Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Әрбір мұғалім арыс емес, әрбір арыс – мұғалім

Әрбір мұғалім арыс емес, әрбір арыс – мұғалім

«Жастар жылы-2019» аясында жас мұғалімдер арасында өткізілген «ХХI ғасыр мұғалімі» атты эссе жазудан облыстық байқауында бас жүлдемен марапатталған эссе

Аристотель мен Платонның ұстазы, Абай мадақтаған Сократ хаким бір күні жол шетінде батпаққа шыланып, шаң-тозаңға көміліп жатқан бір байғұс, бейшара адамды көріп қалады да, жақындап келіп:
« - Басыңды көтерсеңші, өзіңді күресінге тастаушы болма! Үй-ішің құрдымға кетеді ғой!» - дейді...
Бұл есте жоқ ескі заманда болған оқиғаның желісін үзбестен жеткен бір парасы ғана. Антикалық дәуірдегі бүгінгі Кембридж, Гарвард, Оксфорд университеттерінен кем түспейтін грек академияларының мыңжылдық қабырғасында «Әкең сені өмірге әкелгенімен, өмірді үйреткен – ұстазың!» деген тәмсіл жазулы екен. Жалпы, адамзат баласы жаратылғалы әрбір жұмыр басты пенде ұстазға неліктен мұқтаж?
Тағдыры тарпаң жырлар иесі Мағжан ақынның «Алты Алаштың баласы бас қосқанда, қадірлі орын – мұғалімдікі!» деген сөзі ақиқаттың асыл лебізі еді. Шын мәнінде, ұстаз – әрбірімізге бағыт берер, бағдар нұсқар алып шамшырақ іспетті рухани феномен екендігі даусыз. «Бір әріп үйреткен ұстазыңа өмірлік қарыздарсың!» деген киелі жазбалардағы сөздерге жан-жүрегіңмен «иә!» деп бас шұлғып мойындамай гөр! Ұстазымен кез боп қалғанда қайсыбір ығай мен сығай да бала боп елпеңдеп, құрақ ұша қалатыны маған әлі күнге дейін қызық! Ох, бұл қандай сезім?!
Өткен ғасырда фашистік  Германияның әлдебір мектебінде мынадай ғажайып оқиға орын алыпты деседі. Біз сөз етпек болған мектеп директоры оқытушылар ұжымына әр тоқсан сайын жалпы мәтіні мынадай өтініш-хат жолдап отырады екен: «Құрметті ұстаздар! Мен концлагерлерді түгел аралап шықтым. Ондағы айуандық пен озбырлықты жасап жатқандар білімді инженер, білікті биолог,небір шебер дәрігерлер. Құрметті, ұстаздар! Білім жақсы, алайда тәрбие одан да маңызды екенін әсте ұмытпағайсыздар! Тәрбиемен қоса сіңірілген арифметика мен хат тану ғана адамзатқа қызмет етеді! Мен сіздерден адамдыққа баулитын ізгілікті білім берулеріңізді өтініп сұраймын!» Хош, жалпы мәтіні осындай хатты оқи отыра,«әлемнің екінші ұстазының» осы оймен желілес сара сөзі сіздің де еске түсті ғой, иә?!
«Жапырақтың дірілін жарты беттен асыра суреттейтін жазушы» деп бір досым баға берген даңғайыр дегдар Мұхтар Әуезовтың «Ел болам десең, бесігіңді түзе!» - деген өте терең мәнді нақылы бар-тұғын. Ол – еліңнің ертеңі – ұрпақтың қамын ойла, жақсылап өсір деген сөз емес пе?! Оған қоса, «бесік» сөзі тәрбиең ұлттық мәйекті болсын дегенді меңзеп тұрғандай. Осы міндеттің көп салмағы тағы да мұғалімге түсетіні аян. Сондықтан, «ұлт аманаты –ұстаздарда!» деген лепті тұжырым жасауға толық хақымыз бар! «Адамның адамшылығы – әуелі, ұстаздан» деген хәкім Абай сөзінен асырып ештеме айта алмаспыз, сірә! Ұстаз – (2+2) = 4 деп тақтаға бор сүйкей салатын адам емес, өмірде минусты плюске айналдыруға тәлім беретін мотиватор, жігерлі жан. Ұстаз – «Оқы!» деп жансыз мәліметтерді құр жаттататын адам емес, өмірде негізі бар тірі ғылымға үңілдіретін тәлімгер, тәрбиеші тұлға. Ақыл-ой мен сана-сезімді бір бойына үйлестірген дара парасат, шын мәніндегі эрудициясы жоғары интеллект секілді критерийлердің иесі ұстаз десем кім қарсы келер?!
Ұстаз – ол... Ол меніңше, адамдардың өмірге көзқарасын, сенімін қалыптастыратын, оларға өмірден өз жолын дұрыс таба білуге жәрдемдесетін, айналасына оқу һәм тәрбие ұрығын шашып, гумандық нұрын төгетін қоғамдық қайраткер, кәміл адам дәрежесіне басқалардан бір табан жақынырақ рухани ғазиз тұлға!
Әрине, қызыл сөзді келістіріп айтсаң кез-келген нәрсенің бағасын асырып, шамасынан шарықтатып әкетуге болады ғой. Әйткенмен, «XXI ғасырдың ұстазы қандай болу керек?» дегенге нақты субстанциялық пікірімді айтсам менің ділім былай өрбір еді:
өмірлік ұстанымы айқын,
азаматтық позициясы анық,
кәсіби теориясы һәм кәсіби практикасы құзыретті,
шығармашылық қабілеті жаңашыл идеяларға толы,
қасаң қағидалар мен жұтаң заңдылықтардың құрсауынан ада,
санасы өркениетті, заманауи құндылықтарды өз бойына екшеп-елепқабылдаған жан-жақты тұлға болуы тиіс. Не үшін десеңіз, XXI ғасырдың алған бағыты мен бағдарынан да қалыспай, өз даңғылынан да адаспай, дамыған озық ел имиджін қалыптастыру – бұл әр мемлекеттің басты стратегиясы болса, ендеше, сол ғасырдың ең негізгі капиталы – адамдарды, әсіресе ой-санасы еркін бұла жастарды қалыптастыру– XXI ғасыр ұстаздарынабірден-бір тәуелді екендігі сөзсіз. Себебі, қоғам – бұл жүргізілген саясаттың, берілген білімнің индикаторы екендігі мәлім.
Ұлан даланың ұлағатты ұстазы, «дала Қоңырауы» Ыбырайдың «Жақсы мұғалім маған бәрінен де артық, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі!» деген сөзі біз айтпақ болған ойдың үдесінен шығар тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні емес пе?! Мектептің тарам-тарам бойына қан жүгіртіп, мыңдаған оқушылардың жан-жүрегіне ілім мен тәлімнің әбілхаят сусынын құйып тұрған асыл жүрек, алып жүрек, бүлк-бүлк етіп, ұлт тамырына уыздай нәр беріп тұрған сом жүрек – ұстаздар, тағы да аяулы ұстаздар!
Айтпақшы, ұмытып барады екем! Жол жиегінде нөпір елден елеусіз, ескерусіз жатқан бейшара ғаріп сонда Аристотель мен Платонның ұстазы Сократ хакимге былай дейді:
« – Сіздер бас көтеріңіздер, ұстаздар! Әйтпесе, қашан сіздер күресінге тасталған күні әлем құрдымға кетеді!» - деген екен...

P.S: Қазақ тарихындағы шынайы өркениетке негізделген ғылым, білім, өнер, мәдениет саласында «тұңғыш» деген атқа лайық бір шоғырXIX және XX ғасыр интеллигенциясының түгел дерлігінің Ыбырайдың «Оқу-әдістемелік мәселесін», Ахметтің «Әдебиет танытқышын», «Тіл жұмсарын», Мағжанның «Педагогикасын», Жүсіпбектің «Комплексін», «Психологиясын», оқып, зерделеп, зерттегенімнен бөлек, осы бір ат төбеліндей Алаш зиялыларының алғашқы қайраткерлік дебюті – педагогикадан, қарапайым ауыл мұғалімдігінен басталғандығы мені шексіз қайран қалдырады...
Дархан Аманжолұлы
08 мамыр 2019 ж. 1 580 0