Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Баталы ер арымас...

Баталы ер арымас...

Дана халқымыздың тәлім-тәрбиесі, үлгі-өнегесі кейінгі ұрпаққа мақал-мәтелдермен, нақыл сөздермен жеткен ғой. Перзентті болса шілдехана жасап, баласы жүре бастағанда тұсаукесерін, сүндетке отырғызғанда,  жастар үй болғанда салт-дәстүріміздегі үлкендердің бата беріп, ақ тілектерін айтатыны тұнып тұрған тәрбие емес пе? Ал кейбір жастардың батаға мән бермейтіні, оны аттап өтетіні түбінде жақсылыққа апармайтынын кей мысалдарын өмірден кездестіріп жүрміз.
Онымен мешіт ауласында кездестім. Жасы жетпістер шамасындағы, жүрісі ширақ, мұртты адам амандасқаннан кейін:
– Қай жақтың баласы боласыңдар? – деді.
–  Аралданбыз.
–  Онда мен Қазалыданмын, ақұдайлар ауылынан болдық қой. Осында қоныстанғаныма жиырма жылдай болып қалды. Алғашында ауыл жақты аңсайтын едік, қазір үйрендік, – деді.
Аты Серік екен. Секеңнің мінезі ашық, адам жатырқамайтыны байқалады. Аузын ашса жүрегі көрінеді дейтіндер осындай жандар болса керек.
Қазақы қалыппен амандасудан кейін Серік өз жайын әңгімелеп кетті.  Бір отбасында екі бала, үш қыз өсіпті.
– Біздің бала кезіміз соғыстан кейінгі ел есін жаңа жинай бастаған кез еді. Әкеміз ауылда қарапайым жұмысшы, шешеміз үй тіршілігінен ауыспайтын. Ағам менен екі жас үлкен еді. Мектеп бітіргесін Алматыдағы институтқа оқуға түсті. Әке-шешеміз оны бала кезінде ауылдағы қатысып отыратын құрдасының қызына айттырып қойыпты.
Ағамның қалыңдығы үйімізге келіп тұрады, шешемнің үй тіршілігіне көмектеседі. Анамыздың оған деген көңілі ерекше еді, екеуі шүйіркелесе әңгімелеседі. Оның ағамның қалыңдығы екенін елдің бәрі біледі. Арамыз екі жас болғасын қайным деп менімен де әзілдесіп отырады.
Ағам институтты бітіріп, елге келді. Жұмысқа орналаспақ болды. Сол кезде құдамыздан хабар келді.
– Келінін алсын, баласы оқуын бітіргенше күттік, –  депті.
Үй ішімізбен отырғанда әкем құдадан келген хабарды айтты. Ағам бірден:
– Мен ол қызға үйленбеймін. Өзімнің уәделескен адамым бар, –  деді. Мұны естігенде әке-шешеміз не істерін білмей, самсоз отырып қалды. Сәлден кейін әкем:
– Саған қызын жасында айттырып қойған құдадан ұят болды-ау. Балам, батаны бұзамыз ба енді, –  деді.
– Құдалық, қалыңдық айттыру деген ескіліктің әдеттері. Айттым ғой өзім сүйген қызым бар, келін керек болса, қазір әкелемін, – деді.
Ағамның райынан қайтпайтынын білдім.
– Бұл болмайтын болды. Құдаларға не айтамыз, ұят болды-ау.
Әкемнің қараторы өңі бозарып кетті. Анам жылап жіберді.
– Қарағым-ау, сонда ата-ананың батасын бұзасың ба? – деді.
– Бата деген не? – ағам қолын бір сілтеді. Мұнысы «осымен әңгіме бітті» дегені еді.
Құдаларға хабар берілді. Ағамның қызын алмайтынын естігенде, олар да қатты ренжіген көрінеді. Ағам Жамбыл жақтың қызына үйленді. Тым жақсы қызмет істеді, бірақ әйелімен жараспай ажырасып кетті. Екінші рет үйленді, бірінші әйелінен жалғыз қыз қалған, қазір бізбен қатысып тұрады.
Шешем марқұм айтып отыратын: «Бұл бір өмір жолында қателескен бала болды. Бұрынғылар айтады екен бата бұзған оңбайды деп. Не қылса да өзіне-өзі қылды».
Жеңгеміз басқа жаққа тұрмысқа шықты, балалы-шағалы болды деп естиміз. Қай кезде де ата-ананың көңілін қалдырған  жанның оңғанын көргенім жоқ. Мұны әр жерден байқап жүрмін.
Серіктің айтқанынан ойымызға көп нәрсе түйдік. Ата-анасын ренжіткен адамның асыл дінімізде де болашағының жақсы болмайтыны айтылады. Қай кезде де ата-ана ризашылығына бөленіп, ақ батасын алып жүргенге не жетсін!
Өтебай СЕРӘЛІ
12 наурыз 2022 ж. 1 392 0