Өнегелі өмір өткелі
"Жақсы әке жездедей-ақ" демекші, қамқор жездем әрі нағашым Ағытай Ізбасарұлы Есенов туралы айтқым келеді. "Әкең өлсе де әкенің көзін көрген өлмесін" деген сөздің астарында үлкен мән-мағына жатыр. Бауырым Мырзакелді әкесі туралы пікірімді сұрады. Көп ойландым. Өйткені ағам жәй жездем емес, нағашым Өмірзақ ағамды көз алдыма әкелетін. Сұрапыл сұм соғыстан оралмай кеткен нағашымның орнын жоқтатпай әулеттің қамқоры әрі Лиман әжемді алақанына салып бағып қақты. Қос қызы Ақтиын мен Дәния апамды құстың қос қанатындай қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай тәрбиеледі. Жездем ерекше жан еді. Талай мәрте Ықылас Қырмызықызы Алмажан әжеммен бұл өнегелі отбасына келген сайын көңілімізді нұрға, өмірімізді жырға бөлеп шаттандырып жіберетін кездерін жиі-жиі есіме алып отырамын. "Жылқыда да жылқы бар қазанаты бір бөлек, жігітте де жігіт бар азаматы бір бөлек" деген бабалар сөзі дәл осы нағашымдай болып кеткен жездеме арналғандай. Сонымен бірге бұл ағамның ақылы мен білімі, біліктілігі өзін өзгеше етіп нұрландырып, тұлғалық қарым-қабілетін көрсететініне талай куә болдым. 1959 жылы балық шаруашылығы техникумын бітірген сон, Арал ауданына қарасты "Бірлестік" қазіргі Жамбыл балық колхозына жұмысқа қабылданады. Одан кейін 1961 жылы В.И. Ленин колхозына, колхоз төрағасының орынбасары, Аваннан Ақбастыға көшкеннен кейін партком, инженер, зауыт директоры болып қызмет атқарады.
1977 жылы Арал қаласына қоныс аударады. Ағытай Есенов "Аралрыбпром" өндірістік бірлестігінің еңбекті ғылыми негізде ұйымдастыру лабораториясының бастығы, ыстау цехы, өндіріс бөлімдерінің басшысы болып қызмет атқарып жүрген кездері аудандық партия комитетінің мәжіліс залында талай мәрте балық аулаудың оны өңдеудің жолдарын ғылыммен ұштастырып, ғылыми тұрғыда дәлелдеп іскер басшы екенін мойындатқан тұлға. Іргелі істерімен аталмыш шаруашылықты өркендетуге сүбелі үлесін қосқан жан. Ауданның түрлі қоғамдық жұмыстарына белсене араласты. Әрі ұзақ жыл бастауыш партия комитетінің хатшысы болып ойының ұшқырлығын, тілінің жүйріктігін көрсетіп, ауданның балық шаруашылығы саласын өркендетуе аянбай еңбек етті. Оның іскерлігі үнемі биік мінбеден өткір шындықты айта білуімен, оны орындата алуымен бағаланды. Қолына алған қай істі де тындырмай қоймайтын. Ата кәсіп балықшылар жайлы көңіліндегі көрікті ойды көңілге қонымды етіп жеткізе алатын еңбекқор жан болатын. Жездемді үлгі тұтамын, себебі ісі де сөзі де үйлескен, қай жұмысқа да талғаммен қарайтын. Екінің бірінің қолынан келмейтін істі бір өзі тындыратын. Жас болса да күллі балықшылар қауымының атасы іспетті еді. Қалай десек те, нағашымның өзі болмаса да көзі Ағытай ағам – бақытты адам. Оның бейнесі тұғыры биік тұлға болып жүрегімде қалды.
Иә, жездем өмірден өте жас кетті. Алайда, бар саналы ғұмырын ел игілігіне, туған жерінің көркеюіне арнады. Нағашымның жылы сөзі мен парасатты болмысы ағайын туыстарының жадында мәңгі сақталады. Сонау 1985 жылы осы жолдардың авторы мені аудандық партия комитеті аудандық комсомол комитетінің үшінші хатшысы қызметіне тағайындады. Осы жездемді аудан жастарыны үлгі қылып жастардың ортасына апарып, елге сіңірген еңбегін паш етемін деп жобалап жүргенімде ағам өмірден өтіп кетті. Жездем өмірден өтсе де артында қалдырған жақсы ісімен өнегесі ел есінде қалды. Өмір деген қуаныш пен өкініштен тұрады ғой. Өмір, өмір өтеді екен жәй ғана... Артына өшпес мұра, із қалдырған Ағытай жездем өз заманының озық ойлы азаматы еді. Саналы ғұмырын қара басының пайдасы үшін емес халықтың мүддесі үшін қызмет еткен жан екенін айтуымыз керек.
Қалаға жұмысқа келдім, апамды іздеп жиі-жиі үйіне барып тұратын едім. Дәния апам қонақжай, қолы ашық, ақылды да беделді өте парасатты жан. Ол кісі өте қонақжай еді. Содан да болар, "қырықтың бірі Қыдыр" дегендей, бұл шаңыраққа Қыдыр дарып, бақ қонған ғой. Иә, бұл жалғанда анадан артық жақының бар ма? Қазақ данышпан, текті халық қой. "Әкең хан болса да, тәрбиені балаға тезек теріп жүрген ана береді" деген тәмсіл бар. Бүгінгі таңда Дания апам 90 жасты алқымдап қалды. Түн ұйқысын төрт бөліп, бар баласына мейірім шуағын төгетін аналар еңбегі өлшеусіз ғой. Түздегі отағасының бар жағдайын жасап, отбасындағы тәрбиеге мән беріп, шаршауды білмейтін ана ғой. Апамның бар балалары ұлттық тәлім-тәрбие алып, еліне адал қызмет жасап жүр. Қазақта "тұңғышы тұрғанның туы биік тұрады" деген қанатты сөз бар. Бұл тұңғыш перзент – отбасының тірегі деген мағынаны білдіреді. 1959 жылдың 8 қазанында Өмірзаққызы Дәниямен бас қосты. 1961 жылдың 21 ақпанында тұңғыш перзенті Мырзакелді дүниеге келді. Иә, нағашымның ұлы бар есімін ғасырлар бойы атын жаңғыртып тұрар. Адам баласының естелікпен өмір сүретінін ескерсек, мұндай шуақты кезеңдер жадыңда мәңгілікке жатталып қалады екен. 1983 жылы 5 қарашада Мырзакелді қолына Аманкүлдей ақ құсын қондырды. Ол кезде бүгінгідей мейрамхана, кафе деген жоқ. Той-томалақ әр отбасының қара шаңырағында өтетін. Тұңғышы келін әкеле жатқанда жездемнің қуанышында шек болмады. Нағашымның сол сәттегі қуанышын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Білекті сыбанып той жасайтындай ат шаптырым сарай салды, ағам қуанып жүр. Сарайды лезде тұрғызған іскерлігіне тәнті болдым. Қазақы салт-дәстүрмен құда түсіп, үкісін қадап, енін тағып ұзатып алдық. Жаңа оқу бітіріп кеген жас маман мен де осы қуанышты сәттің куәсі болдым. Өмір болған соң қуаныш пен реніштің де қатар жүретіні заңдылық қой. Қазақы жоралғымен Аманкүл келінімізді, бар құда-жекжатты көлікке мінгізіп жатты. Бір кезде осы тойды басқарып жүрген Әбілтай аға "сен сыймайсың "деп мені тастады да кетті. Көліктер жүйткіп бірінен соң бірі кетіп жатыр. Мен ызаланып, сыймай қалғаныма намыстанып ал кеп жыла. Жылағанда жәй жыламаймын, бар дауысыммен Кировтен Приморск көшесіне қарай жылап келемін, жүгіріп, жылап келемін. Қазіргі атауы – Ұлдай Есмамбетова, Омар Әбдуәлиев көшелері. Үйге жеттім. Келін жөніне қалды. Бәрі мені жұбатумен әлек. Алмажан, Лиман әжелерім қорқып кетті білем. Сол сәтте жездем әрі нағашым Ағытай аға жылы сөзімен жұбатып жатыр. Ел басқарған, ұлықтауға лайықты тұлғаның жылы сөзі маңдайымнан сипап, бойындағы бай мінезін, асыл қасиетін менің бойыма дарытқандай үлкен әсерге бөлендім. Бір ауыз сөз жігерімді құм қылса, бір ауыз сөз төбемді көкке жеткізді. Қанша жыл өтсе де сол оқиға үшін Әбілтай ағам кешірім сұрады. Ағаның тектілігі ғой "менен қандай көмек керек деп" қамқорлығын да жеткізді. Жұбайым Қуандықтың да әкесінің аты болатын. Тонның ішкі бауындай жолдасым да Әбілқайыр ағамен әкелі-баладай аралас-құралас болып кетті. "Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер" деп әсте тегін айтылмаған ғой. Ата аналары бастаған игі істі ары қарай жалғастырып Мырзакелді үй салды. Ағытай атасынан небәрі екі жасында қалған тұңғыш немересі Мұса 2017 жылы 14 сәуірде Ақгүлдей ақ келін түсірді. Мырзакелді мен Аманкүл ұрпақтар сабақтастығын жалғап, әкесі Ағытай салған сарайдың орнына зәулім үй тұрғызды. Алайда жездем бұл қызықты көре алмады. Ал Дәния апам Құдайға шүкір, Мырзакелді, Ырзакелді, Сағат, Минуттай төрт ұлымен Күләштай қызынан қаншама немере, шөбере, жиендерді сүйіп бақытты әже атанып отырған жәйі бар. Бұл шаңыраққа деген ықыласым ерекше. Әркез бақ қонған киелі шаңырақты нағашым Өмірзақ қолдап жүргендей күйге бөленемін.
Иә, "әкең өлсе де әкеңнің көзін көрген өлмесін деп" дәл айтылған ғой. Соғыс!... Соғыс!... жер жаһанды өртке шалып, тірі жанды күдер үздіретін алапат соғыс. Ол жас екен деп баланы аямайды, әйел екен деп ананы да аямайды. Талай боздақтың қаны төгілді, талай үміт, небір арман бірге үзілді. Жарды жесір, баланы жетім еткен соғыс. Ағытай жездемнің Құдай қосқан қосағы Дәния апамның әкесі сұм соғыстан қайтпай қалды. Тек апамның қолында жансыз бейнесі ғана қалды. Соғыста бірге түскен аудан басшысы Аманжолдың әкесі Сақып Оңғарбаев пен Өмірзақ нағашымның жансыз бейнесіне қарап егіліп те алады. Дания апамның анасы Лиман әже осы апа жездеммен бірге тұрды. Бар баланы алақанына салып баққан Лиман әжем ғой.
Атақты 16 Еңбек Ерінің бірі Дүзбай Есболовтың туған қарындасы болатын. Менің екі бірдей Дәуітұлдары Ізен, Рақметолла аталарым сұм соғыстан оралмады, ізсіз кетті. Қолыма қалам алып әлгі ізсіз кеткен екі атам мен нағашымды сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаев мырзаға жаздым. Өйткені орталық алаңдағы "Боздақтар" мемориалдық тақтасына есімдерін мәңгі халық жадында қалдыру мақсатында. Облыс әкімі жедел рұқсат беріп есімдерін жаздыруға келісімін берді. Сол сәттегі қызы Дәния апамның тоқтамай етегі жасқа толып, егіл-тегіл жылаған сәтінің куәсі болдым. Осы сәтті пайдаланып облыс әкімі болған бір туар тарихи тұлға Қырымбек Елеуұлына алғысым шексіз. Қара халықтың көз жасын көргені үшін ел ағаларына аналар дән риза. Өмірзақ нағашым Катюшаны меңгеріп сол қарумен фашистерге оқ жаудырған алғашқы қазақ екен. Қаншама қан төгілді, қандай азапты тыл майдангерлері де көрді. Мұндай алапат соғыс енді болмасын деңіз...
Иә, уақыт зымырап өтсе де, ұл-қыздарының, немере-жиендерінің әкеге, атаға, нағашысына деген сағынышы бәсеңдеген емес. Нағашым Өмірзақ та, оның орнын жоқтатпаған жездем Ағытай да көздері тірі болғанда 90 жасқа толар еді-ау. Аты аталған жандардың алды пейіш, арты кеніш болғай. Шаңырағын биік ұстап, бар балаға пана болған Мырзакелді мен Аманкүл барда, тау тұлғалы, қазыналы қариямыз, асыл анамыз Дәния апам отбасында өресі биік, өнегелі ұрпақты өсіріп жеткізді. Ұрпақ бойына ұлттық құндылықтарды сіңірді. Әр адамның өмірі жазылмаған тарих. Ағытай ағамның тірісінде бастаған іргелі жұмысын ұлдары мен қыздары жалғастырып келеді. Біздің парызымыз –тарихи тұлғаларды ұлықтау. Асыл да туған жүйріктің кім ілесер шаңына... демекші, қашанда жақсы адамдар жан-жағына күн сияқты шуағын шашып жүреді. Ағытай жездем де сондай жан. Нағашымның отбасы – бақыт мекені. Бақыт деген бақытты адамдардың ортасында өмір сүру ғой.
Бірлігі беріктің іргесі берік дегендей, асыл жандар Ағытай жездем мен Өмірзақ нағашымыздың өмірі – өнегелі өмірдің көркем үлгісі. Олардың өмірге деген қарапайым, бірақ мықты көзқарасы, ұрпақ тәрбиесіне мән беруі – кейінгі ұрпаққа үлгі болып қала береді.
Құндыз Дәуітова
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі









