Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ш.Мағауияұлы: «Еңбек адамды өсіреді»

Ш.Мағауияұлы: «Еңбек адамды өсіреді»

Ол – тағдырдың дегеніне мойымаған қайсар жан. Еңбекпен өрнектелген өмірі көпке үлгі боларлық. Қос жанарының кінәраты болса да, көрсе көз тоятын талай дүние жасап жүрген қолөнер шебері. Талай жылғы еңбегі бүгінде лайықты бағасын алды. Сол еңбегінің нәтижесінде аралдық жас қолөнерші Шайхы-Ислам Мағауияұлы «Қазақстанның құрметті азаматы» атанды. Марапат биігінен көрінген жанмен сұхбаттастық.
– «Қазақстанның құрметті азаматы» атан­ған­дағы сезіміңізбен бөліссеңіз...
– Мен бұл жетістікті ұзақ күттім. Шынымды айтсам, «Қазақстанның құрметті азаматы» атанды деген хабар жеткенде, өз құлағыма өзім сенбедім. Сол сәтте не істеп, не қойғанымды білмеймін. Біресе күлдім, біресе жанарыма жас келді, қобалжығаннан жүрегім аузыма тығылды. Бұл тек менің ғана жетістігім емес. «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, бойымдағы талантты таныған ата-анамның және алғаш қолөнерге баулыған ұстазым Құдайберген ағамның еңбегімен келген жетістік деп білемін.
– Атақ, абырой еңбектің өлшеуі бола ала ма?
– Абыройға жетудің жолы көп қой. Әрине жетіс­тік­ке жету мерейіңді өсіріп, шабытыңды шыңдай түседі. Осы атақты алған кезімде мен әлеуметтік желідегі парақшама қуана салып жатсам, біреулер «миллион теңгеге бұл атақты сатып алғанша, неге қайырымдылыққа жұмсамайсың» деп пікір қалдырыпты. Мен бұл атақты ешқандай ақшаға сатып алған жоқпын. Сатып алмаған да болар едім. Бұл – менің маңдай терімнің лайықты бағасы.
– Біз қолөнердің құнын түсініп, қадіріне жете алып жүрміз бе?
– Бір қынжылтатыны, көбі қолдан жасалған бұйымды төмен бағалайды. Кейбірі кіп-кішкентай затты аз ақшаға алғысы келеді. Бірақ сол кішкентай заттың өзі бойына түрлі қазақы құн­дылықты сіңіріп, тілсіз сөйлеп тұрады. Бәлкім, шебер сол затты жасау қаншама уақытын жұмсауы мүмкін. Бұйым жасау да өмірге бала әкелгенмен пара-пар дүние. Мың ойланып, толғанып жүріп қана сапалы зат жасайсың. Бірақ сондай қиындықпен келген нәрсенің бағасын білмегенде, іштей қынжыласың. Дегенмен көпке топырақ шашудан аулақпын. Түсініп, бағалай алатындар да жоқ емес.
– Қатарластарыңа қандай ақыл қосар едің?
– Еңбек адамды өсіреді. Еңбектенген адам қай кезде де жетістікке жетеді. Өзім ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жан болсам да, жұмыстан қол үзген емеспін. Ерінбей-жалықпай ізденіс үстінде болғандығымнан болар, өз ортамда құрметке бөленіп келемін. Жастар өздерінің бойындағы бар мүмкіндігін жақ­сы­лыққа жұмсауы тиіс. Жастық жігерімен аянбай тер төгіп еңбек етсе, ертеңгі күні жарқын болмақ.
– «Қазақстанның құрметті азаматы» атанған Шайхы-Ислам енді қандай биікті көздейді?
– Мен үшін халықтың «Бәрекелді!» деген сөзінен артық баға жоқ. Сонда да бол­са мұндай құрмет, атақ, жетістік еңбегіңнің бағаланғаны деп білемін. Енді бұдан да жоғары белеске көтерілгім келеді. Алла жазса, ол күнге де жетемін деп ойлаймын. Сол үшін де еңбектенетін боламын.
– Неден қорқасың?
– Мені ұлттың болашағы, ұрпақтың тағдыры алаңдатады. Жастар батыстың ағымына ілесіп, ұлттық тәрбие мен қазақы салт-дәстүрден жырақтап қалмас па екен деп алаңдаймын. Ұрпа­ғымыз ұлттық құндылықтарды ұмытатын болса, халықтың ғасырлар бойы сақталған рухани бай­лығы жер бетінен жойылуы да ғажап емес. Сол үшін де мен ұлттық бұйымдар мен әшекей заттарды жасап, мектептер мен арнаулы орта білім беретін колледждерде тегін курстар өткізіп жүрмін.
– Әңгімеңізге рақмет, армандарың орындалсын.

Әңгімелескен Н. Маратқызы
06 тамыз 2019 ж. 1 022 0