Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бүгінгі кітаптың құны бар ма?

Бүгінгі кітаптың құны бар ма?

Бұрын үйдің үлкендері сөредегі ескі кітаптарды қолына алып, сағынышпен бір парақтап шығатын. Сонда ойлайтынмын «кітапты не үшін сағынады екен» деп. Сөйтсем, бұрындары кітап ең құнды сыйлықтардың қатарында болған екен. Иә, қандай да бір мереке күні жақыныңды қуанту үшін кітап сыйлаған. Сол кезде адамдар үшін кітаптің маңызы соншалықты зор болғаны ма? Ал қазір ше, жақыныңа кітап сыйласаң қандай күйде болады? Жалпы кітаптың адамдар үшін маңызы бар ма?
Кітап оқып, ой-өрісі дамыған бала кез-келген жағдайда саналы түрде ойлана алары сөзсіз. Өмірге деген көзқарасы өзгеріп, қатарынан алда жүретіні анық. Иә, заман – білімдінікі. Кітап оқып, білімге құштар болсаң, далада қалмасың белгілі. «Кітап – алтын қазына» демекші, кей елдерде танымал жазушылардың туындылары аукционға түсіп, өте қымбат бағаланады. Ал, бізде ше? Қымбат деген кітаптың өзі әрі кетсе 6000-7000 теңге ғана тұрады. Тіпті кей кітаптар 500-1000 теңгеге сатылымда жүр. Былай қарағанда біз үшін кітап жай ғана қағазға жазылған сөздер. Бірақ сол сөздерді оқып, мән-мағынасына үңілер болсақ, кітап бағасының өте арзан екендігін ұғынар едік. Иә, рухани байып, өзімізге көп нәрсе үйренетіміз анық.
Жақында 14 ақпан – Халықаралық кітап сыйлау күні болған болатын. Бұл мерекені шын қуанышпен тойлап жатқан адам көрмедім. Себебі көбісі орыстың ғашықтар күнін алға қойып, мәз-мейрам болып соны тойлатып жүрді. Қатарында шығармашылыққа жаны жақын, түрлі саланың қызметкерлері бар. Әрине, өкінішті. Мұның орнына адамдар бір-біріне кітап сыйлап, сыйластықтарын әрі қарай арттыра білгені жақсы еді. Иә, рухани тұрғыда кітап адам баласы үшін ең қымбат сыйлық. Таным көкжиегіңді кеңейтіп, рухани қазынаны сыйға алу үлкен мәртебе. Бір өкініштісі, бүгінгі технологияның ауысып, ойдың басқа арнаға бұрылуына әкеліп отыр. Кей адамдарға газет-журнал мен кітап оқимын десең, өзгеше көзқараспен қарап, өткен ғасырдың адамын көргендей болатыны тағы бар.
Заман өзгеріп, технология дамыған қазіргі уақытта ең құнды сыйлық смартфон мен қымбат дүниелер болып отырғаны жасырын емес. Бүгінгі адамдар рухани баюдың емес, заманауи болуды армандайды. «Тренд» пен «брендтің» ізінде жүріп, қанша уақыты зая кетіп жатқандарын да байқамайды. Таңның атысынан, кештің батысына дейін ұялы телефон ішінен пайдасы жоқ, ой-санасын артта қалдыратын дүниелер көріп жүргенін байқамайды. Жоқ, смартфонды толықтай жоққа шығаруға болмайды. Оның ішінен де өзіңізге қажетті, пайдалы заттарды алуға болады. Мәселен, тіл үйренемін деген жанға онлайн курстар таптырмас дүние. Сонымен бірге электронды кітап түрін алып оқуға болады. Алайда керегіне жаратып жүрген адамдар өте сирек. Қазір жақының қиындыққа тап болса, аяушылықпен қарамайды. Тіпті көшеде біреу құлап жатса да, көрмегендей өтіп кете бермесі бар ма?! Бұл дегеніміз психологиямыз өзгеріп, адамгершілік деген қасиетімізден алыстап бара жатырмыз деген сөз. Ал мектеп оқушылары ше? Түрлі атыс-шабыс ойындарды көріп алып, бірін-бірі аяусыз соққыға жығып жүр. Тіпті қанша жерінен пышақтап тастаса да оларға бәрі бір. Тек екі ортада баланың болашағы бұзылып, ата-анасы ғана қиналады. Мұндай жағдайлар күнделікті көгілдір жәшік ішінде көрсетіліп жатқан жаңалық. Сонда әрі қарай заман дами берсе не болады?! Адамдардың көзі соқыр, құлағы керең болып қалатын секілді. Жан-жағында болып жатқанынан бейхабар, тек өздері үшін ғана өмір сүріп, біреу тиіссе екі көзі көрмей, аяусыз ұратын жағдайға жететін секілдіміз.
Қазіргі дамыған заманда бала тәрбиесіне келгенде әрбір ата-ана өте сақ болуы қажет. Баланың іздегенін смартфоннан емес, кітаптан тауып бергеніміз жөн. «Заманынан қалып қояды», «ертең түк білмей қалады» деген қате ой. Себебі кітап оқып, көкжиегі кеңейген бала алға дамымаса, артта қалмасы анық. «Күш – білімде, білім – кітапта» дегендей, баланың күшін дұрыс жолмен дамытқанымыз жөн. Сол үшін балаға кітаптің құны мен маңызын ұғындыра білейік!
А. НҰРЛАНОВА
18 ақпан 2023 ж. 471 0