Алмагүл Божанованы еске алуға арналған облыстық жазба ақындар мүшайрасы өтті
Фото: Сырдария ауданы әкімдігі2026 жылдың 10 сәуір күні аудандық мәдениет үйінде мемлекет және қоғам қайраткері, Қызылорда облысының және Сырдария ауданының Құрметті азаматы, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Алмагүл Божанқызының 80 жылдығына орай «Елі сүйген, елін сүйген қайраткер» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасы өтті.
Тағылымы мол іс-шараға аудан әкімі Берік Сәрменбаев, қоғам қайраткері, Қызылорда қаласының және Сырдария ауданының Құрметті азаматы Әріп Хожбанов, облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова, ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері, аудан ардагерлері, сондай-ақ А.Божанованың замандас достары мен туыстары қатысты.
Аудан басшысы өнегелі өмір иесінің еліміздің дамуына қосқан сүбелі үлесін атап өтті.
– Әлемге әйгілі ақын, философ Жүсіп Баласағұн «Кісіге екі дүниеде пайдалы үш нәрсе бар, біріншісі – халқына адал қызмет ету, екіншісі – әділдік, үшіншісі – ар-ұят. Адам осы үш қағида арқылы бақытын табады» деген екен. Бұл қағида Алмагүл Божанқызына арналып айтылғандай. Мемлекет және қоғам қайраткерін қалың қазақ елі, оның ішінде Сыр елі жақсы біледі. Өнегесі мол тұлға еңбек жолын ағарту саласынан бастап, аудандық партия комитетінің хатшысы, халық депутаттары атқару комитетінің төрағасы қызметтерін абыроймен атқарған. Тереңөзек ауданының әкімі, облыстық мәслихаттың хатшысы болып, аймағымыздың өркендеуіне үлкен үлес қосты. Аудан дамуында Алмагүл Божанованың еңбегі орасан зор. 1997 жылы Президенттің Жарлығымен республикада территориялық өзгеріс болып, облыс облысқа, аудан ауданға қосылып жатты. Қызылорда облысында бір аудан қысқаратын болып, таңдау Тереңөзек ауданына түскен. Сол кезде қоғам қайраткері комиссия алдында ауданды қорғап, сақталып қалуына бар күш-жігерін салды. Нәтижесінде, ауданымыз бүгінгі өркендеп, өскен дәрежеге жетті. Дана халқымызда «Тарихты тұлғалар жасайды» деген тағылымы мол сөз бар. Алмагүл апамыз ғасыр құрылысы саналатын Сырдария өзеніндегі үлкен көпірдің де салынуына атсалысқан. Аудандағы құрылыс нысандары, әлеуметтік саланың дамуы, экономиканың өсуіне маңдай терін төккен. Аймақта тәрбиелі іс-шараларды ұйымдастырып, сол арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеуге ерекше еңбек сіңірді. Артына өшпес іс қалдырды. Сондықтан мемлекет және қоғам қайраткері Алмагүл Божанованың есімі ешқашан ұмытылмайды, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Іс-шара басында қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қызылорда қаласы мен Сырдария ауданының Құрметті азаматы Әріп Хожбанов және ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қатира Жәленова сөз сөйлеп, Алмагүл Божанованың ел мүддесі жолындағы қажырлы қызметі, өңірдің өркендеуіне қосқан үлесі және кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегелі істеріне тоқталды.
Мүшәйрада облыстың жас ақындары қайраткер тұлғаға арнау өлеңдерін оқып, көрермендерге рухани әсер сыйлады. Мүшәйраға барлығы 12 ақын қатысып, байқау 2 кезең бойынша өткізілді. Қатысушылар алғашқы кезеңде Алмагүл Божанқызына арналған арнау өлеңдерін ұсынса, екінші кезеңде еркін тақырыпта өз шығармаларын оқыды.
Мүшәйра қорытындысы бойынша үздік қатысушылар арнайы дипломдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
syrboyi.kz










