастым. Бұл да бір тарих. Әлгі келіншек әрірек барып кітап мүсінді тамашалады. Сырттай бақылап тұрған мен жүзінен бір жылылықты байқадым. Аралға алғаш келіп тұр, болмаса кеудесінде туған жерге деген сағыныш басым. Кәсіби қызығушылықпен жанына барып, әлгі жанды әңгімеге тарттық.
– Сіз Аралға бірінші рет келіп тұрсыз ба?
– Жоқ, бірақ келмегелі көп болды.
– Қай жақтан болдыңыз?
– Өзімнің туған жерім осы Арал қаласы. Бірақ қазір Атырауға келінмін.
– А-а-а, сіздің жүзіңіздегі жылылық осы туған жерге деген сағыныш екен ғой.
– Иә, жырақта жүрміз. Туған жерге деген сағыныштың қадірін менен сұрасаңыз болады. Атырауға келін болып түскеніме 18 жылдай уақыт болыпты. Аралыма соңғы рет 2017 жылы келіп кеттім. Содан бері келіп тұрғаным осы. Қаланы әлі толық аралап көрмедім. Үйіме жақын болған соң осы маңға келгенмін. Бұрын мына ескерткіш жоқ еді. Негізі орнын тапқан деп ойлаймын. Көшелер де асфальтталып, жарық шамдары қойылған. Біз тұрған мына Жетес би көшесінің бойымен бұрын жүру қиын еді. Әсіресе әйел заты болған соң жалғыз жүру қорқынышты еді. Бүгінде бұл көшеге де тақтайдай тегіс жол мен жарық шамдары орнатылыпты. Көлік нөпірі көп жүретін көшелер санатында болғандықтан бірнеше кәсіпкерлік ғимараттар да ашылған. Жалпы, қаланың ажары жақсарыпты. Шынымды айтсам, туған қалам танымастай өзгерген, – деп қалаға деген таңданысын жасырмады аралдық Б.Қосжанова.
Расында күнде көріп жүрген соң көп нәрселерді байқамайды екенбіз. Осыдан он жыл бұрынғы жағдай мен қазіргі уақыттың арасында біраз өзгеріс бар қалада. Сосын істеліп жатқан жұмыста да сапа бар секілді көрінеді маған. Естеріңізде болса, осы Аралға асфальт енді салынып жатқан уақыттарда биыл салған жол келесі жылы жиырылып, жыртылып жамау-жамау боп жататын еді ғой. Соны байқаған бір ағамыз жол салып жатқандарды көріп «Көшеге алаша жайып жатыр» депті ғой. Ол кезге де көп бола қойған жоқ. Ары кетсе бас-аяғы он шақты жылдың айналасындағы жайттар еді. Қазір сол жолдарды төсеуде сапаға ерекше мән беріліп жатқан секілді. Қателеспесем, осы Аралға Абзал Мұхимов әкім болып тұрған тұста жол салып жатқан мердігермен жолығып: «Мен сізге мынадай ақша бөлдім, ал сіз жолдың қалыңдығын сондай қылып жасауыңыз керек» деген еді. Мынадай дегені бір қарыс қалыңдықтағы ақшаны меңзегендегісі ғой. Іштей риза болғанымыз бар. Қазір де солай. Қалада істеліп жатқан әрбір жұмыстың басынан аудан әкімі Серік Сермағамбетовті көреміз. Бұл да бақылау мен сапаның жақсы екендігіне айқын дәлел бола алатын көрініс.
Бәрін айт та бірін айт, тарих үшін соңғы 10-15 жыл уақыт қас-қағым сәт болуы мүмкін. Сол қысқа уақыттар ішінде аудан үшін толағай істер атқарылды. Сәйкесінше өзгерістер мен жетістіктер де баршылық.

А. БИСЕНОВ



29 қаңтар 2022 ж. 415 0