Аудан әкімінің Ұстаздар күніне арнаған құттықтауы
Құрметті білім беру саласының қызметкерлері!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын Мағжан Жұмабаев «Алты алаштың баласы бас қосқанда, төр – мұғалімдікі» деген болатын. Бұл осынау ардақты мамандықтың қаншалықты құнды екенін аңғартса керек. Жалпы, ұстаз адамзат баласына қай кездерден бері жаңаны үйретумен келеді. Сондықтан барша ұстаздар қауымы мен білім саласы ардагерлерінің ел болашағын қалыптастырудағы қызметтері өлшеусіз.
Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің тілімен айтсақ «Ұстаз – ұлы есім». Яғни, ұстаз әр адамның жүрегінен айрықша орын алады. Өз істеріне адалдық танытып, шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие берген өздеріңізді халық әрқашан құрмет тұтады. Өнегелі ұстаздан өрелі шәкірт шығатыны белгілі. Сіздер ел ертеңі саналатын жас буынды тәрбиелеп отырсыздар. Сонымен де ардақтысыздар.
Ұстаздар – мемлекет пен қоғам арасындағы алтын көпір тәріздес. Мемлекеттің идеологиясы, қоғамның дәстүрі мен құндылықтары, адамзаттың асыл қасиеттері, ғылым мен өнердің мұралары ұстаздар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жол тартады. Ертеңгі мемлекеттің болмысы – ұстаздың бүгінгі тәлімінде.
Жаңа кезеңге қадам басқан мемлекетіміздің алдында қыруар міндеттер тұр. Мұндай кезеңде рухани бай, жаңа тәсілдерді жетік меңгерген және жаңалыққа құштар жан-жақты мамандар қажет. Бұл тұста ұстаздар қауымына артылар жауапкершілік жүгі ауыр.
Ұстаздық – қай кезде де сый-құрметке лайық әрі сұранысқа ие қадірлі де қастерлі, мәртебелі мамандық болып қала береді.
Сіздердің қоғамдағы еңбектеріңіз ерекше. Оны біз әрдайым лайықты бағалаймыз.
Құрметті ұстаздар қауымы!
Осынау мерейлі мерекеде сіздерді шын жүректен құттықтай отырып, абырой биігінен көріне берулеріңізге тілектестігімді білдіремін.
Егемен еліміздің абыройын асқақтататын, атын әлемге танытатын талантты шәкірттеріңіз көбейе берсін! Дендеріңіз сау, отбасыларыңыз аман болсын, еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер!
Ізгі ниетпен, Арал ауданының әкімі Серік СЕРМАҒАМБЕТОВ