Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері

Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері

А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты мен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссиямен бірлесіп қазақ тілінің жаңа емлесін дайындады.
Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері – латын графмкасындағы қазақ әліпбиі бойынша дұрыс жазуды көрсететін құқықтық күші бар құжат. Сонымен қатар, латыннегізді жаңа әліпби бойынша қазақ тілінің орфографиялық нормаларын тұрақтандыратын, дұрыс жазу мәдениетін қалыптастыратын басты нормативті қағидалар болып саналады. Ережеде алдымен ұлттық тілдің жазу-сызуымен бацланысты: тілдің жалғамалылығы, тілдің ықшамдалуы, тіл дыбыстарының үндестігі, дауыссыздардың бір-бірімен үйлесімділігі және тағы басқа негізгі задылықтары мен ерекшеліктері ескерілді.
Ереженің негізгі ұстанымы үшін фонематикалық принцип заңдылықтары мен ерекшеліктері ескерілді. Ереженің негізгі ұстанымы үшін фонематикалық принцип басшылыққа алынды. Сонымен қатар қазақ әдеби тілінің лексикалық құрамындағы көне және кірме тілдік қабаттардың кейбір түрлерінің емлесіне қатысты дәстүрлі және фонетикалық, ал төл сөздердің күрделі түрлері үшін морфологиялық принцип те қолданылады.
Ереже түзуде ұлттық тілдің ерекшеліктері мен маңыздылықтарына сәйкес болуы, дәстүрге айналған базалық нормалардың сақталуы, техникалық жақтан қолдануға оңтайлы, жинақы болуы, қазақ тілінің дыбыстық қор әлеуетініңкеңірек қамтылуы, жаһандану үрдісінде жазу-сызудың ұлттық сипатының сақталуы ерекше назарға алынды. Сонымен бірге бұған дейінгі жазу тәжірибесі, тұрақталған нормалары, латыннегізді әліпбиді қолданған және қолдана бастаған түркітектес халықтардың емле тәжірибелері ескерілді.
Аталмыш Ереженің бастапқы нұсқасын түзу жұмысы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтында атқарылды.
Институт әзірлеген Ереже жобасы Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық және Әдістемелік жұмыс топтарының бірлескен ғылыми-практикалық семинар-кеңестерінде бірнеше мәрте қаралып, талқылаудан өткізілді. Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы еліміздің бірқатар өңірлерінде ересектер, оқушылар, сондай-ақ оқытушы-филологтар арасында сынама-сауалнама арқылы тексеруден, республикадағы ЖОО-ның оқытушылары мен тілтанушы мамандарының тәуелсіз сараптамасынан өткізіп, Ережеге соңғы редакциялау жұмыстарын жасап, көпшілік назарына ұсынып отыр.
Қазақ емлесіндегі тың өзгерістер, жаңа қағидалар және олардың ғылыми негіздемесі ортологиялық құралдарда жан-жақты қамтылады. Ереже латын графикасы негізіндегі жаңа ұлттық қазақ әліпбиі бойынша Орфографиялық, Орфоэпиялық, Шеттілдік сөздер сөздіктері, Емлесі қиын сөздер сөздігі, Анықтағыштар мен Нұсқаулықтар, басқа да әдістемелік құралдар түзу мен жасауда, мамандар даярлауда ғылыми-нормативтік тірек ретінде алынатын басты құжат болып саналады.
05 ақпан 2019 ж. 2 770 0