Білім жолын Аралдан бастаған академик
Қасиетті Арал топырағында тумаса да, өмірінің бір кезеңдері айдынды өңірде өткен белгілі тұлғалар жетерлік. Сондай тағдыр маңдайына жазылған, енді аралдықтар мақтаныш тұтуға лайықты дара бітімді тұлғалардың бірегейі – қазақ тіл білімінің корифейі, атағы алашқа мәлім ғалым, академик Рабиға Сыздық. Есімінің өзі кім-кімді де елең еткізетін ғұлама-ананың Арал жерінде бірнеше жыл болғаны туралы өзінің естеліктерінде, сұхбаттарында үнемі айтып, сол бір жылдарды қайта-қайта еске алып отырған.
Осыдан екі жыл бұрын әлеуметтік желіде белгілі қаламгер, қазір ел Президентінің кеңесшісі қызметін атқарып жүрген жерлесіміз Бауыржан Омарұлы академик апамыздың парасат пен ізгіліктің, сыр мен сымбаттылықтың үлгісіндей болған суретін жариялап: "Қазақ руханиятындағы әсемдіктің символы – Рабиға Сыздық апайымыз 95 жасқа толды! Әдемі ғұмырыңыз, әлеуетті ғылымыңыз арта берсін" деп сүйсіне жазды. Осы бір мерейлі датаға арналған ақжарма тілек бізді де бей-жай қалдырмады. Қағаздарымызды аударыстырып, ғалым апайдың теңіз жағасындағы Арал қаласында өткен балалық бір шақтары туралы жазғандарына тағы бір мәрте назар аудартты. Онда бір жыл бойы ауыз жаппай қатты ауырғанын есіне алады. Одан айығуына теңізді өңір себеп болғанын айтады. Ол кісінің отбасы Ақтөбе облысының Табын ауданында тұрған. Бір айтарлығы, ол жылдары Арал ауданы Ақтөбе облысына қараған. "Көпке дейін жөтеліп жүрдім. Әкеміз бен шешеміз айтады екен: "Бұл баламыз да бұл дүниелік емес-ау" деп. Өйткені менің алдымда екі қыз, бір ұлдары шетінеп кеткен. Бірақ бұл көкжөтел деген ауру бір жерден екінші жерге көшкенде қалады екен ғой. Бір жыл өткеннен кейін, 1933 жылға қараған аштық басталған жылы отбасымызбен қазіргі Арал қаласына жіберді. Сол жерде ала қыстай ауырып, бірақ жазылыппын. Аралда мектеп бар екен, едені кәдімгі тақтай, терезелері үлкен. Мен оқиын деген ниетпен оқыған жоқпын. Күндіз тамақ ішіп болған соң, ағамның қасында отырып алып, ол не, бұл не деп үйрендім. Ауырған баланың ойында жұмысы болмайды. Бір нәрсеге қадалып қалса, соны ермек қылады. Маған сол ағамның оқығаны ермек болды. Ағамның мектептен келгенін сарғайып күтіп отыратынмын. Ағам 3-класта оқитын. Сонда алғашқы ұстазым ағам болды. Мені мектепке тіркеп қойғаннан кейін 2-3 айда, сірә, мектеп жіберген болар, бір ұзын бойлы, қараторы ер адам келіп тұратын. "Мынау қандай әріп, мынау қалай оқылады?" деп сұрайтын. Бірақ алғаш мектеп, парта, тақта, мұғалім дегенді көргенім 2-класта.
Мұғаліміміз бір семізше келген, бойы аласалау, татардың әйелі болды. Қап-қара киінетін. Басында қара орамал, аяғында қара бәтеңке, үстіндегі бешпеті де, көйлегі де қара. Аз сөйлейтін, тіпті сөйлемейтін десем де болады. Оқулықтағы барлық өлеңді оқытып, жаттататын, тақтаға есеп шығаратын. Осы күні ойлаймын, сол мұғалім не тіл білмеді, не оқытушылық тәжірибесі жоқ. Бізге ұрыспайтын, оны анамыз сияқты жақсы көретінбіз. Шашымыздан сипап, мақтап жүретін. Екі нәрседен пайдасы тиді. Жаттатып үйретті. Қазірде мен бір оқыған өлеңім есімде қалып қояды.
Сөйтіп 2-класта есеп шығаратын болдым. Есепті сол қолыммен, әріптерді оң қолыммен жазамын. Математикадан жақсы болдым. Бір ғажабы, сол кезде ең күшті мұғалім математика мен қазақ тілінен беретін ер мұғалімдер еді. Ер мұғалімдер болғанның пайдасы қатты тиді.
Міне, осылайша ғалым апамыз Рабиға Сыздық Арал қаласында алғаш сауат ашып, мектеп табалдырығын аттағанын, алғашқы ұстаздарын еске алады. Қалай дегенмен де қазақ тіл білімінің абыз-анасы атанған тұлғаның білім шыңына, ілім шыңына беттеген алғашқы қадамы Арал жерінде басталғанын көріп отырмыз. Қаламгер Бауыржан Омарұлының және оған үн қосқан, сұрау салған біздің әлеуметтік желідегі жазбамызға жауап та табылды. Өйткені ғалым апа қай мектепте оқыды деген сауал көкейге тіреліп тұрған, қатты қызықтырған. Ұзамай бұл сауалдың жауабы да табылды. ауданымызға белгілі дәрігер-хирург, көкірек көзі ояу, зиялы азамат Әмірхан Жүсіпов көрнекті ғалым апаймен кездескенін, онымен сұхбаттасқанын еске алып, сол әңгіме үстінде Рабиға Сәтіғалиқызының сол жылдары Аралға көшіп келген соң, қазіргі №13 Т.Шевченко атындағы мектепте оқығанын еске алғандығын айтады. Мұның өзі туған жеріміздегі білімнің бір қара шаңырағының тарихына жазып қоятындай бағалы мәліметтер екені сөзсіз.
Болашақ ғалымның үлкен жолының осында басталып, қазақ ғылымының биігіне көтерілгенін ауыз толтыра айтып жүрсек, кейінгіг үлгі қылсақ, кәнекей. Оның ғылымдағы белестерін айта кетейін.
Рабиға Сыздық 1924 жылы 17 тамызда Ақтөбе облысының Ойыл қалашығында дүниеге келген. Мектептен соң Ақтөбе мұғалімдер институтын, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын және аспирантурасын бітірген. Әуелі көркем әдебиет баспасында жұмыс істеп, 1957-1961 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл білімі институтында кіші ғылыми қызметкер болады. Ол туралы классик жазушы Мұхтар Әуезов: "Ол бір өте ақылды, мәдениетті жас" деген екен. Ұлы Мұхан одан үлкен үміт күткен секілді. Ол үмітті Рабиға Сыздық толығымен ақтады. Қазақ тіл ғылымында сөз тарихына, сөз әсемдігіне, сөз сазына, әуеніне, қолданылу мәдениетіне терең бойлап, білгірлікпен талдау жасаған белгілі тілші-ғалым атанды.
Р.Сыздық – 27 кітаптың, 400-ден астам мақаланың авторы. Ғалымның ғылыми жетекшілігімен 9 докторлық, 19 кандидаттық диссертация қорғалды. Ол – филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, ұлағатты ұстаз.
Бүкіл алты Алаштың мақтанышы болған, рухын оятып, намысын қоздырған, тіл білімінің шамшырағын барша жерлестеріміз біліп жүрсе деген ниетімізді жеткізіп отырмыз. Өнегелі ғұмыр иесінің Арал топырағында ізінің барлығы бізді қуантқаны шындық. "Жақсы ортақ" дегендей, осындай жайсаңдарды ардақтап жүрейік.
Ерғали АБДУЛЛА