Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» »  Тілге шақ, артығы жоқ әліпби

 Тілге шақ, артығы жоқ әліпби

                                 
   Президенттің «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» 2017 жылғы 26 қазандағы Жарлығына өзгеріс енгізу туралы үстіміздегі жылдың 20 ақпанында жарияланған Жарлығы бойынша әліпбиіміз жаңа редакцияда жазылатын болып шешілді. Бұл тарихи, әрі маңызды қадам. Бұған дейінгі екі нұсқаның да кең түрде халықтың талқылауынан өткені белгілі. Ал, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты, Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық орталығы қызметкерлерімен қоса, еліміздің барлық өңірлерінен жиналған филологтар мен лингвистерден арнайы құрылған Ұлттық комисия мұны жан-жақты талқылады. Қоғамдық пікірлер бойынша айқындалғандай, жаңа нұсқа қолдануға да, компьютер тіліне де ыңғайлы.
   Еліміз Түркия, Әзербайжан, Түрікменстан және Өзбекстаннан кейін, яғни бесінші болып латын графикасын қабылдады. Негізгі нұсқасында 26 әріптен тұратын латын алфавиті роман-герман, кельт, финн-угор, семит-иран, африкан, түркі тілдері топтарының көпшілігінде қолданылады. Латын әліпбиінің таңбалары бұл тілдерде де жетілдіру сатыларынан өтті. Яғни, әрбір тіл өз ұлтына тән табиғи заңдылықтарды беретін таңбаларды қалыптастыруға қатысты тәжірибелер жүргізген. Мысалы, латыш тілінде негізгі латын әліпбиіндегі 4 әріп (Q, W, X, Y) алынбаған. Оның орнына өздерінің спецификалық дыбыстарын белгілеу үшін 11 диакритикалық таңба қосылған. Сондай-ақ, түрік тілінде латын негізді таңбалардың таңдалуына, дыбыстар арасындағы үндестіктің сақталуына және емледегі түсінбестікті болдырмауға айрықша көңіл бөлінуі нәтижесінде түрік алфавиті бірнеше рет өзгертілген. Ал, Әзербайжан тілінің әліпбиі 32 әріптен тұрады. Ал, латын әліпбиіне негізделген қазақ алфавитінде Негізгі латын әріптерінен тек W әрпі ғана алынбаған, 7 графема қосылған.
    Әрине, әліпби ауыстыру оңай атқарылар шаруа емес. Тіл білімінің негізін қалаған ғалым А.Байтұрсынов кезінде «Жақсы әліпби тілге шақ болуы керек. Артық әріптері көп әліпби қолайсыз болады» деген болатын. Осы уақытқа дейін жаңа әліпбиімізге байланысты сан түрлі қоғамдық пікірлер айтылды. Түрлі ұсыныстар да болды. Елімізде әліпбидің жаңа нұсқасын дайындау барысында лингвист ғалымдардың ғана емес, IT мамандарының пікірлері де ескерілген. Сала мамандары апострофтар мәтін теруде және іздеу технологиясын пайдалануда қиындықтар туғызатындығын айтқан еді. Себебі, алдыңғы нұсқасында апостроф әріптен бөлек, жеке таңба ретінде жазылды. Ал, соңғы нұсқада апострофтар алынып, әріп үстіне қойылатын таңбадан тұратын акут пен екі диграф енді. Сондай-ақ, алғашқы нұсқада ноқаттың көбейіп кетіп, бір сөздің өзінде 7 ноқатқа дейін пайда болғаны белгілі. Осы және алдыңғы нұсқалардағы кейбір лингвистикалық, орфографиялық мәселелердің барлығы да жан-жақты зерделенген. Сонымен қатар, «Ц», «Я» әріптерінің қалай жазылатындығына орай орфографиялық ережелердің дайындалу үстінде екендігі де айтылды. 
   Ал, Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев жоспар бойынша, алдымен педагогтардың өзін дайындап, дайындық сыныбынан бастап енгізу үшін екі жыл қажет екендігіне тоқтала келе «Жан-жақты ақылдасып, қарастыра отырып, сосын графикаға апробация жасап, жаңа әліпбиді дайындаймыз. Одан кейін сараптамадан өткіземіз. Жаңа әліпбимен жазылатын оқулықтарға нақты қанша уақыт керектігін дәл қазір кесіп айту қиын» деп, ел болашағын айқындайтын маңызды мәселеге байыппен қараған жөн екендігін айтты.            
  Тәжірибесіз, елеп-екшеусіз ешнәрсе де болмайтындығын ескерсек, заман талабына сай шешімдердің шығарылып отыратындығы да заңдылық. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмыстар толастамақ емес. Алдағы уақытта Ш.Шаяхметов атындағы Республикалық тілдерді дамыту орталығы, тіл институттары мен Білім және ғылым министрлігі дыбыстарды толық зерттеп, қазақ тілінде жазудың ережелерін қабылдайтыны белгілі. Оған да біршама уақыт кететіндігі анық.
  Латын графикасына көшудің түркі әлемін жақындастыру жолындағы маңызы да орасан. Шет елдерде тұратын қазақтар өз қандастарымен ана тілінде сөйлескенде, латын қарпіне негізделген заманауи ақпараттық желілерді пайдалануды барған сайын арттырып отыр.  Ал, Президенттің латын әліпбиінің жаңа нұсқасын бекіткені әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен көрініс табуда. «Қазақстан Президенті Н.Назарбаев жаһандануға бет алған табиғи ресурстарға бай мемлекетті Орталық Азиядағы ғана емес, әлемдегі ең дамыған мемлекеттер қатарына қосу үшін жұмыс істеп жатыр. Бұл жолда қазақ әліпбиін латын графикасымен таңбалау да жаһандануға ұмтылудың нақты көрінісі екендігі анық. Сонымен қатар, латын әліпбиінің жаңа нұсқасына бүкіл әлем бойынша пайдаланылатын латын тілінде бар әріптер енгізілген. Сондықтан, жаңа нұсқа Батыс елдеріне де түсінікті болары сөзсіз» деп жазған «Hewsweek» басылымы.
   Бұл «Кеңесіп пішкен тонымыздың келте болмағандығын» білдіреді. Нәтижесінде, тілімізге шақ, артығы жоқ әліпби нұсқасын қабылдадық.
Лаура Әйтімова.
04 наурыз 2018 ж. 1 327 0