Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қазақ тіл білімінің алып тұлғасы, академик Әбдуәли Қайдар өмірден өтті

Қазақ тіл білімінің алып тұлғасы, академик Әбдуәли Қайдар өмірден өтті

«Бүгін таңғы сағат төртте Ұлттық ғылым Академиясының академигі, қазақ тіл білімінің Алатаудай алып тұлғасы, латын әліпбиіне көшу туралы ең алғаш ұсыныс жасаған көрнекті ғалым, Екінші жаһан соғысының ардагері Әбдуали Туғанбайұлы Қайдар 95-ке қараған жасында пәни дүниеден бақи дүниеге озды.Әбекең ұлтына қызмет етудің өнегесін көрсеткен ілкі буынның өкілі еді. Ол соңғы деміне дейін қазақ халқына қызмет етті». Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі Марат Байділдәұлының Facebook-тегі парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдар - қазақ тіл білімінің көрнекті маманы, белгілі түркітанушы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі (1983), Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1982), Шоқан Уәлиханов атындағы І дәрежелі сыйлықтың иегері (1971), Түркияның «Dil Kurumu» лингвистикалық қоғамының құрметті (академик) мүшесі (1989), Башқұртстан Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі (1991), Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрметті президенті (2004), ҚР БжҒМ А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Этнолингвистика бөлімінің бас ғылыми қызметкері, Ұлы Отан соғысының ардагері, филология ғылымдарының докторы, профессор. Ол саналы ғұмырының жарты ғасырынан астам уақытын тіл білімі саласына арнап келеді.
Әбдуәли Қайдар 1924 жылы 13 желтоқсанда Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Талдыбұлақ ауылында қызметкер отбасында дүниеге келген. 1942 жылдың мамырында қазақ орта мектебінің 9 сыныбын және он айлық педагогика курсын аяқтасымен, өз еркімен сұранып майданға аттанады. Майдандағы жауынгерлік ерлігі үшін Ә.Қайдар ІІІ дәрежелі «Даңқ» (1944), І дәрежелі және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» (1944), екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» (1945) ордендерімен және «1941-1945 жылдардағы ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Москваны қорғағаны үшін» т.б. медальдармен марапатталады.
Соғыстан кейін Қазақ мемлекеттік университетін үздік бітірген Ә.Қайдар, 1951 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының аспирантурасына қабылданып, оны 1954 жылы «ұйғыр тілі» мамандығы бойынша бітіреді. Міне, осылай басталған аспиранттан академикке дейінгі, кіші ғылыми қызметкерден (1954) академиялық ғылыми-зерттеу институтының директорлығына (1978) дейінгі ғалымның ғылымдағы ғұмыры ҚР Ұлттық ғылым академиясының (қазіргі ҚР Білім және ғылым министрлігінің құзырындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының) қара шаңырағында өтуде. Ғалымның жалпы түркітану ғылымына, соның ішінде, әсіресе қазақ тіл білімі мен ұйғыртану саласына қосқан нақтылы үлесі мен сіңірген еңбегі оның жариялаған 500-ге жуық ірілі-кішілі (жалпы көлемі 1000 б.т. астам) зерттеулерден, оларда көтерілген сан алуан (50-ден астам) лингвистикалық проблемалардың теориялық өзектілігі мен практикалық қажеттілігінен де, тақырыбынан да айқын көрінеді. Солардың ішінде жеке кітап түрінде жарық көрген монография, жинақ, сөздік, мектеп пен жоғары оқу орындарына арналған оқулықтары мен кітапшаларының жалпы саны – 52. Ә.Қайдар – лексикография саласында өнімді еңбек етіп келе жатқан ғалым. Бұл салада оның: «Уйгурско-русский словарь» (1961), «Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі» (авторлардың бірі) (1966), «Қазақша-орысша бір буынды түбірлер сөздігі» (1986), «Тысяча метких и образных выражений: казахско-русский фразеологический словарь с этнолингвистическими пояснениями» (2003), «Халық даналығы (қазақ мақал-мәтелдерінің түсіндірме сөздігі және зерттеу)» (2004) және «Қазақтар ана тілі әлемінде 1-том. Адам» атты этнолингвистикалық сөздігі және т.б. еңбектерін атап айтуға болады.
Академик Ә.Қайдар – қазақ этнолингвистикасының негізін салушы ғалым. Этностың инсандық болмысы мен дүнияуи табиғатын, оның даму заңдылықтарын тіл феномені арқылы танып-білудің ғажайып мүмкіншіліктері, яғни «этностаным» мен «тілтаным» арасынан туындаған лингвистиканың жаңа да дербес саласының бағыт-бағдарын, мақсат-мүддесін айқындау, ғылыми тұжырымдамасын негіздеу – ғалымның осы саладағы соңғы кездегі зерттеулерінің негізгі арқауы.
Ғалымның қазақ этносы туралы зиялы қауымның сауалына және көпшіліктің ой-пайымдарына жауап ретінде ұлттың менталдық ерекшелігін көрсететін «Қазақ қандай халық?» (2008) атты көлемді еңбегі жарық көрді. Этностың болмысына қатысты мыңдаған, тіпті миллиондаған мағыналық бірліктердің жиынтығы мен синтезін таныту мақсатында «Қазақтар ана тілі әлемінде: «Адам» (1 т.), «Қоғам» (2 т.), «Табиғат» (3 т.) атты 3 томдық этнолингвистикалық сөздік баспаға дайындалып, оның бірінші томы жарыққа шықты. Бұл еңбектер келешек ұрпаққа ұлттық қасиеттерімізді басқа бұлақтардан емес, тек тіл бастауынан ғана сусындап білуге көмектесері сөзсіз.
Ғалымның есімі ғылымдағы үздік өнегесімен ғана белгілі емес, сонымен қатар, еліміздің рухани-мәдени, саяси-әлеуметтік, қоғамдық өміріне де белсене араласып, бұл салада да азаматтықтың жоғары деңгейінен көрініп келеді. Оны біз ғалымның 50 жыл бойы атқарып келген, әлі де жалғастырып отырған еңбек жолынан айқын көреміз. Солардың кейбіреулерін, яғни ғалымның міндетті қызметтерінен басқа атқарған қоғамдық тапсырмаларының біразы мынадай: 1) тіл білімі бойынша кандидаттық және докторлық диссертация қорғау кеңесінің төрағасы (23 жыл); 2) ҚР Ғылым академиясының «Хабарлары» атты ғылыми журналдың бас редакторы (8 жыл); сондай-ақ Бүкілодақтық «Советская тюркология» журналының, «Білім және еңбек», «Парасат» журналдарының редакция алқасының мүшесі; 3) кезіндегі «Достық қоғамдары» мен ҚР Халықтар Ассамблеясының мүшесі (20 жылдан астам); 4) Мемлекеттік терминологиялық комиссия төрағасының орынбасары әрі мүшесі (25 жылдан астам); 5) Мемлекеттік ономастикалық комиссия төрағасының орынбасары (12 жыл); 6) СССР Министрлер Советі жанындағы СССР-дің Ғылым мен техника саласындағы Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі Комитетінің мүшесі (2 жыл); 7) Ел президентігіне 8 үміткердің ішінде бірінші елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтан қазақ тілі бойынша мемлекеттік емтихан алған комиссияның басшысы болды; 8) Қазақ ССР Министрлер Советі жанындағы Қазақ ССР-інің ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі Комитеттің мүшесі; 9) СССР Жоғары аттестациялық комиссияның мүшесі, ҚР ЖАК-ның Төралқа мүшесі (3 жыл); 10) ҚР «Тіл туралы заңның» жаңа жобасын жасаушы Комиссияның мүшесі; 11) ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңестің мүшесі; 12) Академик Ә.Қайдардың редакторлығымен 76 еңбек (монография, жинақ, сөздік), соның ішінде 2 энциклопедия («Қазақ тілі» энциклопедиясы мен «Жетісу» энциклопедиясы) жарық көрді; 13) Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті (1989 ж. бері) және т.б. қоғамдық қызметтерді атқарып келеді.
Академик Ә.Қайдар – тіл білімі бойынша ғылыми кадрлар дайындауға да ерекше көңіл бөліп келе жатқан ғалым. Оның ғылыми жетекшілігімен филология ғылымдары бойынша диссертация қорғаған 17 ғылым докторы мен 75 ғылым кандидаты Қазақстанның түкпір-түкпірінде, сондай-ақ елімізден тыс мемлекеттерде (Мәскеуде, Уфада, Абаканда, Нүкісте, Ташкентте, Нальчикте, Кемеровте, Бішкекте, МХР-да, ҚХР-да т.б.) жемісті еңбек етіп жүр. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Ә.Т.Қайдардың ғылыми-педагогтік қызметі, ғылымды дамытудағы, ғылым кадрларын даярлаудағы еңбектері үкімет тарапынан жоғары бағаланып, «Халықтар достығы» ордені, «Отан» ордені, «Құрмет нышаны» (Түркия ордені) және 12 медаль, көптеген құрмет грамоталарымен марапатталды.
Qamshy.kz ақпарат агенттігінің ұжымы академик Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдардың отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.
www.qamshy.kz
27 ақпан 2019 ж. 1 378 0