Үшкөңнің баурайында өткен күн

Демек, алапат соғыста қан кешіп келген Әбе өзінің туған жерін көргендегі сезімін кейіпкері арқылы айна-қатесіз берген. Кемеңгер жазушыны осы айдынды Аралдың нағыз перзенті десек болады. Киелі туған жерге, атамекенге деген үлкен махаббаттан ғана «Қан мен тер», «Соңғы парыз» сияқты соқталы туындылар туса керек. Ал шындығында қаламгердің бүкіл шығармашылығында бір-ақ тақырып бар: ол – Арал теңізінің жағалауында тірлік кешкен балықшылар өмірі. Қилы замандағы азапты өмірлері, оның бергі жағында Азия жауһарындай болған, енді жойылып бара жатқан айдын шалқардың адамзатты алқымдаған экологиялық аппаттың салдарынан ғасырлар бойы қалыптасқан тіршілік ауанының бұзылуы. Ғасыр қасіреті адамдардың да жан әлемін ойран-топан қылғанын сара суреткер жаһанға жария қылды. Ол туған жері Үшкөңді, білім алып, өсіп-есейген Беларан, Құланды, Көкаралды өз жүрегінің мәңгі байланған алтын қазығы деп есептеген. Автор керемет жазылған «Туған анаңдай, қайран, туған жер» атты эссесінде: «Қазір ойлап қарасам, бәтір-ау, әкең мен шешеңнен де басқа жарық дүниеге келген әркімнің де «тәубе, тәубелеп» шүкіршілік қылатын бір құбыласы бар десек, ол сенің туған жерің екен; кемпірлер кіндігіңді қанша кессе де, ол бар болғыр ақырына дейін үзілмей, көзің тіріде жұдырықтай жүрек лүп-лүп соғып тұрғанда, сен енді кіндігіңнен байланасың да, қайрылып келіп қайта-қайта соға беретін темір қазығың – ол» деп алғаусыз ақтарыла толғанады. Және де әрдайым Арал-Анасына асығып отыратынын қадап жазады. Яғни жазушы жүрегінің дем берушісі, дәру берушісі, күш-қуат сыйлаушысы – туған топырағы болған.
Айдынды Аралын Әбе әрқашан мақтаныш еткен. Содан да болар, сыртқа шыққанда өзі жаны жарасқан қаламгерлерді туған жеріне шақырып отырады екен. Орыстың Георгий Пряхин деген жазушысы: «Ол мені өзімен бірге туған жері Арал теңізіне шақырғалы қашан. Шынында Қазақстанның бүгінгі ең ірі жазушысының осынау бойына ұлылық тұнған тамаша, бірақ Библияға ғана сыйымды экологиялық драмаға толы өлкеде туып-өскенінің астарында ерекше мән-мағына жатыр-ау» деп оның Аралға шақыруының үлкен мақсаты бар екенін көрсетеді. Оның бергі жағында теңізі шалқыған шақтарда туған өлкесіне әр жылдары Герольд Бельгерді, Ілияс Омаровты, Асқар Тоқмағамбетовті, тағы басқаларды әкеліп, ата-баба жұртымен жете таныстырған.
Әбенің құрмет-қауметі мол тағы бір мәртебелі шақыруын Ресейдің әдебиет әлемінің корифейлері Николай Аркадьевич Анастасьев пен Борис Дмитревич Панкин қабыл алған. Бұл туралы аудандық «Толқын» газетінің 2003 жылы 21 тамыздағы санында «Халық жазушысы – туған жерінде» деген хабар да жаряланған. Орыс жазушыларын қазақтың қабырғалы қаламгерінің ғажайып шығармашылығы аса қатты қызықтырса керек. Әйтпесе жер түбінен теңізі тартылған, құм-дауылы күні-түні бұрқыраған, экологиялық жағдайы өте ауыр Аралға аяқ аттап келер ме. Талантты жазушымыздың сөз құдіреті, суреткерлік қуаты оларды осы сапарға келуге еліктіргенін білдік.
Николай Анастасьев Мәскеу университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Америка әдебиетінің зерттеушісі, сондай-ақ қазақтың ұлы ойшыл ақыны Абай, Мұхтар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісов туралы «Тамаша адамдардың өмірі» сериясымен кітаптар жазған. «Вопросы литературы», «Иностранная литература» журналдарында қызмет істеген, сұңғыла әдебиет сыншысы, аудармашы.
Ал Борис Панкин Ресей дипломаты, журналист, көсемсөзші. Ол – Кеңес үкіметінің соңғы жылдары Сыртқы Істер министрі болған мемлекет қайраткері. Сондай-ақ Ұлыбританияда, Швецияда, Чехословакияда Ресейдің төтенше және өкілетті елшісі қызметтерін атқарған. МГУ-ді бітірген ол «Комсомольская правда» газетінде тілші боп бастап, бас редакторлыққа дейін көтерілген. КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
Міне, орыс халқының алдыңғы қатарлы қос зиялы тұлғаларының табаны 2003 жылы тамыз айында Арал топырағына тиеді.
Арал шаһарынан шыққан Әбе тобы – мәскеулік қос қаламгер және Арал ауданының әкімі Бақытжан Қодаманов, облыстық әкімшілік қызметкері Мұрат Әбеновпен бірге жолға шығады. Соңғы сәтте Әбе өздерінің жүрген-тұрған жерлерін бейнетаспаға түсіріп алу үшін қолбала көмекші етіп жан досының баласы, аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Мәди Жасекеновті қосып алды.
Олар мінген тікұшақ бір сағатқа жетпей Арал теңізінің бұрынғы аумағымен ұшып өтті. Әбе өзіне тән сабырлы қалпымен әрбір көрінген ой-шұңқырды, жарқабақты, бөлініп қалған қалдық суларды, арыстан жалданған жал-жал құмдарды майда қоңыр даусымен жанындағы қонақтарға терезеден көрсетіп, сүйсіне де мұңдана әңгімелеп отырды. Бір уақыта тікұшақ төмендеп келіп ұшқанда Әбе:
– Мынау Беларан! Беларан ғой! – деп бір көтеріліп қалды. Тікұшақ ол көрсеткен шың төбеден әрі асып барып қонды.
Бұл – киелі мекен Үшкөң еді. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің атамекені. Бабалары осы маңда өмір сүрген. Ол үшін әлемдегі баға жетпес, ең қасиетті де киелі жер. Әбенің жүзінде әлдебір жылы шуақ пайда болған. Жан-жағына бұрылмай, қасындағыларды енді бір сәт ұмытқандай бөлектеніп, көзін алысқа қадап қарай берді. Оның көңіліндегі осы бір сезім сапырылысы өзгелерге де әсер еткендей.
Үшкөңнің қау болып шөп өскен қалыңдау жеріне екі үлкен ақ киізді қара үй тігіліпті. Тікұшаққа қарай келген кісілер қонақтармен амандасып жатты. Күтушілер ішінен ірі денелі құландылық азамат Алдоңғар Тілеуов ерекше көзге түседі. Амандасып, хал сұрасқан соң, екі орыс жазушысы Әбені туған жеріне келуімен құттықтап, бауырларына тарта құшақтады.
– Менің ата-қонысым осы! Үшкөң! – деді Әбе алабұртқан күйі: – Туған жеріңді көрсетші деп едіңдер, міне, бүгін осы сәтке де жеттік. Маған Үшкөң мен Белараннан артық мекен жоқ. Кей жылдары Алматы мені жалықтырса, осында бірнеше мәрте келемін. Айлап жатып, қолыма қалам аламын...
– Үшкөң деген сөз қандай мағына береді? – деп сұрады Николай Анастасьев қызығушылықпен.
Әбе бір сәт ойын жинақтағандай үнсіз тұрды да:
– Үшкөң – бұл көнеден отырған елдің жұрты, ескілікті орны дегенді білдіреді. Қазақ үшін көне жұрт – ең киелі мекен. Мұнда ғұмыр кешкен менің ата-бабаларымның сорапты іздері сайрап жатыр. Бәрі де бүгінгідей көз алдымда. Қазір теңіз тартылғалы елсіз қалған менің Үшкөң ауылым ғана емес, Беларан да, Көкарал да, Шөмішкөл де, тағы басқа осы жердегі балықшы ауылдың тұрғындары бәрі бірдей қопарыла көшіп, тіршілік іздеп Шалқарға, Аралға, онан асып басқа да үлкен-үлкен қалаларға қоныс аударып кетті, арттарына қарайлай-қарайлай кетті... Енді қашан келеді олар? Қайтып келіп тұрақтай ма? Ол жағын білмеймін... – деп Әбе мұңдана қалды. Жанындағылар жазушының жүрегін шымшылаған мұңын түсінгендей еді.
Сөйткенше күтушілердің ұсынысымен бәрі үйге кірді. Қара үйдің іші керемет жасаулы екен. Мол қылып жайылған дастарқан көз аударады.
Дастарқаннан дәм татқан қонақтар аздап аяқ суытқан соң, қайта сыртқа шығып, тамыздың тамылжыған күн астында біраз жерге дейін аяңдап жүрісті. Қоңыр салқын бір леп тыныс кеңейтіп, үзбей соғып тұрды. Қолына бейнекамера ұстап, мойнына фотоаппарат ілген Мәди әрбір сәтті қалт жібермей түсіріп жүрген. Бірдеңе айтқысы келген Борис Панкин:
– Сын твоего друга... – деп бастай беріп еді Әбе:
– Нет, сын лучшего друга! – деп түзеп қойды да, бірге өскен дос-құрдасы, майдангер мәдениет саласының майталманы Құдайберген Жасекенов туралы бір-екі ауыз әңгіме өрбітті.
Бұл күнде адам аяғы тиюі сиреген Үшкөң маңының табиғаты тұмсалығымен көз тартатын. Сол табиғат аясында әртүрлі тақырыпта қозғалған әңгімелер тыңдаған құлақтың құрышын қандырардай еді. «Қан мен тер» трилогиясы, ондағы қым-қуыт оқиғалар, сан алуан кейіпкерлер туралы айтылған келелі ой-пікірлер де таусылар емес. Үшкөңнің жазығында тұрып, бұл шығарманы еске алу олардың әрқайсысын бір ғасыр бұрынғы заманға еріксіз әкеткендей еді.
Бір уақытта Әбе Мәдиді қасына шақырып:
– Сен қазір ана Беларанға бар! Оның айналасын, маңын жағалап жүріп мұқият түсіріп алып кел, – деді.
Үш шақырымдай жердегі Беларанға көтерілген Мәди шыңның етегін жағалай жүріп, бір уақ төбесіне шығып жүріп бейнетаспаға түсіріп алған. Бір аңдағаны Беларанның құрлық беткі етегінде жылан көп екен. Көптігі сондай камераға үңіліп жүріп, бір-екі рет оларды басып кете жаздаған. Үркесоқтай жүріп Әбенің тапсырмасын толық орындап қайтып келсе, қонақтар асқа отырғалы жатыр екен.
Астан соң оңаша отырыста әңгіме тізгінін Әбенің өзі ұстады және ұзақ ұстады. Орысша көсіле сөйлеп отырды. Әңгіме Беларан туралы еді. Екі көзін жұмып алып ұзақ жыр-қисса айтатын адамдай шабыттана, шалқи сөйледі. Дәл осы сәтті күткендей Борис Панкин мен Николай Анастасьев қолдарына блокноты мен қаламсаптарын алып кемел тұлғаның шешендік пен терең пәлсапалық ойларынан ұшқындаған фразаларды жедел жазып алып отырды. Зиялы қауым үшін классик жазушының аузынан шыққан әрбір сөз құдды алтынмен тең еді. Олардың Әбеңе деген шексіз құрметі отырғандардың бәрін де ризашылыққа бөледі. Таланттардың бір-бірін бағалай білуі тамсандырды.
Әбенің тобы сол күні тікұшақпен Аралға жетті де, екі қонағын жанына алып арнайы вагонмен Орал қаласына қарай жолға шықты. Белгілі мемлекет қайраткер Қырымбек Көшербаев Батыс Қазақстан облысының әкімі еді. Әбе қонақтарды ол жақта да сыйлағанды жөн көрген сияқты.
– Менің білгенім, Беларанды әдейі түсірткені Қырымбек Елеуұлына барғанда өзінің осы жерден мәңгілік орны болғанын қалап, көрсеткісі келген екен, – дейді Мәди Құдайбергенұлы сол жылдарды еске алып.
Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, әлемге әйгілі Халық жазушысы, айдынды Аралдың төл перзенті Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 2003 жылы тамыз айында туған жері Үшкөң мен Беларанға арнайы барған сапары кейін орыстың дарынды қаламгерлері Борис Панкин мен Николай Анастасьевті қазақ халқы мен қазақ әдебиетіне бұрынғыдан да жақындатты. Олар Аралдың дара да дана перзенті туралы тебірене талай дүниелер жазды.
Ерғали Абдулла