Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бір сәтті кадр – менің жетістігім

Бір сәтті кадр – менің жетістігім

  Аудандағы қандайда бір маңызы шара болмасын бәрінің басында иығына фотоаппаратын асынған орта бойлы, қараторы келген жігіт көпшілікке таныс шығар. Ол осылай қас-қағым сәтті қалт жібермей, ауданның тыныс-тіршілігін суретпен сөйлетіп жүргелі 10 жылдан артық уақыт болды. Бүгінгі әңгімеміміздің арқауы фототілші Арғын Алпысбаев болмақ.
  Бір қарағанда суретке түсіруден оңай жұмыс жоқтай көрінеді. Бірақ бұл мамандықтың да көпшілік біле бермейтін қиындығы мен құпиясы бар. Әрине мінсіз кадр жасау оңай дүние емес. Ол үшін фотогроф талғампаз болуы шарт. Арғын өзін бұл тұста шыңдай білді. Фотоапарат ұстап бейімделген қызмет жолы тәжірибиемен қатар үлкен жетістік әкелді.
  – Бала кезден суретке тусіруді жақсы көретінмін. Сол кездері қазіргідей емес, кішкене фотоаппаратым болды. Сонымен әуесқой ретінде суретке түсіріп, өзімше қызықтап жүруші едім. Кейіннен осы қызығушылығымнан болар, фототілшілік мамандығына бет бұрдым. Алғашында жауапкершілігінен тосырқап жүрдім. Ақыры осы салаға келіп еңбек ете бастадым. Бұл жұмысты атқара жүріп талай қызық күндерді бастан кешірдім, – дейді ол.
  Жұмысқа тұрған алғашқы жылдары аздап қиындық болғандығын айтады. Ондай кезде тәжірибиелі мамандардың көмегіне жүгінеді. Әсіресе жиналыс кезіндегі суреттерді дұрыс алу, әр түрлі фондағы суретке түсіру оңайға соқпаған.
  – Маған сол кездері "Толқын" редакциясында фототілші болып жұмыс істеген Айдардың көмегі көп болды. Ол маған фотоаппараттың қыр-сырын, қандай шебер дүниелер жасайтынын көрсетіп берді. Содан бері өзім де көп іздендім. Керемет маман болмасам да осы мамандыққа төселдім, – дейді.
  Арғын фотоаппаратын асынып жүріп талай ауыл-аймақты аралады. Ауданда ол бармаған жер жоқ та шығар. Содан да болар түсірген суреттерімен шынайы өмір бейнесін береді.
  – Әр жұмыстың өз қиындығы мен қызығы болады. Менің де фотоаппаратымды асынып, Қыр асып дала кезіп кеткен кездерім болды. Сондағы мақсатым – әлем назарын өзіне аударған туған еліміздің бүгінгі тыныс-тіршілігімен көпшілікті хабардар ету. Теңіз суының сыбдыры, шағалалар, шалғайдағы балықшылар өмірі, ауылдың тұрмыс-тіршілігі тағы да басқа көріністер маған шабыт береді. Осы сәтте табиғат аясында тынысың ашылып, бір демалып қаласың. Кешкі мүлгіген тыныштықтың өзі әдемі әсер қалдырады. Мұның бәрі менің сәтті кадр жасауыма көмегін тигізеді – дейді Арғын.
  Ол түсірген сурет бүгінде талай жерді шарлап кетті. Көптеген көрмелерде жүр. Аудандағы бар байлықты бір кадрға сыйғыза білген сәтті кадрлары байқауда марапат биігіне көтерді. Ең алғаш ауданда өткен әуесқой фотогрофтар байқауында І орын иеленіп, обылыстан арнайы марапатқа ұсынылды. Ал өткен жылы балықшылар слетінде балықшы өмірін дөп басып көрсеткен туындылары үшін «Үздік фототілші» атанды.
  – Мен марапат дегенге аса қызықпаймын. Олар мерейіңді өсіреді. Бірақ мәңгілік емес. Менің бар қызығушылығым – суретке түсіру. Бір сәтті дүние жасай алсам, сол жетістік, – деді.
  Біздің кейіпкеріміз Арғын Алпысбаев 13 жылдан бері фотоаппаратын жанына серік етіп қана қоймай, бейнекамераға да түсіріп өз саласында адал қызмет етіп келеді. Түсіргендерін жинақтап отырады. Мұның бәрі тарих, ертеңгі күннің естелігі. Ол осылайша Аралдың даму жолындағы үдерісін суретпен көрсетіп жүрген жан. Бәлкім, біреуге елеусіз көрінер. Бірақ сіздің жанарыңызды жаулаған туған жердің керемет картиналары бүгінгі біздің кейіпкеріміз тудырған тамаша туындылар болып тарихқа енеді.
Назерке Бақыран
11 қыркүйек 2019 ж. 1 612 0