Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ұлағатты ұстаздар

Ұлағатты ұстаздар

Соғыстан кейінгі жылдары «Шөмішкөл» деген балық колхозының орталығында тұрдық. Ол кезде Әмірхан ағам Ресейдің Магнитогорск қаласында әскери борышын атқаруда болатын, ал жеңешем Жанша жергілікті мектепте орыс тілінен дәріс беретін.
Әмірхан ағамның әкесі Сыдық атам шамамен 1870 жылы дүниеге келген. Ол кісі туралы аз-кем жазба мәліметтер белгілі жазушы Зейнолла Шүкіровтің шығармаларында келтірілген. Ал көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, Сыдық атамыз өз дәулеті өзіне жететін, ауқатты, туған-туысқандарына, көрші-қолаңға, ауылдастарына қайырымы мол, ауыл-аймақ арасында аса беделді ақсақал атанған белгілі адам болған деседі. Шешемнің айтуынша, Қазан төңкерісінен кейінгі бір күні «ақтар», ал екінші күні «қызылдар» билеп тұрған аумалы-төкпелі аласапыран заманда атамның шамалы күн болыс па, ауылнай ма болған кезі бар көрінеді. Бірақ аз күн төраға болса да халықтың есінде қалса керек. Себебі бала кезімде үлкен қариялар жөн сұрасқанда, «Е, ауылнайдың немересі екенсің ғой, төрге шық»,– деп қалбалақтап қалатын.
Атам ұжымдастыру науқаны басталысымен, бүкіл өмір бойы жиған-терген бар қазынасын, мал-мүлкін сол кездегі жаңадан құрылып жатқан әртүрлі серіктестіктерге өз қолымен өткізген. Ол сол кездегі заман ағымының бағыт-бағдарын дұрыс бағалаған, аса көрегендігі арқасында, кейін басталған қуғын-сүргіннен өзін және отбасын аман-есен алып қалған екен.
Атам 1953 жылдың қысында 83 жасында дүние салды. Ертеңіне әкем қара қоспақты шанаға жегіп күрек, сүймендерін алып атамды ата-бабаларының жатқан жері Ақмола қорымына жерлеуге алып кетті.
Әмірхан ағамның анасы, әжеміз Күнжәмила шамамен 1900 жылы дүниеге келген. "Осы босағаға 15 жасымда келін болып түскенмін" деп айтып отыратын.  Әжем маған: "сені сәби кезіңде көпшілікке көрсетпей ауылдан сәл-пәл бөлектеу жерде атам екеуміз баққанбыз" деп еске алып отыратын. Өкінішке орай кейінірек Жаңақұрылыс ауылына көшіп келгеннен кейін әжемнің көзі ауырып, зағип болып қалды. 1976 жылы Аққұлақ ауылында дүниеден озып, өзінің құдай қосқан қосағы жерленген Ақмола қорымынан орын алды.
Әмірхан ағам 1928 жылы Ақирек өлкесінде дүниеге келген. Он жылдық мектепті Бөген елді мекенінде тәмамдап, кейіннен Орал педагогикалық институтын қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша сырттай оқып бітірген. Ағам еңбекке бала кезінен бастап араласқан. Мектепті бітіргеннен кейін-ақ, әскер қатарында азаматтық борышын атқарған үш жылдан басқа бүкіл өмірін халыққа білім беру саласына сарп еткен. Еңбек жолын Мәстат, Шөмішкөл ауылдарындағы мектептерде алдымен есепші, кейіннен мұғалім қызметінен бастаған. 1955 жылдан бастап Жаңақұрылыс, Көктем ауылдарындағы мектептерде оқу ісінің меңгерушісі болып жұмыс істеген. Еңбек жолының соңғы жиырма жылын Аққұлақ ауылындағы сегіз жылдық мектеп-интернаттың директоры қызметін атқарған. Сонымен халық ағарту ісіне араласқан жарты ғасырдай уақытта ағам мыңға жуық жас ұрпаққа тәлім-тәрбие, білім беріп, болашаққа жол ашқан. Бүкіл Арал, Қазалы аудандарында, қала берді облыс көлеміне белгілі, ерен еңбегі үшін медальдарымен, әртүрлі деңгейдегі мақтау қағаздарымен марапатталған ұлағатты ұстаз болды. Менің ойымша ағам тумысынан мұғалім болуға жаратылған. Мен Жаңақұрылыс ауылындағы мектепте оқығанымда ағамның қазақ тілі мен әдебиетінен берген дәрісін тыңдадым. Есімде қалғаны, ол кісі сабақ жүргізгенде сыныпта толық тыныштық орнап, тіпті шыбынның ызыңына дейін есітілетін. Айтылып жатқан тақырыптың мазмұнын қолдан қойғандай етіп зердемізге құйып тастайтын.
Мүмкін осы қасиеттерінің арқасында болар, ағам көптеген шәкіртінің ойында қалған. Өйткені кейінірек Алматыда қандайда бір жиын, той болмасын ағамның шәкірттері табылып, құшақтасып, амандасып жататыны есімде. Ағам сөз сөйлеудің нағыз майталман шебері болатын. Сөзді мүдірмей, нақышына келтіріп айтатын. Көп сөйлемейтін, аз сөзбен өз ойының мәні мен мағынасын толық жеткізетін.
Ағам мен жеңгем 1949 жылы отау құрған. Міне, осы жылдардан бастап Сыдық әулетінің ауыртпашылығы мен жауапкершілігі ағай мен жеңгейге түсті. Иә, сонан бері жетпіс жылдан артық уақыт өтті. Қилы-қилы заман болды. Кешегі соғыстан кейінгі жоқшылық жылдардан өткен халықтың хал-жағдайы енді-енді көтеріле бастағанда қайта құру қарекеті басталды. Оның үстіне Арал қасіреті қосылып халық есеңгіреп, қайда барарын білмей қалды. Міне, осындай қиыншылық замандарда ағайым Сыдықовтар әулетін «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» аман-есен алып шықты.
Мен ағаммен жетпіс жылдан астам бірге өмір сүрдім. Бала кезімде бір үйде тұрдық, бір төсекте жаттық, бір дастарқаннан тамақ іштік. Ағамның тәлім-тәрбиесін алдым, ақылын тыңдадым. Кейіннен өміріміз бөлек болса да, көңіліміз бірге болды. Ара қатынасымыз үзілмеді, арамыз ажырамады, жұбымыз жазылмады. Әрине жеке адамның өмірі шектеулі. Бірақ «Адам ұрпағымен, ұстаз шәкіртімен мың жасайды» деген сөз бар. Ағам көзі тірісінде іні-қарындастарына, балаларына, тіпті немерелерінің де көбіне өмірден өз жолдарын табуға араласып, көмектескені бәрімізге аян. Елу жылдан астам ұлағатты ұстаз болды. Ел ағасы атанды. Бұл өмірде «Жақсының аты, ғалымның хаты қалады» дейді. Олай болса, ағамның аты да ұрпақтары мен шәкірттері арқылы жылдардан-жылдарға өте береді деп ойлаймын. Ағам жүріс-тұрысы байсалды, сабырлы, бет-бейнесі мейірбан, ақылды адам болатын. Мені әдептілікке, адамгершілікке үйретіп, адал, өнегелі өмір сүруге баулыған бірден-бір ұстазым болды.
Ағамның жұбайы Жанша Абилдақызы Жапақова 1924 жылы дүниеге келген. Ата қоныстары қазіргі Ырғыз өңірі. Жеңешемнің атасы Жапақ шамамен 1865 жылы дүниеге келген, ауқатты, абыройлы, ел есінде аты қалған адамдарының бірі болған. Жапақ әулеті жаз бойы Жайсаңбай бойын жайласа, қыста Аймбет қыстауын мекендеген. 1929-1932 жылдардағы «Тоқа қырғыны» оқиғаларынан кейін бұл екі қоныстың аттары тарихта қалған. Жапақ ақсақалдың кесенесі әлі күнге дейін сақталып, көне мәдени мұраларының қатарынан орын алған көрінеді. Жеңешемнің әкесі Абилдадан  бес бала өмірге келген: Ибрагим, Қантай, Абылаш, Жанша және Жансалы.
1929-1932 жылдары Кеңес үкіметіне қарсы  «Қарақұм көтерілісі» деген атпен енген қазақ шаруаларының бас көтеруі орын алған. Осы көтерілістің бір орталығы Ырғыз маңында болған. Жеңешемнің әкесі Абилда да осы көтеріліске қатысып, өз белсенділігімен көзге түскен. Жазалаушылармен болған бір қақтығыста Абилда ағасы Ержан екеуі қолға түсіп, кейін ату жазасына кесілген. Сол кезде жеңешемнің үлкен ағасы Ыбраш 20-дан асқан жігіт, темір жолда қызмет істеп жүрсе керек. Әкесі ұсталғаннан кейін Жанша мен Жансалыны өз жанұясына алып тәрбиелеген. Ол өте сауатты адам болған, қазақтан алғашқы шыққан темір жол маманы. Жеңешем "осы жылдар менің ең бір бақытты балалық шақтарым еді" деп есіне алатын.
1937-1938 жылдары қазақтың көптеген зиялыларына «халық жауы» деген жала жабылып, ұсталып, атылғандары тарихтан белгілі. Сол кезде Ыбекең де ұсталып, Коми АССР-не 20 жылға айдалған. Ұсталар алдында жанұясын алдын ала ескертіп үлгірсе керек, шешесі екі қарындасымен Қазалы жаққа қашып, сол өңірді паналаған. Ал зайыбы балаларымен "жұбайым күнәсіз, қайтып келеді" деген оймен үйде қалған. Бірақ олар да көп ұзамай ұсталып, хабар-ошарсыз кеткен. Жеңешем "өмірімнің ең бір қиын шағы осы кезең болды, тіпті бірде әбден  қиналғанымда Сталиннің дәл өзіне хат та жазғанмын"деп айтып отыратын. Бірақ өзінің туа біткен еті тірілігінің, өткірлігінің, қажыр-қайратының арқасында қаншама қиыншылықтарға қарамастан мектеп бітірген және педагогикалық училищеде оқып, орыс тілінің мұғалімі деген мамандыққа қол жеткізген.
Ыбекең 1948 жылы түрмеден босап, Арал ауданына жер аударылған. Сол жерде екі қарындасымен табысып, осы өлкенің әр түрлі мектептерінде өзі де, жеңешем де мұғалім болып қызмет істеген. Осы кезде ағам мен жеңешем танысып, екеуі отау құрған. 1958 жылы Ыбекең біржолата ақталып, 1976 жылы дүниеден озды.
Жеңешем Шөмішкөл ауылында мектепте жоғарғы сыныптарға орыс тілінен сабақ берді. Беделі жоғары үздік мұғалімдер санатында болды. Ол кісі өзінің қайынаға, қайындарының, қайынсіңлілерінің, жалпы аталықтың, әулеттің үлкен кісілерінің есімдерін атап көрген кісі емес. Бәріне де әдемі, өздеріне келісіп тұратын ат қойып алуға өте шебер еді. Мені өмір бойы "Ақтөре" деуден бір жаңылған емес.
Жеңешем келгеннен кейін біздің үйде әртүрлі тосын өзгерістер бола бастады. Көрпе-жастықтар аппақ қардай маталардан тігілген тысқа қапталып, жаңадан шашақты дастарқан, кесе-шәйнектер, қасық-шанышқылар, біз көрмеген тігін машинасы, май айыратын машина және тағы басқа тұрмысқа қажетті құралдар пайда болды. Өзінің жағымды істерімен ауыл адамдарының аузына ілікті. "Осы ауылда үш әдепті, еңбекқор әйел болса, соның бірі Сыдық ақсақалдың келіні" деген үлкендердің сөзі есімде қалыпты.
Жеңешем алғыр, зерек болатын, жаңаша тәрбиеленсе де қазақтың ежелден келе жатқан қолөнерлері – өрмек тоқу мен киіз басуды үйреніп алды. Сол кісінің бетіне «қошқар мүйіз» өрнегін салып, өз қолымен басқан екі киізі әлі күнге дейін Түркиядағы қызым Райханның бір бөлмесінің төрінде жайылып жатыр. Көрген сайын жеңешем ойыма түсіп, көз алдым тұманданып кетеді. Үйге келген түрік ағайындар тап осындай өрнекті киіздерді бұдан мың жыл бұрын өмір сүрген Ертұғырыл батыр туралы киноэпопеяда көргендерін айтып таңдайларын қағатын.
Әмірхан ағам мен Жанша жеңешемнен төрт бала өрбіді. Сонымен қатар Бакытгүл екеуміздің тұңғыш перзентіміз 1968 жылы дүниеге келген Хамит және Қуантқан мен Бағдагүлдің үлкендері Ляззат та ежелгі қазақи әдет бойынша сол кісілердің қолында тәрбиеленді.
Ағам мен жеңешемнің ұрпақтарының да көбі ата-ана жолын қуып мұғалімдік мамандығын таңдады. Қыздары Әсемхан, Гүлшат, күйеу баласы Байғара, келіндері Бағдагүл, Майра, немерелері Айгерім және Ақтолқын – бәрі де халық ағарту саласының жоғарғы білімді, тәжірибелі мамандары. 
Жеңешем 2012 жылы Жамбыл облысының Б.Момышұлы ауылында қайтыс болып, сол жерге жерленді. Ағам 2016 жылы аталған ауылда дүниеден озып өзінің аманатына сай ата-бабаларының, әке-шешесінің және аға-жеңгесінің жатқан Аққұлақ ауылы маңындағы Ақмола қорымынан орын тапты. 
Сыдықовтар әулетінің қасиетті қара шаңырағының қазіргі иелері інім Әмірханұлы Сәбит пен Әбдрахманқызы Майра және олардың сүт кенжелері Ақылбек. Бұлар ата-баба, әке-шеше жолын нық ұстап, ұрпақ сабақтастығынан таймай келе жатқан азаматтар. 2020 жылдың мамыр айында Ақылбек шаңырақ көтеріп, перзентті  болды. Інім Сабит "нәрестенің есімін өзіңіз қойыныз" деп қолқа салды. Қазақ халқы ардақтайтын адамын «Абзал жан» деп атайды. Нәресте  білімді, білікті, мәртебелі және мейірбан жан болсын деген ырыммен азан шақырып, есімін Абзал қойдым.
Алуадин Сыдықов,
Измир, Түркия
Светлана Жапақова,
Астана қаласы
27 қыркүйек 2022 ж. 1 231 0