Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ұстаздарға бас иеді адамзаттың әлемі

Ұстаздарға бас иеді адамзаттың әлемі

Кез келген қоғамның кемелдігі, өркениеттілігі ұстазға деген қатынасымен өлшенеді. Ұстазын ұлықтаған елдің ұрпағы саналы, болашағы жарқын болары хақ. Сондықтан бүгін мен білім беру саласында еңбек етіп жүрген барша ұстаздар қандай құрметке де лайық.
 Ұстаз– жас ұрпақтың рухани сәулеткері, қоғам, халық өзінің үміті мол болашағын тапсырытын сенімді өкілі. Олар сол сенімді ақтай отырып, зеделі де зерек, парасатты, ұлттық және адамзаттық құндылықтарды бойына дарытқан тұлғаларды тәрбиелеуде. «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр­дегі орын мұғалімдікі» деген әйгілі ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай, қай қоғамда болса да ұстаз мәр­те­бесі жоғары. Олар барлық құрметке және алғысқа лайықты жандар. Ұстаздар мерекесі аясында ұстаздар құрметіне арналып, Руханият орталығында «Ұстазым-ұлағатым, үлгі-өнегем» атты мерекелік кеш ұйымдастырылды.
Мерекелік кеште Мәдениет және тілдерді дамыту бөлім басшысы Б.Махатов білім саласының ардагерлері мен ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, әрдайым шәкірт жүрегіне жол таба білген ұстаздар қауымын аудан әкімінің орынбасары Н.О.Бохаев Алғыс хаттар табыстады.
Ұстаздарға  мерекелік рухани демалыс сыйлау мақсатында, түрлі ойындар, арнау өлеңдер мен әсем әндер жолданды. Аудандық мәдениет үйінің әншісі Самал Дінжанованың орындауындағы әсем ән керемет кештің ғанибеттілігін сезіндірді. Кітапхананың белсенді оқырманы Ирсаева Айсудың «Ұстазым» атты  арнау өлеңі ұстаздар жүрегіне  мақтаныш сезімін ұялатты. Ұрпаққа айтар ақылы, көрсетер өнегесі мен дана ойдың ыстық лебі бар аға ұрпақ өкілдері, бар ғұмырын ізденіспен, еңбекпен «Білім» деген ұлы көшке жол салған  арда ұстаздар шара аясында жүрекжарды тілектерін білдірді.
 Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Арал ауданының құрметті азаматы, бірнеше кітап авторы, ақын Қойбағар Аяқбаев ел ертеңі болып табылатын жас жеткіншектердің бойына білім мен өнерді, адамгершілік пен адалдықты, туралық пен шыншылдықты, рухани байлық пен ұлттық қасиеттерді сіңіріп жүрген ұстаздарға ақ батасын берді. Сондай-ақ бірлігі бүтін, іргесі мықты ел болу үшін жас ұрпаққа саналы да, сапалы білім мен таза, рухани тәрбие беру міндеті баршаға ортақ міндет екендігін жеткізді.
«Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» демекші, ұстаздан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз еңбегі қашанда қыр-сыры мол, қиын да жауапты еңбек екендігін барша жұртшылық мойындайды. Таудай аласармас ұстаздар қауымын қастерлейміз, құрмет тұтамыз және мақтан етеміз.
Мейрамкүл Өтегенова,
қалалық балалар кітапханасының меңгерушісі
07 қазан 2025 ж. 69 0