Айтыстың ақтаңгері

Күтіп алу сәтінде өнерпаз Бексұлтан Орынбасаров арнау айтып, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Жанмұрат Сейілов ақынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың құттықтау хатын табыстады.
Сонымен бірге ақынның әріптестері, тілекшілері сөз сөйлеп, ұстазы Мамыр Байдәулетов өлеңмен бата берді.
«Оян, қазақ!» деп халқының жарқын болашағын көксеген Алаштың дана да дара ақыны Міржақып Дулатовтың мерейлі күні Торғай жерінде кең көлемде мерекеленді.
Әуелі Қостанайда Алаш қайраткерінің ескерткіші бой көтерді. Мұнан әрі «Ұлы дала жорығы» республикалық ат марафоны басталды. «Тобыл-Торғай даласын дүбірлеткен марафоншылар бес күнде 500 шақырымды жүріп өтті.
Мерекенің ең жарқын сәтінің бірі «Ұлт руханиятының шамшырағы» атты ақындар айтысы болды.
Шашасына шаң жұқтырмайтын сөз жүйрігі Мұхтар бұл айтыс аламанында да алқынбай мәре қиды. Бас жүлдеге берілген «Jetour X50» автокөлігін жеңімпазға Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов табыстады.
Екінші орынның 2 млн ақшалай жүлдесін тағы бір жерлесіміз, «Алтын домбыра-2024» сыйлығының иегері Мейірбек Сұлтанхан еншіледі.
Өткен аптада ғана грек-рим күресінен ел құрамасының мүшесі, біздің жерлесіміз Айдос Сұлтанғали Хорватияда өткен Әлем чемпионатында алтын медальға қол жеткізген болатын. Бұл осы күрес түрінен Қазақстан қоржынына 26 жылдан кейін түскен алтын еді.
Сыр елінің осы қуанышын бәйгеге қосқан қос ақынымыз еселеп, тағы да төбеміз көкке жеткендей болып отырмыз.
Жеңістеріміз құтты болсын, Сыр елі!
«СБ» руханият
syrboyi.kz