Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнегелі өмір

Өнегелі өмір

«Әке - асқар тау, бала-бақша-бау» деген сөздің мағынасына есейе келе ой тоқтаттым. Әкем кітап жинағанды жаны сүйетін. Мамандығы математика пәні мұғалімі болса да, әдебиетті пән мұғалімдерінен артық білуші еді. Сыртынан қараған адамның көзі еріксіз түсетін, түр-сипаты келіскен, ой үстінде жүретін жан еді. Қанша қатал адам болғанымен, жүзіндегі бір жылылық ұшқыны жан баласын өзіне тартып тұратын. Өзге кісілер балаларына ойыншық әкеліп берсе, әкем әртүрлі баспадан шыққан мұқабасы көз тартарлық, қызықты жаңа кітаптарды сыйға тартып, өзі секілді әдебиет пен өнерді бағалайтын ұрпақ болып өскенімізді қалайтын. Егде жастағы қарттармен де, балалармен де тең дәрежеде сөйлесіп, орнықты ой иесі ретінде сұхбаттасатын. Ақыл-ойы әлі толыспаған, мектеп қабырғасында оқып жүрген менен зор үміт күтіп, әр айтқан сөзіме мән беріп, мұқият тыңдап пікір қосатын еді. Бір күні әдеттегіден қызу талқы кезінде ойымда жүрген сауалымды ортаға салдым.
– Көке, осы «әкенің жақсысы жездедей» деген мақал бар емес пе? Не үшін олай айтқан, сонда әкелердің махаббаты әлсіз бе? – деп әкеме сұраулы жүзбен қарадым. Көкем болса, аз-кем ойланып:
– Ол мақал көп қолданысқа түсіп, бастапқы нұсқасынан өзгеріп кеткен. Түпкі мағынасы – «жезденің жақсысы әкедей». Жақсы жездең болса, әкеңнің орнын баса алады. Ал, әке махаббатына келер болсақ, ол да – аналардың балаларын сүйгендей ұлы сезімі. Өз баласын жақсы көрмейтін, еміренбейтін адам кемде-кем. Тек олар сырттай білдірудің орнына, іштей өте қатты жақсы көріп, әр балапанын жүрегінде сақтайды. Рас, бүгінде балаларынан бас тартып жатқан ер адамдар көп, әйел адамдардың арасында да ондай қатыгез жандар кездеседі. Сонда баласына «жездедей» болу тек әкелерде ғана емес, тоңмойын, жылуы жоқ кез келген адамда болуы мүмкін, балапаным, –деп жауап берді сәл жымиып.
Балалық шағымның тәтті естелігі болып қалған екеуара бұл әңгіме бүгін әкем туралы қалам тербеуіме себепші болып отыр.
Бірде жазғы демалысымызға Көкарал бөгетінің ашылу салтанатына байланысты біздің ауылдың елу шақты баласын концерттік бағдарлама бойынша өнер көрсетуге алып барыпты. Теңіздің жағасында тігілген шатырдағы балаларын ойлаған анам әкемнен жылы киімдерін беріп жіберсе керек. Өзі директор болып қызмет атқаратын мектеп оқушыларының жағдайын білуге барған әкем балалардың «ағайлап» жүгіргенін көріп қуанып қайтыпты. Анам үйге келген көкемнің қолынан қыздарына беріп жіберген жылы киімдерін қайта алып келгенін көріп, ұмытып кеткен шығар деп ойлапты. Сөйтсе көкем:
«Балалардың барлығы «ағайлап» жүгіріп құшақтағанда өз балаларымды алалап киімдерін бергім келмеді, тоңып жатса көппен бірге көрер. Ол оқушылар да менің балаларым ғой» – деп жауап беріпті. Жұдырықтай ғана жүрегінен өзінің ғана емес, өзгелердің де балаларына орын берген әкем өзінің осы ізгі әрекеті арқылы көпшіл болуды санамызға мықтап шегелеген еді. Қазір өз балалары үшін басқалардың мақсат-мүдделерін белден басып, аттап өтетін небір ата-аналарды көргенде «өзге дегенде өгіздей күші бар» жанның баласы болғаным үшін бойымды бір ерекше мақтаныш кернейді.
«Арғымақ ат бәйгеге түскенде артқы аяғы алдыңғы аяғына қарағанда топырақты алысқа тастап шабады екен. Мен сол арғымақтың алдыңғы аяғы болсам, менің жеткен жетістігімнен артық озып, талай биікті бағындырар, әр қадамы нық азамат болыңдар. Адам шын қаласа, арман деген жеткізбес қамал емес. Мен үшін ең керемет, үлгі тұтқан адамым – өзім оқыған мектеп директоры болатын. Сол кісіге ұқсағым келіп талпындым, мақсатыма жеттім. Сендер одан да керемет, үлкен нәрсені армандаңдар» – деп зор үмітпен, махаббатқа толы көзімен бізге қарайтын.
Өнер десе ішкен асын жерге қоятын болған соң бізге де ән-күйдің құдіретін сезіндіруге жанын салатын. Екі көзіміз төрт боп күтетін демалыс күндердің бірінде таңның атысынан оятып алып, күн шыққан соң ұйықтаған адамның несібесі кем болатынын айтып, ескерту жасайтын. Көзін тырнап жаңа ашқан мені теледидардың алдына әкеп отырғызып қояды. Сондағысы, қазақ күйлерін оркестрмен орындап жатқан атақты күйшілердің концерті екен. «Қарашы, тамаша емес пе?» деп көкемнің өзі әр күйді тұшынып, рахаттана тыңдап отыратын. Ал мен болсам, ұйқыдан жаңа тұрған бетім күйге елтіп, маужырап, қайта-қайта көзімнің ілініп кетіп жатқанын көкеме көрсетпеуге тырысып, әйтеуір концерттің соңына дейін көріп аяқтайтынмын. Көкемдей толық түсініп тыңдай алмасам да, бүгінде әуезіне құлақ түріп, зор таңданыспен тамсана тыңдайтын дәрежедемін. Домбырамен аз-кем күй шертетін өнерім де бар.
Негізгі мектепті тәмәмдап, педколледжге, одан кейін Алматыдағы Қыздар педагогикалық университетіне оқуға түскенде де көкем қарапайым жай сөзбен емес, әдеттегідей тағылымы мол әңгімесімен өз өмірімнің жауапкершілігі өзіме артылғанын астарлы оймен жеткізген еді. Сондағы әңгімесі әлі есімде.
«Қыран бүркіт балапандарын баптап, бар сүйіспеншілігіне бөлеп өсіреді екен де, қанаттары қатайды-ау дегенде өздері мекендеген құздың ұшар басына шығып, итеріп жіберетін көрінеді. Өмір сүруге бейім, қанаттары қатайған балапандар ғана құлдилап құлап бара жатқан жерден қанаттарын қағып, аспанға өрлейді. Ал әлсіздері құздың түбіне құлап, қаза табады. Мен де сол қыран секілді сені құздан құлатып жатырмын, ары қарай ұшып шығу өз қолыңда, ботам. Әлсіз балапандардың қатарынан табылма ...» деп басымнан сипаған еді.
Көкемнің үлкен өмірге қадам басқанда берген ақылы қараңғылықтан алып шығар шамшырағы іспеттес өзімнен баз кешкен кейбір сәттерде тура жол көрсетіп, адастырмай арманға қарай жүруге негіз болды. Әкесінің махаббатқа толы алақанын сезінбеген жандар болса осы әңгіме арқылы жылылықты түйсініп, менің әкемнің ақыл-кеңесін өміріне жаратса деймін. Себебі, менің көкемнің жүрегі кез келген баланы өз баласындай көретін соншалықты кең еді...
Иә, менің әкем Жеңісхан Қарасайұлы Тәжімбетов осындай өнегелі жан болған еді.
Нұрбибі Жеңісханқызы Қарасай
Қызылорда қаласындағы «Зерде» интеллектуалды
мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
29 қаңтар 2024 ж. 259 0