Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» »  Заманға сай нұсқа

 Заманға сай нұсқа

 Елбасының бастамасымен қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің негізінде терең тарихи логика және еліміздің дамуының қазіргі кезеңінің, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылым-білім беру процесі үшін маңызы зор әлемдегі технологиялық орта мен коммуникация ерекшеліктері де жатыр.
         Сонымен қатар, латын графикасына көшудің таза лингвистикалық сипаттағы бірқатар себептері де бар. Латын қарпіне көшу қазақ тілін дамытуға жаңа серпін береді. Өйткені, бұл процесс тілдің грамматикалық, әсіресе, фонетикалық жүйесін үйлестіруге жәрдемдеседі.
         Президенттің «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлығына өзгерістер енгізіп, заман талабына сай нұсқаны бекітуі – осы кезге дейін жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесі. Арнайы құрылған ұлттық комиссия аясында ғалымдар мен мамандардан құрылған бірнеше топтың да еңбектері ерен.
         Латын графикасының жаңа нұсқасына байланысты Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев комиссия құрамында техникалық топты басқарғандығын айта келе «Біз латын әліпбиінің апострофпен енгізу мәселесін зерделедік. Сол проблеманы көтердік. Елбасы мамандардың айтқанын тыңдап, жаңа нұсқаны қабылдады. Бұл өте дұрыс шешім болды» деп өз пікірін білдірді.
         Әрине, латын графикасында апострофты қолданудың қиыншылықтары да бар. Өйткені, апостроф арнайы белгі ретінде келеді. Оны қолданғанда таңбалардың арасы ашылып кетеді. Президент халықтың бұл пікірін де ескерген. Соңғы нұсқада лингвист ғалымдардың пікірлері ғана емес, ІТ мамандарының да пікірлері ескерілген.   
         Өзім қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі болғандықтан, қазірдің өзінде латын қарпімен жазуға төселуді оқушыларыма үйретудемін. Ертең-ақ алдарынан шығады. Бірден игеріп кету де оңай емес. Дегенмен, қазіргі балалар компьютердің тілін білетіндіктен қызығушылықтары басым. Оның өзі мені қуантады. Сондықтан, соңғы нұсқаның орынды екенін оқырмандарға да білдіргім келеді.
Ақлима Іскендірова,
№83 орта мектептің мұғалімі
20 ақпан 2018 ж. 2 133 0